Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 13 Ақпан 2025

Енді көрмегеніміз Қазақстан болсын! «Князь» Сұлтанғазиев инвесторды қалай таңырқатты?

Рупал мен Сұлтанғазиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларға көңіл бөліп, жұмыс істеуді күшейтуді тапсырып жатқанда Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев, керісінше, АҚШ-Үндістан инвесторларымен соттасып жатыр.

Бұл дауға себеп болған Алматы облыстық көпсалалы емханасы. 2020 жылы International Academy of medicine and sciences (IAMS) компаниясы облыс әкімдігімен көпсалалы клиникалық емхананы сатып алу құқығынсыз 30 жылға басқаруға келісімшарт жасаған. Инвесторлар келісімшарт бойынша міндеттерін орындап, емхана корпустарын салып берген. Бірақ Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы емхананы өз баланстарына қабылдағысы келмейді. Неге екенін, себебін ашып та көрсетпейді. Облыс әкімдігінің заңсыздығынан шаршаған инвесторлар оларды сотқа беріп, жеңіп те шыққан. Сөйтіп әкімдік 380 млн теңгеден аса қаржы төлеуге мәжбүр болған. Бірақ Сұлтанғазиев командасы халықаралық соттың шешіміне пысқырып та қарамай, инвесторлар алдындағы міндетін орындамай отыр.

Жұқпалы аурухана
Инвесторлар салған жұқпалы аурухана. Фото: Жас Алаш

2020 жылы Үндістан және АҚШ инвесторларымен Алматы облысы әкімдігі меморандумға қол қойған. Келісімшарт бойынша инвесторлар алдымен жұқпалы аурулар емханасын салуы керек еді. Себебі ол кезде әлем бойынша коронавирус індеті дендеп тұрған уақыт болатын. Инвесторлар тез іске кірісіп, 630 млн теңгеге жуық қаржыға ғимарат соғып, ішіне заманауи құрал-сайман әкеліп, жұқпалы аурулар емханасын салып береді. Пайдалануға 2023 жылы берілген, одан бері екі жыл өтсе де Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы оны өз балансына алмайды. Бұл іс облыстық ішкі аудитке дейін жетеді. Олар денсаулық басқармасына нұсқау бергенімен, талап тағы да орындалмайды.

Облыстық аурухана
Облыстық аурухана. Фото: Жас Алаш

Бұдан кейін инвесторлар келісімшарт бойынша ескі ғимараттарды бұзып, орнына 6 блоктан тұратын көпсалалы емхана салады. Құрылыс кезінде де бірнеше қиындықтарға тап болады. Коммуникациялық жүйені келісімшарт бойынша облыс әкімдігі жасап беруі керек болған. Бірақ бұл талап та орындалмайды. Қазір емхана салынып, бітуге таяу тұр. Есік-терезесі орнатылып, ішкі жөндеу жұмыстары ғана қалған. Бірақ орталықтандырылған су жүйесі, жылу, электр энергиясы тартылмаған. Емхана басшылары, «егер жылу тартылмаса ғимарат суық болады, сондықтан құрал-жабдықтарымызды ол жерге қоя алмаймыз» дегенді айтады. Әйтпесе, Үндістанмен заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алу бойынша келісім жасалып қойылған. Бірақ емхана басшылығы қарап отырмай өздері суға, жарыққа, жылуға техникалық шарт алған. Ол үшін қаншама қаражатын жұмсап жобалық-сметалық құжаттама дайындаған. Инвесторлар әкімдікке «сіздердің жұмыстарыңыз болса да бәрін өзіміз дайындап қойдық. Енді келіп жылу, су, жарық тартып беріңіздер» десе бұған селт еткен әкімдік болмаған.

Алғаш инвесторлар емханаға келгенде орталықтандырылған су жүйесінен бөлек жарық жүйесі де болмаған. 1960 жылдары ашылған емханаға 60 жылдан бері құдықтан сорғы арқылы су тартып алып отырған. Ал жарық жүйесіне келетін болсақ, ток өшіп қалғанда автономды энергия жылдам қосылуы керек. Ота жасалатын емханаларда бұл жүйе бар. Ал инвесторлар алған емханада мұның бірі де болмаған. Бұдан бөлек, облыстық әкімдік келісімшарт жасасқанда емхана қарызын 448 млн теңге деп көрсеткен. Бірақ кейіннен емхананың қарызы 892 млн теңге екенін анықтаған. Инвесторлар емхананы заманауи құралдармен жабдықтай отырып, осындай кемшіліктерін түзетіп отырған. Алдымен 892 млн қарызын жапқан. Заманауи құрал-саймандарды алдыртқан. Шетелден мамандар шақырып, еліміздегі дәрігерлерді оқытқан. Емхананы бірінші санатқа дейін көтерген. Бұрын күрделі отаның 2 түрі ғана жасалса, қазір оның саны 29-ға артқан. Сөйтіп, емхана еліміздегі ең озық технологиялармен қамтамасыз етілген үздік емханалардың біріне айналған. Соның арқасында Алматы облысындағы бірнеше мың тұрғынға қажетті ем-дом көрсетіле бастаған. Бірақ облыс әкімдігі жұмыс істеп тұрған емхананың жетістігін көзге ілмейтін сияқты. Басшылықтың айтуынша, емхана әкімдік тарапынан қатты кедергіге ұшырап отыр. Негізсіз тексерулер мен қысым күшейген. Соның кесірінен инвесторлар бітіріп, пайдалануға берілген ғимаратының ақшасын әкімдіктен ала алмаған. Қазір инвесторлар облыс әкімдігі бірдеңе дәметіп отыр ма, әлде басқалай ойы бар ма, түсіне алмай дал.

Жоғарыда жазғанымыздай, облыс әкімдігі негізсіз тексерулерді көбейткен. Алдымен, инвесторларға басқарғаны үшін жасалатын төлемді 2023 жылы тоқтатқан. Заңсыздықтарға шыдамаған инвесторлар облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасын Астанадағы халықаралық сотқа береді. Істі бұрын Англияда әділет министрі болған Эдвард Фолкс асықпай бір жыл қараған. Содан кейін ғана инвесторлардың әрекеті дұрыс деп шешім шығарады. Сот шешімі бойынша Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы IAMS-қа 380 млн теңге төлеуге міндеттейді. Бірақ халықаралық соттың шешімін Сұлтанғазиев тағы да көзге ілмейді. Енді жақында инвесторлар облыстық әкімдікті тағы да сотқа берген. Себебі мынадай заңсыздықтан шаршаған олар «салған ақшамызды және 30 жылда басқарудан түсетін қаржыны қайтарып беріңдер, енді көрмегеніміз Қазақстан болсын» деп халықаралық қаржы орталығы сотына арыз жолдаған. Қазір екі тарап арасында сот жүріп жатыр.

Сұлтанғазиев мемлекет бюджетіне түсетін 35 млрд теңгеден бас тартқан

АҚШ-Үндістан инвесторлары облыстағы емханадан бөлек елімізде заманауи университет салуға да келіскен. Сол үшін министр Саясат Нұрбекпен кездесіп, ол «жаңа облыс орталығы Қонаевқа көңіл бөлсеңдер» деп қолқа салған. Инвесторлар мұнымен де келісіп, 2022 жылы Сұлтанғазиевпен меморандумға қол қойған. Меморандум бойынша 35 млрд теңгеге ІТ саласы бойынша білім беретін университет, жаңа аурухана және фармацевтикалық зауыт салатын болып келісілген. Бірақ одан бері тоғыз ай өтсе де, Сұлтанғазиев тарапынан ешқандай әрекет болмаған. Сөйтіп жүргенде облыстық ауруханаға байланысты мәселе басталып, инвесторлар «мына проблема да бізге жетеді» деп, Қонаевтағы келісімшартты біржақты тараптың талабымен үзген.

Өзбекстанда бізді президент күтіп алады, Қазақстанда облыс әкіміне зар болдық

«Жас Алаш» аталған мәселе бойынша инвестор Наджхаван Рупалмен де сөйлесті. Инвестор әкімдік тарапымен бірнеше рет бейбіт келісімге келуге тырысқанын, бірақ Сұлтанғазиев командасы істі шешуге құлық танытпағанын айтады.

Наджхаван Рупал
Фото: Жас Алаш

«Біздің International Academy of medicine and sciences компаниясы консорциум – Қазақстан, Үндістан және АҚШ-тың бірлескен компаниясы саналады. Дәл қазір жобаға 5,5 млрд теңге салынды. Кардиохирургия сынды қажетті бөлімдерді аштық. Облыстық емхана тұңғыш рет А санатын алды. Соның арқасында республикада ең озық технологиямен атқарылатын ота түрлерін жасап келеді. Біз емханаға келгенде коммуникациялық жүйе, энергия, су болған жоқ. Оның бәрін ретке келтірдік. 448 млн теңге деп айтылған қарыз кейін екі есе – 892 млн теңгеге өсіп кетті. Оны да жаптық. 2022-23 жылдары қатарынан екі жыл мемлекеттік серіктес тарапынан заңсыз тексерулер жүрді. Сосын біз облыстық сотқа жүгіндік. Бірақ облыс әкімдігі тарапынан әрекетсіздік әлі жалғасып келеді. Кейін біз халықаралық сотқа арыз бердік. Сот мәселені бейбіт шешуді ұсынды. Бірақ облыс әкімдігі бұған да бармай отыр. Бір рет те емханаға келген жоқ. Жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханамыз да екі жылдан бері «иесіз» жұмыс істеп келеді. Оны да облыстық денсаулық басқармасы балансына алған жоқ», – дейді инвестор.

Рупалмен сөйлесіп ұққанымыз, инвесторлар облыс әкімдігінің ісіне таңырқай қарап отыр. Себебі олар Қазақстаннан бөлек Қырғызстанда және Өзбекстанда бірнеше университет пен емхана салған. Мысалы, Қырғызстанда 14 мың студент білім алатын университет жұмыс істеп жатыр. Бұларды тікелей Садыр Жапаровты өзі қабылдайды. Өзбекстан да солай, ұшақтан түскенде қызыл кілеммен күтіп алып, президенті Шавхат Мирзиёев «қандай көмек керек, қандай жер керек?» деп, қажетінің бәрін жылдам дайындап береді екен. Ал Наджхаван Рупал біздің елге келіп президент түгілі, облыс әкімі Сұлтанғазиевті көруге зар болдық деп отыр. Инвесторлар бірнеше рет бетпе-бет отырып сөйлесейік деп әкімді үстел басына шақырған. Сұлтанғазиев келудің орнына бұл істен хабары жоқ заңгерлерді жіберіп отырған.

Облыс әкімдігін инвесторлар бірнеше рет бейбіт келісімге келуге шақырған. Бірақ әкімдік мәселені бейбіт шешудің орнына өздері де инвесторларды сотқа берген. Алдымен қалалық сот істі қараудан бас тартқан, сосын облыс әкімдігі Астана сотына жүгініпті. Бұл істен хабардар болған Эдуард Фолкс «бір іс екі сотта қаралмайды» деп Астана сотынан істі тоқтатуды сұраған. Екінші сотта Фолкс «әлі де уақыт бар, сондықтан бейбіт шешімге келіңдер» деп тағы да уақыт берген. Ал инвесторлар істен хабары жоқ заңгерлермен емес, Сұлтанғазиевтің өзімен сөйлессек қана бейбіт шешімге келеміз дейді.

Сергей Пономарев
Фото: ашық дереккөз

Сергей Пономарев, мәжіліс депутаты: Сұлтанғазиев өзін «князь» деп санайды

– Алматы облысында ірі бизнеске қаржы құйып отырған инвесторлардың жағдайы мәз емес. Олар көбіне қарсылыққа тап болады. Мысал ретінде үш инвесторды атап өтейін. Іле ауданындағы «Сокол» автодромы, Қапшағай маңындағы «Марвен» кеспесі және Алматы облысы көпсалалы емханасы. Бірқатар инвесторлар осылай біздің экономикаға инвестиция салды. Ал мен вице-премьердің атына депутаттық сауал жолдадым. Өкінішке қарай, сауалым нәтижесіз қалды. Ал Алматы облысының әкімдігі көпсалалы ауруханаға қатысты меморандум болғанын біле тұра, 5,5 миллиардқа тұтас бір ғимарат салынса да, сол аурухана облыстың бүкіл жұртына қызмет көрсетіп отырса да, мәселені реттегісі келмейді. Емхана облыс әкімдігіне мүлдем керегі жоқ сияқты. Инвесторлар бейбіт келісімге келуге тырысқанмен, әкім түгілі орынбасарлары да, тіпті жауапты маманы да кездеспеген. Қатардағы әкімдік қызметкерін жіберген. Республика қазынасына миллиардтаған қаржы құйған инвесторлармен қатардағы маман тістене сөйлесіп, шығарып салған.

Үндістандық инвестор келіп, өз ниетін жай ғана сөзбен айтпай, аурухана салып, ескі ғимаратты жөндеуден өткізіп, қазірдің өзінде емхана әжептәуір жұмыс істеп жатыр. Ал Сұлтанғазиев инвесторлармен жұмыс істеуге тапсырма берген президенттің сөзін елемейді. Өзінкнязь санайтын сияқты. Әкіммен байланысу да мүмкін емес, айтқан сөзіңді естімейтіндей. Оның қателік жасап отырғанын сот қана анықтайды. Сонда да ол өзін қорғауға барынша тырысып жатыр. Тіпті депутаттың пікірі де, депутаттық сауал да ол үшін түк емес. Сондықтан сіз айтып отырған бас дәрігерді қолдаймын. Тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де емделушілерге көмек көрсету ізгі іс.

Сұлтанғазиевтің салғырттығынан мемлекетке 181 млн теңгеден аса шығын келген

Емхананың әкімшілік департаментінің директоры Азамат Жұбаниязовтың айтуынша, әкімдіктің салғырттығынан мемлекетке 181 млн теңгеден аса шығын келіп отыр.

Азамат Жұбаниязов
Фото: Азамат Жұбаниязов

«Біз 2020 жылы қарашада облыстық денсаулық сақтау басқармасы және жеке кәсіпкермен келісімшарт жасадық. Мемлекеттік серіктестіктің заңсыз әрекеттерінен инвестор халықаралық сотқа жүгінді. 2024 жылы 12 қарашада халықаралық соттың шешімі шықты. Шешім бойынша облыс әкімдігі 380 327 103 теңге (оның ішінде сыйақы 198 819 000 теңге, облыстық әкімдіктің жауапсыздығы үшін – 153 000 000 теңге және сот шығындары – 28 508 103 теңге) төлеуге міндеттелді. Бірақ әлі облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл міндетті орындамады. Енді екінші істі қарау 27 ақпанға белгіленді. Ол жерде инвесторлардың талаптары орындалмаса, шарт біржақты тараппен үзіледі», – дейді Азамат Жұбаниязов.

Бұдан кейін «Жас Алаш» емхананы аралап, мамандардың пікірін де тыңдап көрді. Қазір емхананың дәрігерлері орын жетіспеушілігінен қатты зардап шегіп жатқанын айтады. Мысалы, облыстық клиниканың перзентхана бөлімі тек босануы қиын, аналар мен балалардың өміріне қауіп төніп тұрғандарды ғана қабылдайды. Қазір дәрігерлер орын жетіспеушілігі салдарынан облыстағы жүкті әйелдердің ішінен жағдайы өте ауыр аналарды іріктеп алуға мәжбүр.

Гүлжахан Сыздықова
Фото: Жас Алаш

«Өйткені орын жетіспейді. Емханамызда 20 орын болса, қазір 27 әйел жатыр. Босанған әйелдерге арналған 40 орын болу керек, бірақ жаңа айтып кеткенімдей, орын жоқ. Ғимарат тарлығына байланысты әр әйелге палата бере алмаймыз. Жер бетінде ешқандай ана баласынан, бала анасынан айырылмауы керек. Біз сол ұстаным бойынша жұмыс істейміз. Жағдайы ауыр әйелдер келсе, оларды басқа жаққа жібермеуге тырысамыз. Аудандағы жағдайы ауыр әйелдерді алып кетеміз. Жаңа емханамыз ашылса, бізден бұрын облыстағы әйелдер қуанатын еді. Себебі алдымен солардың жағдайы жақсарады», – дейді емхана директорының ана және бала жөніндегі орынбасары Гүлжахан Сыздықова.

Дәл осындай пікірді кардиология, жүрек-қан тамырлары хирургиясы орталығының директоры Сергей Мусаев та айтады. Себебі кардиология орталығына келетін науқастар саны да жыл өткен сайын артып келеді.

Сергей Мусаев
Фото: Жас Алаш

«Клиникада рентген-ота бөлімі бар. Ангиографиялық құрылғы орнатылған. Науқастар бүкіл Алматы облысынан келеді. Бұл жерде заманауи жедел медициналық көмек көрсетіледі. Біз жүрек ауруларының күрделі отасын жасап келеміз. Бірақ науқас саны көп болғанымен орын аз. Сондықтан мүмкіндік те аз болып қалып жатады. Қымбат, заманауи отаға кезек те көп. Сондықтан жаңа емхананың ашылғанын біз де қалаймыз. Сол кезде облыс тұрғындарына көмек көрсетуіміз де жеңілдейтін еді», – дейді Сергей Мусаев.

Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Рахилия Құдайбергенқызы да жаңа емхананың тезірек ашылуын армандап жүрген дәрігерлердің бірі. Дәрігердің айтуынша, былтыр қабылдау бөлімінің қызметіне 37 мыңнан аса облыс тұрғыны жүгінген.

Рахилия Құдайбергенқызы
Фото: Жас Алаш

«Біздің клиника көпсалалы емхана саналады. Облыс тұрғындарына қызмет көрсетеміз. Жыл сайын науқастар саны да көбейіп келеді. Себебі облыстағы халық саны жылдан жылға артып жатыр. Бізге кейде жағдайы өте ауыр тұрғындар келіп жатады. Әріптестерім айтқандай, орын жетпейді. Жаңа емхананың ашылуын қазір армандап жүрміз. Мұның бәрі біз үшін емес, облыс тұрғындарының игілігі үшін. Сондықтан осы емханаға қатысы бар жауапты органдар емханамызды тезірек ашып берсін. Қазіргі емхананың жағдайын көріп отырсыздар. Әбден тозып кеткен», – дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі.

«Жас Алаш» аталған мәселе бойынша облыс әкімдігіне хабарласты. Бірақ әкімдік «біздің кінәміз жоқ» деп облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарай сілтеді. Ал Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қазір сот жүріп жатқандықтан аталған мәселеге байланысты жауап бере алмаймыз деп қысқа қайыра салды.

P.S. Облыс тұрғындарына қажетті емхана былтыр тамыз айында пайдалануға берілуі керек болған. Инвесторлар президентті шақырып, лентасын қидырып, ресми ашылу рәсімін жасауды да жоспарлап қойған екен. Ал енді президент емес, облыс әкімін келтіре алмай зар болып жүр. Инвестор Наджхван Рупал 2 жыл ішінде мәселесінің шешілуіне көмек сұрап бірнеше лауазымды тұлғамен сөйлескен. Президентке, Роман Склярға үндеу де жолдаған. Тіпті жақында Алматы облысына келген Өңірлік даму және бақылау департаментінің аймақ инспекторы Мұрат Әмірбековтен де көмек сұраған. Бірақ бұл ісінен нәтиже шықпапты. Емхана жағдайынан мәжілістегі бірнеше депутат та хабардар. Ирина Смирнова жақында депутаттық сауалымда бұл мәселені көтеремін деп уәде беріпті.

Айтпақшы, «Жас Алаш» та Мұрат Әмірбековке хабарласып көрді. Бірақ аймақ инспекторы телефон тұтқасын көтермеді. Жазып жіберген хатымызға да жауап қатпады. 

Тұрсынбек БАШАР