Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 14 Желтоқсан 2020

Ендігі дағдарыста Қазақстанға ес жинау қиын болады

None
None

Бүгінде бірқатар сарапшылар  еліміздің экономикасына қатысты түрлі болжамдарды айтып қалады.

Бұл ретте «алдағы жылда Қазақстанның экономикасы кері кете бастайды. Тіпті 90 –шы жылдардағы тоқырауды қайта бастан кешеміз» дейтіндер де баршылық.

Бұл ретте «Қазақстан менеджмент» сараптау орталығының жетекшісі Ғалия Қасымханованың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанға бюджетті толықтыру көздерін өзгерту қажет. Ол үшін әрине табыс көздерін әртараптандыру қажет болады.

«Тоқсаныншы жылдары нарықтық экономиканың қиыншылықтарын ғана көрдік. Ал енді бір тоқырау болатын болса бізге ес жинау қиын болады. Себебі тоқсанныншы жылдары біз ипотекалық дағдарыс дегенді білмедік. Ол кездері жұрт қазіргідей несие алу, қомақты көлемде банктерге қарыз болу дегенді білмеді. Қазір жекелеген тұлғалардан бастап, құрылыс компаниялары, жекеменшік серктестіктер, алпауыт компаниялар барлығы несиеге батып отыр. Несие саясатының дұрыс жүргізілмеуі, бюджетті тек мұнайдан түсетін түсімен ғана өлшеу, отандық өңдеуші саланың тұншығып жатуы мұның барлығы экономикаға үлкен қауіп. Сондықтан болашақта біз үшін бюджетке түсетін табыс көзін әртараптандыру маңызды болмақ»,-дейді экономист-сарапшы Ғалия Қасымханова.

Маманның айтуынша, біз үшін ең маңыздысы қазір жаңа жұмыс орындарын ашу. Тек мұнай-кен барлау өндірісіне ғана иек арта бермей отандық өндіріс орындарының түсімін арттыру дағдарыстан құтқаратын болады. Бұдан соң мұнайдан түскен түсімді ұтымды пайдалану керек.

«Мұнайдан түскен түсімді халықаралық түрлі шаралар өткізуге немесе жиындар, басқосулар ұйымдастыруға жұмсағаннан гөрі экономикалық инвестиция ретінде ауқымды жобаларды қаржыландыруға жұмсаған жөн» дейді маман.

Сондай-ақ экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов те, болашақта отандық өндірістің дағдарысқа шыдас беру иммунитетін қалыптастыруымыз қажеттігін баса айтып отыр. Бұл ретте маман қажетсіз салаларға субсидия бөле беруді доғарып, бюджеттің қаржысын ұтымды пайдалану қажеттігін алға тартты.

       «Субсидия бар жерде ұрлық бар. Ол коррпуцияға жол ашады. Сондықтан   мынадай дағдарыс кезінде бюджет қаржысын ұтымды пайдалану үшін тегін қаражат бөлуді тоқтату керек, бәрінің қайтарымы бар. Мүмкіндігінше ұзақ мерзімге, «каникулмен» берілгеннің жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ.Бұл реттефъючерлік келісімнің келешегі бар.Аграрлық саясат тағам өндіруге бағытталуы тиіс. Салмақты жергілікті әкімдерге салу керек. Сағым қуғанды қойып, өлшемі бар талаптар қойылуы керек. Бұл ретте жаңа инвестициялық қадамдарға бару керек»,- деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Сонымен, мамандар алға тартып отырғандай, бізге тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды бастан қайта кешпеу үшін  мынадай ұсыныстарға  назар аударған абзал:

А) Бюджетке түсетін табысты әртараптандыру қажет.Мұнайға тәуелділіктен арылу үшін балама энергия көздерін өндіруді дамыту қажет. Бұл ретта алтын-күміс, руда, уран өндіру істері қарқындап дамуы қажет. Жаңа технологияға жүгіне отырып әрбір салада жаңалық ашуға бейімделіп, нано-биотехнологиядардың тілін меңгеру қажет болады.

Ә) Алыпсатарлық экономикадан арылу керек. Мұндай экономика импортқа тәуелді. Сондықтан отандық өнім өндіру жағына басты назар аударған абзал.

Б) Жерді дұрыс пайдалану жобаларын қолға алу керек. Елдегі жайылымдық жерлер, егістік жер, бос жатқан жерлерді игеру қазір өте маңызды. Жерді шаруаларға арзан несиемен беру жағы ойластырылуы тиіс. Жерсіз жүрген шаруаларды жермен қамту қазір өзекті болып отырған тұс.

В) Әр салаға шетелден сарапшыларды тартып оған қыруар қаржы жұмсауды шектеу керек. Бұл арада отандық ғалымдарымыздың ойына жүгіну тиімдіріек болады. Себебі шетелден келген сарапшылар Қазақстанның аурасын, экономикалық қабілетін нақты біледі деп айту қиын.

Г) Ислам банкинг жүйесін дамыту қажет. Бұл көптеген отандық өндірістің дамуына жол ашатын мүмкіндік. Пайызсыз қаржы алып, оны бөліп-бөліп қайтару қай кезде де экономикалық жағынан тиімді.

Д) Қазақстан өз мүддесін, өз талап тілегін қоя білуі керек. Әсіресе шетелдік инвесторлармен жұмыс істегенде.

«Міне, экономикалық дағдарыстан оңай шыққымыз келсе,  бірінші кезекте осы ұсыныстар ескерілуі тиіс. Олай етпесек, еңсе тіктеу қиын болады. Бұл ұсыныстар ескерілсе  кез келген дағдарысқа шыдас беруге мүмкіндік ашылар еді» дейді мамандар.

Тегтер: