Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:10, 18 Желтоқсан 2025

«Енді Путинге керек емес». The Guardian Башар Асадтың Мәскеудегі өмірі туралы жазды

Башар Асад пен жұбайы
Фото: pravda.com

Сирияның бұрынғы президенті, бір жылдан бері Мәскеуде тұрып жатқан Башар Асад қайтадан медицинаға бет бұрған.

 Бұл туралы The Guardian басылымы Ресей мен Сириядағы дереккөздеріне сүйене отырып хабарлады.

Басылымның жазуынша, Асад офтальмология саласындағы білімін тереңдетіп, осы бағытта дәрістерге қатысып жүр. Асадтар отбасына жақын адамның айтуынша, бұрынғы президент мұны қаржылық қажеттіліктен емес, осы мамандыққа деген шынайы қызығушылығынан жасап отыр.

«Ол бұл іспен ақша үшін айналысып жатқан жоқ. Асад офтальмологияны шын мәнінде жақсы көреді. Сириядағы соғысқа дейін де ол Дамаскіде осы салада тұрақты түрде тәжірибе жасаған», – дейді The Guardian сұхбаттасы.

Сонымен қатар, дереккөздер Башар Асадтың орыс тілін белсенді түрде үйреніп жүргенін де атап өткен.

The Guardian мәліметінше, Асадтар отбасы материалдық тұрғыдан еш қиындық көрмей, жайлы өмір сүріп жатқанымен, Башар Асадтың өзі қатаң оқшауланған жағдайда өмір кешуде. Оған Сирия немесе Ресей элитасының өкілдерімен еркін байланыс орнатуға рұқсат етілмейді.

«Оның сыртқы әлеммен байланысы өте шектеулі, тіпті бар деуге келмейді», – дейді Асадтың досы.

Басылымның жазуынша, Асад тек санаулы адамдармен ғана сөйлеседі. Солардың қатарында президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Мансур Аззам және экс-экономикалық кеңесшісі Яссар Ибрахим бар.

Кремльдің көзқарасы

Кремльге жақын дереккөз The Guardian-ға берген пікірінде Ресей президенті Владимир Путин Асадты енді маңызды саяси тұлға деп санамайтынын айтқан. 

Соңғы бір жыл ішінде Асадтар отбасы жұртшылық алдына тек бір рет шыққан. Биыл жазда олардың 22 жастағы қызы Зейн Асад Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдаған. Бітіру рәсіміне Асадтың жұбайы Асма Асад және ұлдары – 24 жастағы Хафиз бен 21 жастағы Карим қатысқан.

Алайда олар көп көзге түспеуге тырысқан. Сол рәсімге қатысқан студенттердің бірінің айтуынша:

«Отбасы ұзақ аялдамады және басқа ата-аналар сияқты сахнада суретке түскен жоқ».

The Guardian деректеріне сәйкес, Асадтың балалары Біріккен Араб Әмірліктеріне жиі барып тұрады. Бұл ел Асадтар отбасы үшін билік кезінде де сүйікті демалыс орны болған.

Бастапқыда отбасы БАӘ-ге тұрақты қоныс аударуға үміттенген. Себебі балалар Мәскеуге бейімделуде қиындық көрген. Алайда бұл жоспар іске аспаған. Басылымның жазуынша, Сирияның бұрынғы диктаторын қабылдау тіпті БАӘ үшін де саяси тұрғыдан ыңғайсыз болар еді.

Асма Асадтың денсаулығы

Асад Мәскеуге келген алғашқы айларда басты назарын лейкемия диагнозы қойылған жұбайы Асма Асадтың денсаулығына аударған. Ол Сирия режимі құламай тұрып-ақ Мәскеуде ем қабылдаған.

The Guardian дереккөзі Асма Асадтың Ресей арнайы қызметтерінің бақылауымен жүргізілген экспериментал терапиядан кейін жағдайы жақсарғанын айтады.

Басылымның жазуынша, Башар Асад енді бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Сириядағы оқиғаларға қатысты өзінің нұсқасын жариялағысы келеді. Ол Ресейдің RT арнасына және оңшыл бағыттағы америкалық подкаст жүргізушілерінің біріне сұхбат беруге алдын ала келіскен.

Алайда бұл сұхбаттардың жүзеге асуы Ресей билігінің ресми рұқсатына байланысты.

Тегтер: