Ендігі бізге қалатыны – Мағауинді бұрынғыдан да тереңірек ұғыну, сезіну
Мұхтар ағаның «бұрынғылар өткен сүрі жол, бұрылып соған түскеніне» амалсыз сендік. Елінен кеткелі жылына бірнеше рет телефон соғып тұратын едім, соныма қуанып, ағамның амандығын тілейтінмін.
Беріректе – Еуропада тұрғанда – «ай, айналайын, келіп қайтсаңшы, сені мен сағынып қалдым» дейтін, кейін Америкаға кеткен соң да бірнеше мәрте хабарластық. Сексен жылдық тойына жеңгеміз екеуінің шақыруына барып, сол бір құдіретті, ең бір қимас адамымның жүзін көруге Алла жазбапты. Ақырында бүкіл қазағын артына тастап, елдің бәрін өкіндіріп, Мәңгілікке айналып кетті!
Осы бір теңдесі жоқ адамның дарыны, білігі мен білімі, ешкімге ұқсамайтын, мүмкін ұқсағысы да келмейтін ұлы болмысы қазақы рухани болмысты есепсіз байытып кеткеніне дау жоқ. Алла, ұлы рухтар Мұхаңа – ұлы қазақ Мұхтар Мағауинге сондай мүмкіндік берді, ол сонау жас кезінен өзіне міндет, жоспар қылып алып, соншалықты ұлы еңбектерді қапысыз әзірлеп, өзінің есті, білікті халқына ұсынып үлгергеніне қайран қаласың. Оның әдепкі кітаптарынан бастап, кешегі «Алтын Ордасына» дейінгі ұлы қазына енді өзінің қазағының меншігіне айналып, санасына сіңеді.
Бізге ол қалдырып кеткен мұраның еш қапысы жоқ. Ендігі бізге қалатыны – сол бай мұраны бұрынғыдан да тереңірек ұғыну, сезіну, санамызға сіңіру ғана болмақ.
Қазақ барда Мұхтар Мағауин де, оның ұлы шығармалары да мәңгі жасайтынына еш шүбәм жоқ.
Жаның жаннатта болсын, менің теңдесі табылмайтын ұлы ағам!
Мейірхан Ақдәулет
ақын