Енді ипотекаға да кезекке тұрамыз

Үй алуға кезекте тұрғандар қазірдің өзіне 654 мыңды құрайды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта еселеп артуы мүмкін. Себебі енді тұрғын үй алу кезегіне тұру жергілікті әкімдік арқылы емес, «Отбасы банкі» арқылы жүргізіледі.
Әрі белгілі бір санатқа жататындар ғана емес, соңғы бес жылда атында үйі болмаған кез келген азамат өтініш бере алады. Осыдан келіп, әлеуметтік осал топтардың өзі баспанаға қол жеткізе алмай жүргенде, кезектің күрт көбеюі оның қозғалысын тежемей ме деген сұрақ туындайды.
Бұл туралы мамырдың аяғында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті хабарлады. Комитет төрағасының айтуынша, күшіне енген жаңа заңға сәйкес, «Отбасы банкі» тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және пәтер бөлумен айналысатын ұлттық даму институты болып қайта құрылды. Демек, бұған дейінгі кезек пен ондағы азаматтар туралы деректер банкке өтеді. Жаңа тетік бойынша пәтер бөлу тәртібі екі негізгі критерийге – кезекке қойылған күн мен азаматтың табыс деңгейіне байланысты жүзеге асады. Яғни алдымен кезекке ерте тұрғандар және табысы төмендер тұрғын үйге ие болады.
Еске сала кетейік, былтырғы жылдың аяғында тұрғын үй саясатын реформалауға бағытталған заңға қол қойылды. Ол 24 мамырдан бастап күшіне енді. Осы күнге дейін кезекке қоюдың ескі ақпараттық жүйесі жұмыс істеп келсе, енді барлық жауапкершілік – «Отбасы банкінде». Базаның өзіне келсек, жаңа ақпараттық жүйе азаматтың атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғын автоматты түрде тексереді, отбасының жағдайы мен заң аясындағы мәртебесін талдайды. Мұның бәрі адами фактор мен жемқорлықты азайтуға бағытталған дейді.
Ал кезек сақталады. Осыған дейін тізімге кірген азаматтар мәртебесін тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті өзгерістерді енгізуі қажет. Жаңа өтініштер де «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электронды жүйесіне өтеді. Мәселе осы тұста. Бұған дейін кезекте тұрған азаматтардың ішінде пәтер кілтін алып жатқаны сирек. Кезек тым баяу жылжиды, тіпті тұралап қалғандай әсер қалдыратын кездері де баршылық. Мәселен, өткен жылы бюджеттен 1,1 трлн теңге бөлініп, кезектегі 60 мың адам пәтер алған (олардың басым бөлігі ипотекалық бағдарламалар). 2025 жылғы соңғы есеп бойынша, 654 мың адам кезекте тұрса, бұл қарқынмен 10 жылда да айтарлық нәтижеге жете алмаймыз. Оның үстіне кезекке тұратындар қатары көбеймесе, азаймайтын секілді. Бүгінде, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Жамбыл облысы кезектегі тұрғындар саны бойынша көш басында. Одан соң Алматы қаласы, Алматы облысы мен Астана тұр.
Енді соңғы бес жылда пәтері болмаған кез келген адам өтініш бере алатын болса, бұл көрсеткіш айтарлықтай артуы да ықтимал. Өйткені Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оларға теңестірілгендер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер ғана кезекке тұрғанның өзінде ондаған жылдар бойы пәтер ала алмай келгендер көп. 24 мамыр жаңа ереже қабылдана салысымен-ақ, үш күн ішінде 170 мың өтініш келіп түскен. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты. Оның 70 мыңы қабылданыпты, яғни кезекке енгізіледі. Енді кезекке тіркелген мерзім мен табыс көлеміне қарап шешім шығарыла бастайды дейді жауаптылар. Сонда әлеуметтік квоталар қалай ескерілмек? Бұл тізімге еңбекке қабілетті жастар мен отбасыларды, жалпы үйі жоқ барлық қазақстандықтарды қосудан не ұтамыз? Түсініксіз.
Бұл – тегін тізім емес
Бұл кезек жайлы жылжымайтын мүлік нарығының маманы Мария Сәулебек былай дейді:
«Бұрынғы механизм мен қазіргінің бірнеше айырмашылығы бар. Енді елдегі тізім ортақ. Бәрі бір ғана орталықтан, «Отбасы банкінен» қадағаланады. Бұрынғыдай жергілікті биліктің құзыретінде болмайды. Бұл өз кезегінде ашықтыққа көмектеседі деген үміт бар. Әркім өз мәртебесі мен тізімдегі орнын, оның қозғалысын қадағалай алады. Ең бастысы, әлеуметтік осал топтар ғана емес, баспана керек барлық азаматтар кезекке тұра алады. Бұл бір жағынан жақсы да жаңалық дер едім. Себебі мұндай көмек көптеген азаматтарымызға қажет. Алайда жалпы тізім жайырақ қозғалатын секілді. Өзгермеген талаптар да бар. Оның ішінде категориялар мен олардың қатысу шарты, соңғы бес жылда басыңызда үйдің болмауы, тұрақты мекенжай аумағында ғана кезекке тұру, кірістерді жан басына есептеу бар. Бір қызығы, көпшілік бұл жаңалықты басқаша қабылдап қалған сынды. Бұл тегін үй емес, ипотекалық бағдарлама».
Иә, басында соңғы бес жылда жоқтың бәрі кезекке тұрып, үй алатындай жаңалықтар жазылып жатыр. Көпшілік те анық-қанығына бармай, жаппай консалтингке жүгіне бастаған. 170 мың адам өтініш беріп, оның 70 мыңы ғана қабылданғаны да содан. Расында, үй кезегіне тұру туралы жаңалықты әркім әрқалай қабылдапты. Ол туралы Астана тұрғындарынан сұрадық.
Тимур, 22 жаста: «Үй алуды кім қаламайды? Кім армандамайды? Ол сенің қауіпсіздігің мен тыныштығың. Түптеп келгенде, тұрақтылығың. Бәрін қойғанда өз үйіңнің болмағаны экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ай сайын пәтер жалдау құны ипотекаға кететін шығыннан асады. Алайда алғашқы жарна жинап, тиімді пайызбен ипотека алу жеңіл нәрсе емес.
Ал мамырдан бастап үй кезегі ашылғанына келсек, оны естідім. Тегін үй бергелі жатыр ма деп ойладым. Алайда әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың өзі ала алмай жүрген үйді бізге қайдан берсін деп, қазбаламадым. Береміз десе де кезекке тұрмас едім, себебі оны күтемін дегенше жарты ғұмырың өтеді...»
Мадина, 34 жаста:
«Мен үш баланың анасымын. Қазір жұбайымнан бөлек тұрамын. Ажырасу процесі жүріп жатыр. Өзім Астанадан емеспін, бірақ болашақта осы жақтан үй алып, көшуді ойлаймын. Әрине, алдымен қалтаңда ақша болуы керек.
Үй кезегі туралы естідім. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік желіде құжат тапсыруға көмектесетін «мамандардың» жарнамасынан байқадым. «Үлгеріп қалыңыздар» деп жатты. Мемлекеттік кезек деген соң, тегін үй екен деп ойлайсың ғой. Бірақ ол ипотекалық бағдарлама болып шықты. Білуімше, тек кейбір категорияға жататын азаматтарға ғана толық тегін үйлер табысталады».
Нұртас, 57 жаста:
«Ондайды естіген жоқпыз. Бала-шағам білетін шығар. Сонда да күмәнді. Кезекке тұрғанның бәріне үй бере бермейді ғой. Ал ипотекаға да кезекке тұрғызатын болса, оны елмен бірге ұзақ күтесің деген сөз. Одан да сол уақытта ақшаңды жинап, таңдап жүріп алған дұрыс шығар. Қалай да болса бір білетінім, қазір үй алу оңай емес».
Респонденттердің басым бөлігі тұрғын үй алу тізіміне қатысты жаңалықтан бейхабар болып шықты. Ал білетіндері оны тегін үй кезегі деп қабылдаған. Толық білетіндері саусақпен санарлық. Әлеуметтік желі қолданушылары болса, «Мәссаған, енді үйге емес, ипотекаға да кезекке тұрамыз!»; «Кезекке тұруға болады, бірақ үй алу мүмкін емес»; «Менің бір туысым жалғыз басты ана ретінде кезекке тұрғанына 20 жылдай болды. Үйін әлі алмады»; «Жетім ретінде 10 жылдан бері кезекте тұрған адамды білемін. Оның үстіне мегаполис те емес, кішкене ғана қалада» деп жазып жатыр.
Күтетін мерзім ұзара түседі
«Жаңа заң күшіне енген соң, кезекке тұрғандардың қатары қалыңдап кетті. Бірден. Қызығушылық танытып, кеңеске жүгінгендер де, қызмет алушылар да көп. Қазір жастар білімді, ізденімпаз, тезірек конкурспен үй алуға ұмтылады. Сондықтан соңғы жаңалыққа назар салған да, осы жастар жағы деуге келеді. Сәйкесінше, кезекте бұрыннан тұрғандар негізінен жасы үлкен кісілер. Оларды алға тартпаса, жаңа жағдайларды түсіндірмесе, артта қалып қоя береді. Тіпті көпшілікте кезекке тұрсам болды, үй тегін деген түсінік бар. Халықтың 60 пайыздайы сондай пікірде. 24 мамырдағы жаңалықты естігендер де құжат өткізіп қояйын, кейін тегін үй аламын деп жаңылысып жатыр. Сөйтіп құжат өткізгендер көп, тізімге енгендер аз. Алдымен шарттарды толық түсініп, одан соң үйді ипотекаға алатыныңды ескерген дұрыс. Тегін үй ауыл-аймақта кейбір категорияларға ғана беріліп жатады. Өте сирек.
Өз тәжірибемде 2012 жылы кезекке тұрып, әлі алмаған азаматтарды көрдім. Одан ұзақ жүргендер де бар шығар. Ал енді кезек тіптен көбейіп, тиісінше, күтетіндер де, күтетін мерзім де артып кетуі ықтимал. Бірақ мәселеге тек тізім тұрғысынан қарауға да келмейді. Жастарға бұл бағдарлама керек. Тізімге енсең, 10 пайыз алғашқы жарнамен үй алуға болады. Ондай алғашқы жарна мен пайыздық мөлшерлемеге басқа бағдарлама таппайсың», – дейді жылжымайтын мүлік нарығының маманы Арайлым Сәрсенқызы.
«Отбасы банкі» жастарға да, жалпыға да арнап бірнеше бағдарлама ұсынып отыр. Оны жалпы тізіммен біріктіруден кімге, қандай пайда болатынын, үй кезегін күтудің ұзақтығын, тағы да өзге мәселелерді нақтылау үшін тиісті орындарға ресми сауал жолдадық. Жауабын күтеміз.
Баян Мұратбекқызы