Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:20

Енді оның бір ғана арқа сүйері қалды

ардақ назаров
Фото: ашық дереккөз

У меня от Думы три впечатления: комичное, возмутительное и отвратительное.Лев Толстой

Ардақ Назаров депутат болды. Болды да алғаш рет Парламент ғимаратына келді. Кіреберісте журналистерге ұсталып қалды. Алғашқы сұрақ өте ауыр еді: «Қаңтарда оқ атқан және оқ атуға бұйрық берген билік өкілдерін жауапқа тартуды талап етесіздер ме?» Жаттаған, сақтағандарымен уағыз айтып, көзге түсіп қалып жүрген діншіл-спортшы, әрине, мұндай қысымға дайын болмай шықты. «Аман болыңыздар». Оның депутаттық мандатының «срогы» сол күні-ақ өтіп кетіп еді. (Сәл қателесіп отырмыз, оның депутат ретіндегі салмағы депутаттыққа кандидат кезінде жерлес ағасы Рысбек Сәрсенбайұлына жол бермей қойған соң-ақ (ел солай күткен, тіпті жол беруге шақырғандар да болған) төмендеп кеткен).

Ертеректегі шешендік сөздер мен «деген екендерді» ежіктегені болмаса, екі сөздің басын қоса алмайтын депутат алғашқы «қақтығысқа» ерегіскені болар, ертеңіне ізіне шам алып түскен журналистерді қағып-соғып өте шықты. Содан бастап, оның Мәжілістегі жорығы отырса опақ, тұрса сопақ дейтін кепке ұласты. Не айтса да, қандай мәселе көтерсе де, нендей сауал жолдаса да – күлкі! Ызалы күлкі.

Назаровты депутат қылып «сайларда» үлкен үй оған қатысты қандай жоспар құрғанын кім білсін, бірақ дәл мынадай төтен басталған қызықты тамашалап отырып, мәжілісімізді тағы бір таптырмайтын клоунмен толықтырдық деп масаттанған шығар.

Чемпион-депутат бұл үдеден шығудай-ақ шығып келеді. Саясаттанушылар «саяси технология» атап жүр, билік қиын сәтте жұрт назарын өзіне аударып әкететін бірер «ақсақ құлан» баптап отырады дейді. Соңғы күндері Назаровтың есімі осы бір абыройсыз іске қатысты көп аталып кетті...

Депутат болғалы Мәжілісте де, одан тыс та Назаровтың көтерген мәселесі саусақпен санарлық қана. Бірақ соның өзі жылға азық. Депутат болып келгеннен көп өтпей, денсаулық сақтау министрі кім деген сұраққа жауап бере алмай қысылғанда «мен бірден әлем чемпионы болғам жоқ» деп, кірерге тесік таппай қиналған сәті; әйгілі Шерзат оқиғасы кезінде сонша жерден барып, суретке түсіп қайтқаны, сол жерде жүрген журналистерге «бәріне арақ кінәлі, жастарды тәрбиелеуіміз керек» деп, айды аспанға шығарып қайтқаны; Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру талқыланып бітуге таяғанда күтпеген жерден бұл қалада арақ ішілмесін, шарап сатылмасын деген аспаннан түскендей cөзі; ажырасқандарға жарна төлетейік деп «атой салғаны»; азық-түлікке 30-40-50 мың жұмсаймыз деп, экономдауға шақырғаны – бәрі-бәрі тек қарсылыққа, қыжыртпаға ұшырап отырыпты.

...Бұл жолы да солай болды. Анасы 70 жасқа толыпты, Мәжілістің төрінен құттықтап, қуантқысы келіпті. Алғашында, жұмыстан шыға алмай, арнайы барып құттықтай алмай... Амалсыздықтың ісі сияқты көрсетуге тырысты. Одан кейін аунап түсіп, әкесін ұрған ұл туралы оқиғаны айтып, «елге ой салғым келді» деп шықты. Жұрт оған да тоқтамай қойған соң, «мен кісі өлтірдім бе?» деп бір, «мені сынап жатқандар – анасын сыйламайтындар» деп екі тепсінді. «Бәрі патриот болып көрінгісі келеді, менің арқамда «подписчик» жинағысы келеді» дегені... Сасқан үйрек те бұлай жүзбес. Ең ауыры, кейбір сарапшы, журналистер Назаровтың мұнысын президент жолдауында айтылған «айқай-шу шығаратын» әйелдер мәселесін жуып-шаю үшін жасалған «отвлекающий маневр» деп жатыр.

Енді бір сұрақ туындайды: Соңы мынадай болған соң, өзі айтқандай жақсы перзент емес, алаңғасар ұл ретінде көрініп қалғанын біле ме екен? Қолына гитар ұстатып, мәжілістен «ән салдырып» қойған жасанды видео әлеуметтік желіні кезіп кетті. Соны көргенде өзі қандай күйде болды, анасы қандай күйде болды? Ең бастысы, жоғарыда айтқан «саяси технология» ойынына анасын араластырып отырғанын сезіне ме екен?

Ең болмаса денсаулық сақтау министрінің кім екенін білмейтін, саяси дайындығы демейік, ең құрығанда заманның беталысын аңдай алатындай саяси түйсігі жоқ адамға біреу дауыс береді дегенге сену мүмкін бе? Мықтылары сөз айтса, үнсіз бас изейтін, ешқандай саяси амбициясы жоқ, ең болмаса Қазақстан деңгейінде депутаттық бағдарлама жасай алмаған, бірде-бір зерттеу жүргізіп, жанды сауал жолдамаған, Мәжілістегі бар міндеті дауыс берумен, қара көбейтумен шектелетін; шамасы келсе дінді насихаттайтын, ақсақалдар институтын қайта құруға үндейтін, жастарды тәрбиелеу керек деп, арақ – кәкәй деп қарап отыратын, тіпті журналистер тек жақсы нәрселерді ғана айтуы керек деп білетін Назаров – Назаров болғаны үшін ғана сынға қалды. Осыған дейін де оңып тұрған қылығы болмаған соң бұл көңілшектігін ел қабылдай алмады. Екінші аптаға айналды, әлі талқылап біте алмай жатыр.

Бұл мәселеде қуыршақ Мәжілістің абыройы да көрінеді. Күнделікті қайнап жатса, ақырып теңдік сұрап отырса, онша-мұнша регламенттен ауытқу соншалық әңгімеге айналмас еді. Бәлкім, Назаров айтқандай, біраз адамға ой салуы да мүмкін еді. Оның алдында ғана «депутаттық этика деген болады, агрессия көрсетпеңіз» деп, Бақытжан Базарбекке дүрсе қоя берген мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та қосыла құттықтағанын, әріптестері қол соғып, қошемет көрсеткенін малданып жүрген Назаров жұрт сұрады деп мандатын өткізе салмайтыны айтпаса да түсінікті. Өйткені оның шегінер жері қалған жоқ. Сүйене қояды дейтіндей, еліне сүйкімі кетіп болды. Енді оның бір ғана арқа сүйері қалды – Мәжілісінің төрін тойдың тілегі айтылатын алаңға айналдырған, өзі қай ісі оң, қай ісі теріс екенін бағамдай алмайтын күйде қызмет етіп жүрген билік қана.

Олжас СЛАМЖАН

Тегтер: