«Еңбек»-тің жайын көшіп қонған білмек...

«Еңбек» бағдарламасының қандай мақсатта жасалғанын жұрт жақсы біледі. Соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі халық саны артып, керісінше теріскейдегі ауыл-аймақтар бірінен соң бірі жабылды.
Жұмыс күші де солай: Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында артып, ал СҚО мен Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында жұмысқа жарамды азамат азайған. Міне, осындай қайшылықтардың салдарынан күнгейде жұмыс табу қиын. Ал теріскейдегі ауыл-аудандарда бос жұмыс орны көбейген.
Сондықтан осы түйткілдерді шешу үшін 2013 жылы Үкімет «Жұмыспен қамту 2020» Жол картасы бағдарламасын жасады. Осы бағдарлама негізінде халық тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы теріскейдегі ауыл-аудандарға еңбекке қабілетті жас отбасыларды көшіру жұмысы қолға алынды.
Аталмыш бағдарлама жұмыссыздықты жою және қалыпқа ретке келтіру үшін жасалғаны анық. Ең басты себеп – солтүстік өңірді қазақыландыру екенін ашып айтпасақ та түсінікті екені анық. Ресми деректерге жүгінсек, ішкі көш басталған 4-5 жылдың ішінде Қызылорда облысынан 600-ге жуық отбасы теріскейден тұрақ тауып үлгеріпті. Айталық, қасиетті Сыр бойынан Қостанайға – 173, Солтүстік Қазақстан облысына – 166, Шығыс Қазақстан облысына – 151, Павлодар облысына – 73 отбасы қоныс аударған. Биыл жыл басынан бері бұл сан артпаса кеміген жоқ. Сондықтан, «Еңбек» бағдарламасымен көшіп жатқан тұрғындар саны күн санап еселеніп жатыр деп ауыз толтырып айтуға болатын шығар.
Оңтүстік өңір бойынша тұрғындар саны ең көп аймақ – Түркістан облысы. Шымкенттің өзі миллион тұрғыны бар қала статусын алып қойды. Соның өзінде Түркістан облысындағы халық саны теріскейдегі төрт облыстың тұрғындарына шамалас. Бұл «Еңбек» бағдарламасының қажеттілігін анық көрсететін жағдай. Мәселен, соңғы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасымен Түркістан облысынан ШҚО, СҚО, Павлодар мен Қостанай облыстарына 3341 отбасы қоныс аударған, олардың отбасы мүшелерінің саны 13 463 адамды құрап отыр. Бұл былтырғы жылдың қорытынды есебі. Ал биыл бұл көрсеткіш еселенбесе, кемімейді. Өйткені, Ресей мен Украина қақтығысы теріскейдегі елі көшіп жұрты қалған ауыл-аудандарды халыққа толтырудың уақыт күттірмейтін күйіп тұрған мәселе екенін көрсетіп отыр.
Ескерте кетейік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі көші-қонға талдау жасап, соның нәтижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облысы тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар мен Қостанай облыстарына көшіруді өте қарқынды түрде қолға алу қажет деп тапқан. Министрліктің зерттеу нәтижесіне жүгінсек, Қазақстанда халықтың географиялық орналасуында теңсіздік белгілері көріне бастаған. Мәселен, жалпы халықтың 38 пайызы оңтүстік аймақтарға орналасқан. Ал теріскейді жайлаған жұрттың үлес салмағы небәрі 17 пайыздан аспайды екен. Бұл теңсіздік жалғаса берсе, 2050 жылға қарай күнгейдегі халықтың саны 5,2 млн адамға жететін көрінеді. Керісінше, солтүстік аймақтардағы тұрғындар бұдан төрт есе кем болады деген сөз. Бұл жай ғана халық санының кемуі емес. Бұл арада еңбекке жарамды азаматтардың үлес салмағында айырмашылық артады деген түсінік бар.
Айтпақшы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша солтүстікке көшкен отбасының әрбір мүшесіне бір рет 214 мың теңге қаржы берілетінін айта кету керек. Сондай-ақ қоныс аударғандарға пәтер жалдау мен коммунальдық қызметті төлеу үшін бір жыл бойы 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия төленеді. Іс бастаймын дегендерге төленетін қайтарымсыз грант тағы бар.
Осы арада бір қызық мәлімет келтіре кетейік, Солтүстік Қазақстан облысына осы ішкі көші-қон басталғалы бері 600-ге жуық азамат өзінің туған жеріне қайта көшіп барыпты. Нақтырақ айтқанда, 140 отбасы өздері көшіп кеткен ауылдарына қайта оралыпты. Бұл да көңілге жұбаныш болатын жағдай. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында қазір 1500-ден астам бос жұмыс орны бар екен. Өңірге мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринарлар, агрономдар, зоотехниктер, жоғары өнімді техникаға жүргізушілер мен механизаторлар, техник-механиктер ауадай қажет. Бұл қажеттіліктердің астарында теріскейді қазақыландыру мәселесі тұрғанын тағы да ашық айта кетейік.
Кез келген мәселенің екі жағы бар. Бағдарлама қажеттіліктен жасалған жақсы жоба. Бірақ кем-кетік жері де бар. Оны жоққа шығаруға болмас. Мәселен, мектебі жабылудың алдында тұрған кейбір ауылдарда көшіп барған азаматтар тұратын баспана жоқ. Ал кейбір өңірлерде мұғалімдер мен дәрігерлерді аралау басым.