Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 13 Тамыз 2024

Ендігі үміт – паралимпиада спортшыларында

паралимпиада
Фото: olympic.kz

Күні кеше күллі дүние көз тіккен Париж олимпиадасының жабылу салтанаты болды. Енді бірер аптадан соң паралимпиада ойындары басталады.

 Үнемі назардан тыс қалып қойғанымен, параспорт түрлері соңғы жылдары ерекше қарқын алып келеді. Сәйкесінше, отандастарымыз байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғап жүр. Азия, әлем чемпионаттарында, Паралимпиада ойындарында көк туымызды желбіреткен спортшыларымыздың саны артып келеді. Осындай жандардың бірі – түркістандық спортшы Зарина Әшір. Спортшы бүгінде пара пауэрлифтинг бойынша халықаралық, әлемдік сайыстарда бақ сынап, ел намысын қорғап жүр. Спортшының айтуынша, спортқа 17 жасында келген екен.

«Спортқа 17 жасымда келдім. Ешкімнің қалауынсыз, өз қызығушылығыммен аяқ бастым. Шынымды айтсам, әу баста жетістікке жетемін, сайыстарда бақ сынап, жүлделі боламын деген ой болған емес. Бірақ нәтиже еңбекті, қатал тәртіп пен уақытты талап етеді екен. Әрине, ең алдымен кез келген жетістік спортшының қайтпас қайсарлығы мен төзімінің арқасында келеді», – дейді.

Десек те, қай жетістіктің артында спортшының тынымсыз дайындығынан бөлек, оның қарым-қабілетін, бойындағы талантын алыстан байқай білетін жаттықтырушылардың тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанған спортшы да жаттықтырушының рөлі жоғары екені туралы сөз қозғады.

«Кез келген спортшыны баптап, оған бағыт-бағдар көрсететін, қолдауын аямайтын жаттықтырушының еңбегі мол болады. Осы орайда жаттықтырушым Марат Нұрмахан ағайымызға зор алғысымды білдіргім келеді. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Бізді үнемі сайыстарға қатаң тәртіппен дайындап, физикалық әрі моральдық тұрғыда дайындайды», – дейді спортшы.

Бүгінде әлем назары пара спортшыларда екені анық. Себебі қазір әлем біртіндеп, спорт тек дені сау адамдардың құзыры емес екеніне көзі жете бастады. Бүгінде тағдыр басына қиындық салса да сынып кетпей спортпен айналысатын жандардың қатары көбейгені шын қуантады. Әлем чемпионатынан бөлек, Зарина Әшір Тбилиси қаласында өткен жастар арасындағы сайыстан 1-орын, жекелей 2-орын, осы жылдың наурыз айында Дубай қаласында ұйымдастырылған әлем кубогы сайысынан 1-орын иеленген. Бұдан бөлек, 2023 жылы наурыз айында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатынан жүлделі 1-орынды иеленген. Сонымен қатар спортшы еліміздегі пара спорттың дамуына көңілі толатынын жеткізді. Үкімет тарапынан да жиі қолдау көрсетіліп, стипендия тағайындалады екен.

«Еліміздегі пара спорттың даму қарқыны әлдеқайда алда. Халықаралық сайыстарға шығарып, оқу-ағарту жиындарға бару үшін мүмкіндіктер көп. Басына қиындық түскен жандарды қолдау мақсатында пара спорттың дамығаны тиімді. Әдетте, мүмкіндігі шектеулі жандар өзін қоғамнан тыс қалғандай сезінетін кездер жиі болады. Осындайда пара спорттың тигізер әсері жоғары. Түркістандағы «Сауран» спорт клубы осы жолда еңбек етіп жүрген мекеменің бірі. Спорт клубтың құрамына қосылғаныма үш жылдан асты. Клубтың бізге беріп жатқан мүмкіндіктері көп, артықшылықтары басым. Дәл осындай спорт клубтардың көбеюі елдегі пара спорттың да дамуына ықпал етері анық», – дейді.

Өздеріңізге мәлім, Париждегі байрақты бәсекені отандастарымыз бір алтын, үш күміс, үш қоламен түйіндеді. Ендігі үмітіміз паралимпиада спортшыларында.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: