Енді бізді «Большой брат» бақылай ма?

Қазақстан үкіметінің шетелдік компаниялардан интернетті бақылау және сүзгіден өткізу жүйелерін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. InterSecLab зерттеу орталығы жүргізген зерттеу Қазақстан билігінің Қытайдың Geedge Networks компаниясымен тығыз әріптестік орнатқанын, Қытайда жасалған «Ұлы қорған» (Great Firewall) технологиясының коммерциялық нұсқасы Қазақстанда да жасалғанын анықтапты.
Аталған компанияның камералары адамды алыстан танып, барлық дерегін, қандай хат-хабар жазғанын, не істеп жүргенін бір сәтте біліп бере алады. Қазір жұрт арасында «енді бізді «үлкен кісі» әр бұрыштан аңдып, іс-қимылымызды бақылап тұра ма?» деген талқылау жүріп жатыр.
Geedge Networks қандай компания?
Бұл компания 2018 жылы құрылған. InterSecLab зерттеуі Geedge компаниясы кейінгі жылдары бірнеше авторитарлық мемлекетке, соның ішінде Қазақстанға, интернетті бақылайтын және сүзгіден өткізетін ұлттық деңгейдегі жүйелер сатқанын айғақтайды. Тіпті Қазақстан Geedge Networks компаниясының ең алғашқы шетелдік клиенті атанған болуы мүмкін. Қазақстан билігі мен Geedge қарым-қатынасы 2019 жылы елде интернет трафигіне бақылау орнату талпынысы жүрген кезде-ақ басталған деп болжайды сарапшылар. 2020 жылдың қазанында Geedge жүйелері Қазақстанда орталық сервер мен 17 қалалық торапта орнатылып, іске қосылғаны жайлы техникалық жазбалар табылған. Amnesty International ұйымы да Қытайдан Қазақстанға тиесілі жабдықтардың жеткізілгенін растайтын құжаттарды алғанын хабарлады. Яғни ресми расталмағанымен, жанама айғақтар Қазақстанның ұлттық интернет инфрақұрылымына қытайлық цензура құралдары енгізілгенін көрсетеді.
Бұл елімізге шетелдік бақылау техникалары кіргізілген алғашқы жағдай емес. Жыл басында Астана қаласының әкімдігі Presight AI компаниясымен 190 миллион долларлық келісімшарт жасап, алдағы алты жылда қалада жаппай бейнебақылау жүйесін жаңғыртуды бастады. Бұл жоба аясында елордада қосымша 14 мың камера қойылып, жекеменшік ұйымдардың 8 мың камерасы интеграцияланып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін 1 202 жаңа жүйе орнатылмақ. Нәтижесінде, 2030 жылға қарай Астана қаласында 100 мыңнан астам «көзі» бар толық бақылау жүйесі қалыптасады деп болжанған. Presight компаниясы жобаны жаңа жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықтап, бейне деректерді нақты уақыт режимінде талдап, қауіп-қатерлерді автоматты анықтайтын жүйе енгізбек. Бірақ әлемде Presight пен оның негізін қалаушы G42 холдингінің беделіне күмән келтіреді. Бұл туралы төменде тәптіштеп түсіндіреміз.

Қазақстанның интернетті бақылауға ұмтылысы
Қазақстан тәуелсіздік алғалы ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстауға күш салып келеді. Ертеректе ұялы байланыс пен интернет трафигін жасырын тыңдау үшін посткеңестік елдерде кең тараған Ресейде жасалған жаппай бақылау технологиясы СОРМ (Система оперативно-розыскных мероприятий) жүйесін пайдаланғаны мәлім. СОРМ арқылы ұлттық қауіпсіздік комитеті байланыстарды тікелей бақылап, қажет мәліметтерге қол жеткізе алады. Сонымен қатар билік елде бірнеше мың веб-контентті «заңсыз» деп танып, жапқан, оның басым бөлігі сот шешімінсіз-ақ әкімшілік өкіммен бұғатталған.
Интернет трафикті толық бақылауда ұстау мақсатында Қазақстан билігі 2015 және 2019 жылдары әрбір пайдаланушының құрылғысына арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды талап етуге тырысты. Бұл қадам жүзеге асқанда, үкімет барлық шифрланған веб-трафикті оқи алатын еді, яғни азаматтардың банктік, жеке хат-хабар сияқты қорғалған ақпараттарын да қарап, сүзгіден өткізу мүмкіндігіне ие болар еді. Алайда бұл бастама халықаралық технологиялық компаниялардың (Google, Mozilla, Apple) қарсылығына ұшыраған соң, тоқтап қалған. Десе де, дәл осы 2019 жылы Қазақстан геосаяси одақтасы Ресейден бөлек, Қытайдың цифрлық бақылау технологияларына қол соза бастағаны байқалады.
Міне, осы жағдайда, бәлкім, Geedge Networks елімізге келген болуы мүмкін. InterSecLab сарапшыларының айтуынша, Geedge құралы барлық дерлік интернет пакеттерін тексеріп, қажет болса ашық трафиктен құпия мәліметтерді (парольдер, электрондық хаттар) ала алады, ал шифрланған трафикті арнайы алгоритмдер арқылы талдап, VPN сияқты құралдарды анықтаса, оларды уақытша бұғаттап тастай алады. Бұдан бөлек, жүйе белгілі бір «күдік тудыратын» жеке адамдарға бағытталған жеке бақылау ережелерін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз, белгілі бір қолданушы қай сайтқа кірді, не істеді – бәрін жазып, сол адамға жеке санкция қоюға дейін бара алады.
Ал Presight/G42 әріптестігі Қазақстанға басқа қырынан еніп келеді. Geedge желінің көрінбейтін қабатында жұмыс істесе, Presight шешімдері қала көшелерінде, күнделікті өмірде көзге көрінетін бақылау желісін кеңейтеді. Presight компаниясы – әмірліктердің атақты G42 технологиялық холдингінің бір тармағы, оның құрылтайшысы Әмірліктің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі шейх Тахнун бен Заид екені айтылады. Presight бұрын бірнеше ірі жобаны іске асырғанын мақтан тұтады екен. Компания өз технологиясының арқасында «100% қауіпсіздік» нәтижесіне қол жеткіздік деп мәлімдеген. Алайда Presight-тің атағы мұнымен шектелмейді. Оның аты бұған дейін тыңшылық дау-дамайларында аталған. Мәселен, Presight-тің бас компаниясы G42 2019 жылы әлем бойынша танымал болған TікTok мобильді қосымшаны жасаушылармен байланысы бар делінеді (бұл қосымшаны АҚШ барлау органдары тыңшылық құралы деп айыптаған). Сондай-ақ G42 қытайлық геномдық зертханалармен COVID-19 тестілеуі саласында жұмыс істеп, сол арқылы АҚШ азаматтарының генетикалық деректерін Қытайға берді деген күдікке іліккен. Яғни Presight/G42 – жай ғана коммерциялық ІТ компания емес, артында геосаяси мүдделер тоғысқан, Әмірліктердің де, тіпті Қытайдың да құпия бағдарламаларымен байланысты құрылым. Осындай компанияның Қазақстанда стратегиялық жобалар жүргізуі екіұшты пікір туғызады.

Жеке өмірге қол сұғу және цензура
Кез келген мемлекеттің заңында азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмауы, хат-хабар құпиясы, пікір білдіру еркіндігі сияқты құқықтары бекітілген. Қазақстан Конституциясында да азаматтардың телефон арқылы сөйлесулеріне, жазысқан хаттарына және өзге де коммуникацияларына мемлекеттік органдардың араласуына тыйым салынған (тиісті сот санкциясы болмаған жағдайда). Алайда интернетті тоталды бақылау құралдары орнатылса, бұл конституциялық құқықтардың іс жүзінде сақталуына үлкен күмән туады. Шетелдік зерттеушілердің сөзіне сенсек, Geedge Networks ұсынған жүйе аңдуға арналған. Ол «кез келген адамды кез келген уақытта интернетте не істеп отырғанын» бақылап, қажет деп тапса шектеу қоя алады. Сондықтан интернет цензурасы да сөз бостандығына салқынын тигізері анық. Енді Geedge сияқты жетілген сүзгі болса, VPN арқылы өтіп кету мүмкіндігін де кесіп, билікке қажетсіз саналған ақпараттың таралуын толық тоқтатуға жол ашуы мүмкін. Мұндай жағдайда қоғам тек ресми ақпарат пен рұқсат етілген контент аясында ғана қалары сөзсіз. Ал бейнебақылау камераларының қаптауы, әр бұрышта «қырағы көздің» барын сезіну – азаматтардың өзін еркін сезінуіне кері әсер етеді. Amnesty International ұйымы БАӘ-дегі камера бақылауы белсенділер арасында «қорқыныш пен үрей атмосферасын» орнатқанын айтады. Астанада жүз мың камера орнатылып, оған АI талдау жүйесі қосылса, әр тұрғын «қай жерде жүрсем де, біреу мені бақылап отыр» деген оймен өмір сүруі ғажап емес. Бұл қоғамды ашық пікір айтудан тартындыруы мүмкін. Президент 2023 жылғы жолдауында Қазақстанды «тыңдайтын мемлекет» концепциясына берік екенін, ашықтық, тиімділік қажеттігін айтты. Алайда дәл сол «тыңдайтын мемлекет» ұраны жаңа мағынаға ие болып кетуі ғажап емес екенін InterSecLab зерттеушілері ескертеді.
Шетелдік тәжірибеге қарасақ, Қазақстандағы бұл тәсіл әлемдік тәсілдің бір бөлігі екенін аңғаруға болады. Қытай кейінгі жиырма жылда «Ұлы Қытай файрволы» арқылы интернетті толық сүзгіден өткізіп, жасанды интеллект көмегімен қажетсіз пікірлерді жойып, бұл үлгісін басқа елдерге де экспорттап жүр. Ресей де «Суверенді Рунет» заңын қабылдап, СОРМ арқылы трафикті қатаң бақылауға көшті, жаппай бейнебақылау орнатып, цензураны күшейтті. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде смарт-қалалардағы камералар тұрғындар мен оппозицияны қадағалауға жұмсалып отыр.

Евгений Жовтис, құқыққорғаушы: Авторитарлық жүйеде цифрлық бақылау саяси мақсатта қолданылады
– Кез келген ел – ол демократиялық болсын, авторитарлық болсын өз азаматтарының қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан заңбұзушылықты, құқықбұзушылықты, қылмыспен күресті анықтайтын кез келген технологияны алады, қолданады. Соның арқасында қауіпсіздікке қол жеткізеді. Алайда ең үлкен қауіп осы технологияларды мемлекет өз азаматтарына қарсы қолданбай ма? деген сұрақ туады. Аталған технологиялар ең алдымен азаматтық белсенділерге, саяси оппозицияға, тәуелсіз журналистер мен құқыққорғаушыларға қарсы қолданылатыны түсінікті. Мұндай тәсіл әсіресе авторитарлы елдерге тән. Сондықтан да осы құралдар әсіресе классикалық авторитарлық мемлекет – Қытайда белсенді түрде өндіріледі және тарайды. Қытайда кез келген оппозиция мен өзгеше пікірді мемлекет аяусыз басып-жаншиды.
Демократиялық елдерде де мұндай жүйелер жоқ емес, бірақ онда белгілі бір саяси оппозиция бар, ақпарат тәуелсіздігі сақталған, парламент арнайы қызметтердің жұмысын қадағалайды. Сондай-ақ жеке деректерді қорғауға арналған заңдар жұмыс істейді, сондықтан мұндай технологиялардың шамадан тыс қолданылуына тосқауыл қойылады.
Өкінішке қарай, авторитарлық мемлекеттерде ондай кепілдіктер жоқ. Тыңдайтын мемлекет халықтың сөзіне құлақ асады. Ал «тыңдайтын» елдер болатынын да ұмытпаған жөн. Мұнда әңгіме мемлекеттік бақылау туралы болып отыр. Ал қоғамдық бақылау тетіктері болмаған жағдайда, бұл сөзсіз еркіндіктердің шектелуіне алып келеді. Тіпті адамдар өз ойын айтудан тартынады. Технологиялар дамыған сайын біздің ақпарат алмасуымыз, сөйлесуіміз де оңайлай түседі. Бірақ технологияны басқа мақсатта қолданатын болсақ, яғни, бақылау мақсатында – әрине ол кезде қоғамның дамуы тежеледі. Бұл авторитарлық мемлекетке тән қасиет.
Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төне ме?
Жоғарыдағы жайттардан Қазақстанның шетелдік технологияларға арқа сүйеуі тек азаматтардың құқықтарына ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық беделіне де қатысты екенін көреміз. Билік өз тұрғындарын жіті қадағалау арқылы тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейттік деуі ықтимал. Алайда қауіпсіздік тым қымбат бағамен келуі мүмкін. Біріншіден, сырттан алынған бақылау жүйелері ертең өзге державалардың ықпал тетігіне айналуы ғажап емес. Мысалы, Geedge Networks жүйесін қытайлық мамандар бастапқыда орнатып, оларға техникалық сүйемелдеу көрсетсе, демек бұл жүйе жөнінде толық ақпарат соларда қалмақ. Қазақстан қанша жерден деректеріміз өз қолымызда деп сендірсе де, бұл жүйенің ішінде сыртқа белгісіз «есік» жоқтығына ешкім кепіл бола алмайды.
Екіншіден, шетелдік технократиялық авторитаризмге иек арту – Қазақстанның халықаралық имиджіне нұқсан келтіреді. Ел басшылығы кейінгі жылдары өзін демократияға бет бұрған, ашық қоғам құруға талпынған реформатор ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Алайда іс жүзінде цензураның заманауи құралдарын сатып алып (егер сатып алған болса), Қытай, Ресей сияқты сөз бостандығын шектейтін режимдермен сыбайласу – бұл риторикаға қайшы келетін қадам. Шетелдік инвесторлар мен әріптестер Қазақстандағы интернет еркіндігінің шектелуін, азаматтардың бақылауда болуын көрсе, одан бойын аулақ салуы мүмкін.
Үшіншіден, өз азаматтарына қарсы шектен тыс бақылау жүргізу – билік пен халық арасындағы сенімді құртады. Қазақстан тарихында талай мәрте көргеніміздей, сыртқы жаудан бұрын ішкі түсініспеушілік қауіптірек. Егер әрбір азамат өзін қадағалауда жүргенін сезініп, мемлекетке жау саналып кетем бе деп қауіптенсе, мұндай қоғамда тұрақтылық емес, керісінше, наразылық орнайды.
Айтпақшы, жақында БАҚ беттерінде тараған бұл хабарға байланысты Цифрлық даму министрлігі «Қазақстанның Қытайдың «Ұлы файрволына» қызығушылығы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.
Ал бұл ақпаратты естіп, біздің есімізге Джордж Оруэлл жазған «1984» романындағы «Большой брат» түсе берді...
Тұрсынбек БАШАР