Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:42

Энергетика министрлігі Байділдиновтің Қоғамдық кеңес мүшесі екені туралы ақпаратты жоққа шығарды

олжас
Фото: ашық дереккөз

 Энергетика министрлігі БАҚ-та тараған «Олжас Байділдинов ведомство жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі» деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

 Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Олжас Байділдинов Энергетика министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде көрсетілген. Осыған байланысты оның қоғамдық көліктегі жолақы құны туралы пікіріне қатысты сауалдар түсіп жатыр. Ресми түрде мәлімдейміз: Олжас Байділдинов Энергетика министрлігінің Қоғамдық кеңесінің құрамында емес», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Байділдиновтің қоғамдық көлік тарифтері туралы айтқан пікірлері оның жеке көзқарасы, яғни ол мемлекеттік органдардың ресми ұстанымын білдірмейді.

«Қоғамдық көлік қызметтері бойынша тарифтерді қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне кіреді. Бұл мәселе Энергетика министрлігінің жұмыс бағытына жатпайды және оның күн тәртібінде жоқ», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Олжас Байділдинов Қазақстанда қоғамдық көлікпен жүру құнын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Оның сөзінше, Астана мен Алматы қаласында жолақы 500 теңге болуы тиіс. Себебі жол жүру құны өз-өзін ақтамайды. Соның салдарынан автобус парктерін субсидиялауға қыруар қаржы бөлініп отыр. Мұнай және энергетика саласының сарапшысы атанып жүрген, бұрынғы энергетика министрінің кеңесшісінің айтып отырған сөзі бұл.

Байділдинов Энергетика министрлігінің штаттан тыс кеңесшісі болып тұрған кезінде, Қаңтар оқиғасының алдында «газдың бағасымен келіспейтіндер қоғамдық көлікпен жүрсін» деген болатын. Ал енді жол жүру ақысын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр.