Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:26

Еңлік Ақдәулет: Қазақ қыздарына осы «бәсеке» керек пе еді?

Қазақ әйелдері
Фото: qazaqstan.tarihy парақшасынан

Майя Бекбаеваның бір ауыз сөзі әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Бірі жақтады, бірі даттады, бірақ бұл әңгіме әлі басылар емес. Итің жаман десе ренжитін халықпыз ғой, Майяның бұл сөзі біраз адамның намысына тигені рас. 

Мұны қандай мақсатта айтты, оны кімдер қалай бұрмалады, қай контекстен, не себепті, кім жұлып алды – ол енді бөлек әңгіме. Мәселе отыз екі тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарап кеткенінде. Маржандай тізілген сол отыз екі тістің иесі бүкіл ел танитын, қазақша сөйлегені үшін (әкесі қазақ болғанмен, түрі шешесіне тартқан орысқа келеді) аңғал қазағым жанындай жақсы көретін әйгілі журналист әрі блогер болғанында. Төлегеннің қызы аңдамай айтты ма, әдейі істеді ме, әйтеуір, «мақтаған қызымыз» тура аналар күніне қарай қалың қазақтың бір жарасын тырнап кеп жіберді.

Сондағы айтқаны – ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ әйелдері «бәсекеге қабілетсіз» болыпты-мыс, қазақ зиялыларының өз елінен теңін таппай, өзге ұлт өкілдеріне үйленуі содан екен. Кейін бұл сөзді алай да, былай да «жұмсартқысы» келгенмен, әлеуметтік желі қолданушылары іліп әкеткен бұл «мәлімдеме» жұрттың ашуын тудырды. Блогерлер, тарихшылар, журналистер Майяның айтқанын теріске шығарып, өткен ғасырдың басында өмір сүрген қазақтың зиялы қыздары мен келіншектерін тізіп, біздің де «тоқалдан тумағанымызды» дәлелдеген жазбаларын жаппай жариялады. Соның арқасында бұл тақырып бойынша жұрттың біраз көзі ашылып қалды. Майяға: «Біз де бәсекеге қабілеттіміз, көрдің бе?» дегендей, шах пен мат қойып, бұл «мәдени майданда» жеңіске жеткендей марқайып қалдық.

Ал әңгімені алдымен осы бір орынсыз сөз тіркесінен бастау керек сияқты – «бәсекеге қабілетсіз» дей ме? Нарықтық экономикадан келген бұл терминді қазақ әйелдеріне қатысты қолдану дұрыс па? Бәсекеде біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Бірі озып, бірі артта қалады. Бәсеке бизнесте, спортта, мансапта болмай ма? Бекбаеваның тұтас бір ұлттың әйелдеріне осылай ойланбай «диагноз» қоя салғаны қалай? Тендер емес, әйел заты, бір ұлттың мәдениеті жайлы айтып отыр ғой. Ал қазақ әйелдеріне қатысты, оның ішінде зиялыларға жар болу тұрғысынан, бәсекеге қабілеттілік деген сөз тіркесін қолдана отырып баға беру музыканы килограмдап өлшеп баға бергенмен тең.

Жарайды, баға бергіш, өлшегіш екенсің, онда нақты өлшемдеріңді сандық көрсеткіштеріңмен, килограмдап болса да, келтіре қой. «Қазақстанда сол кезеңде неше дана (орысша айтсақ, штук) зиялы болды? Оның нешеуі орыс әйеліне, нешеуі қазақ әйеліне үйленді? Бәсекеге қабілеттілікті нендей көрсеткішпен өлшедің – қызыл дипломмен бе? Әлде гимназия бітірді деген аттестатпен бе? Әлде қалыңдықтың неше тіл білгенімен бе? Бәсекенің деңгейі қандай болды – бір зиялы жігітке шаққанда оған тұрмысқа шыққысы келген неше қалыңдық болды? Қазіргіше айтсақ, бір орынға конкурс жоғары болды ма? Қараңызшы, жындының сандырағы сияқты, ойға қонбайтын дүние, иә? Бұл бір.

Екіншіден, қазақ әйелдерінің білім деңгейі төмен, олар оқыған жоқ, тіпті қараңғы болды деген жаңсақ пікір жалпы қазақтар қараңғы, жабайы халық болған деген мифтен бастау алады. Ал енді Алашаорда арыстары туралы бағдарлама түсірген журналистің бұл мифті теріске шығара отырып, енді сол «қараңғылықты» қазақтың ер азаматтарынан қыз-келіншектеріне қарай ысырып тастағаны қалай?

Жалпы, зиялы қауым қашанда қоғамның тек шағын ғана үлесін құрайтыны белгілі. ХХ ғасырдың басында жалпы білім деңгейі сол патшалық Ресейіңде де оңып тұрғаны шамалы. Орыс әйелдерінің бәрі шетінен білімді болды деу шындыққа жанаспайды. Ресейде де қыздар үшін білім алу соншалықты оңай болған жоқ. Сондықтан жалпы контексті ескермей, тура қазақ әйелдерінің білімі болмады деп мәлімдеу – тарихи ақиқатты жоққа шығару. Сол кезеңде орыстың зиялы қауымында білімді әйелдер көп болған, әрине. Бізде де болған. Бірақ оларға қарағанда азырақ шығар. Бірақ прагматик Бекбаеваның әдісімен ол әйелдердің санын процентке шақсақ, бәлен миллион орыс ұлтынан шыққан білімді әйелдің саны сол кездегі саны аз қазақ халқынан шыққан білімді ханымдардың проценттік үлесімен тең болары анық. Оны енді білетін жұрт есептеп шығарар, қажеті боп жатса.

Маяның айтқан уәжі білім саласына еуропацентристік көзқарасқа негізделген. Қазақ даласында төте жазуды меңгерген, хат танитын адамдар көп болған, бірақ оларды шовинист билік сауаттылардың қатарына жатқызбаған. Бұл жалпы империяларға тән дүние. Ұлыбритания ежелгі өркениеттің ошағы, шахматтың отаны Үндістанның халқын да жабайы, қараңғы санағаны сияқты, өзін басқалардан жоғары санайтын орыс отаршылары да (Қызыл әскер де, коммунистік партия да – сол баяғы отаршылар) қазақты адам қатарлы санамаған. Өздерінің мәдениетіне ұқсамайтын өзге мәдениетті мәдениет деп қарамаған. «Далалық өркениет», «көшпелілердің білім жүйесі», «ұлттық педагогика» деген дүниелердің сол еуропацентристік ұстанымға қарамастан, енді зерттеліп, бас көтергені кеше ғана. Қазақ қыздары арабша хат таныған, өз шежіресін білген, ауыз әдебиетінің көркем туындыларын жатқа білген. Сол «бәсекеге қабілетті» славян қыздарын қазақтың кең даласына жіберсең, арам өлмейтініне кім кепіл? Көшпелілер жетік меңгерген жер тану, аспан денелінің көмегімен жол табу, ауа-райы құбылыстары, елсіз далада тіршілік ету деген дүниелерден олардың хабары болды ма? Жау шапса, қару алып, қорғана білді ме? Сондықтан бір мәдениет үшін құнды дүниелердің екінші мәдениетке жат болуы заңды. Дегенмен бір ұлттың мәдениетін жоғары не төмен деп бағалау дұрыс емес. Мұны көзі ашық, «бәсекеге қабілетті» ханымдар білгені дұрыс.

Үшіншіден, сол «бәсеке» болды ма? Қазақ зиялыларына тұрмысқа шыққысы келген, бірақ «конкурстан құлап қалған» қазақ қыздарын елестете аласыз ба? Күлкілі ғой. Қазақ революцияға дейін қыздарын, әсіресе текті әулеттен шықса, жастайынан атастырып қойған. Сондықтан «байға тиюге кезекте тұрған бәсекеге қабілетті» басы бос қалыңдық қазақ даласында болмаған да шығар.

Сосын сол заманда қазақ қауымы еуропалық үлгіде шаш қоятын, еуропалық үлгіде киінетін азаматтарды, шыны керек, аса құптай қоймағаны анық. Орысша оқыса, «ойбай, мынау шоқынған» деп, қыздарын да бергісі келмеген болар. Мәселе құндылықтардың қайшылығында. ХХ ғасырдың бас кезі – көшпелі өркениеттің бірте-бірте құрып, қазақтың отырықшы мәдениетке амалсыз бет бұрған уақыты. Заман талабын түсініп, оған бейімделе бастаған прогрессивті шағын топ пен қалың бұқараның арасында алшақтықтың болғаны рас. Жалпы, дәстүрлі қазақ қоғамында бойжеткен қыз қанша еркін өскенмен, қызға қырық үйден тыю деп, бейсауат жүрмеген. Алыстағы орыстың түсініксіз оқуына да қазақтар қыздары түгіл, ұлын да жібергісі келмеген. Ал зиялы азаматтар негізінен қалада, мәдени ортада тұрған, жұмыс істеген, түрлі жиындарға қатысқан. Осы екі бөлек әлемнің тоғысуы, екі бөлек ортада өмір сүретін қыз бен жігіттің кездесу ықтималдылығы қандай болды деп ойлайсыз? Ал еуропалық құндылықтарды сіңіріп өскен өзге ұлттан шыққан ханымдар қазақ қыздарына қарағанда, қазіргі тілмен айтқанда, әлдеқайда «қолжетімді» болды, жеңілтек дегенім емес, оларды сол зайырлы ортада, түрлі жиындарда, жұмыс орындарында кездестіру ықтималдырақ болды дегенім.

Сосын біз неге бұл нәрсеге басқа қырынан қарамаймыз? Егер орыс, украин, өзге де ұлттан шыққан білімді, зиялы әйелдер, өз ұлтының сондай зиялы өкілдері тұрғанда, біздің қазақтың жігіттеріне жаппай тұрмысқа шыққанын ескерер болсақ, демек біздің азаматтарымыздың сол заманда «бәсекеге қабілеттілігі» жоғары болғаны ғой? Соны неге айтпаймыз?

Тағы бір ескеретін жайт, кеңес заманында өзге ұлт өкілдеріне үйленудің сол кездің тренді болғаны анық. Бұған себеп – кеңес идеологиясы. Бүкіл ақпарат құралдары, кино, театр, әдебиет арқылы тараған «халықтар достығы», интернациоализм деген идеологемалардың ықпалымен сол заманда аралас некелердің көбейгені анық. Одақтас республикалардағы партия басшыларының орыстан «қатын алуы» сол кезде жаппай құбылысқа айналған. Мұны да санап, «килограмдап өлшейтін» арнайы зерттеулер керек шығар. Жалпы, кеңес заманында, әсіресе 60-70-ші жылдары орыс әйел алу қазақ зиялысы үшін белгілі біл саяси-әлеуметтік маңызға ие болуы әбден мүмкін. Орыс «элитасына» енген ер азаматтардың сол ортаның құндылықтарын – орыстың тілін, ділін, мәдениетін сіңіріп, сол құндылықтарды ұстанатын орыс әйелімен көңіл жарастыруы заңды емес пе?

Қысқасы, формалды білім алуға мүмкіндік болмаған, бірақ ақыл-парасаты мен төзімінің арқасында ұлтты ұйытып тұрған аналар буынына кінә тағып, «бәсекеге қабілетсіз» деу – тарихи әділетсіздік қана емес, рухани соқырлық. Олар ешқашан ешкімнен кем болған емес, тек отарлық, еуропацентристік көзқарастың көлеңкесінде қалды. Ал шын мәнінде, сол әйелдердің арқасында ұлттың діні де, ділі де, тілі де сақталды. Алашорда зиялыларын тәрбиелеп өсірген сол «бәсекеге қабілетсіз» қазақтың аналары емес пе?

Бұл мәселе бүгін де өзекті. Қазір де қаншама қабілетті, білімді қазақ қызы ғылымға да, шығармашылыққа да, қоғамдық іске де өзін толық арнай алмай отыр – себебі олардың заты әйел. Бала табу, оны бағып өсіру, отбасын ұйыту, еріне тірек болу – осының бәрі әйелге жүктелген. Мұндай жағдайда сырттай тон пішіп, біреуге «бәсекеге қабілетті», енді біреуге «қабілетсіз» деген таңба тағу – арзан баға ғана емес, адамшылыққа да сын.

Әйелдің қоғамдағы рөлі деген – бір өлшеммен кесетін дүние емес. Ол – ана, жар, кәсіби маман, елдің тірегі, ұлттың ұстыны. Осы рөлдерді тең ұстау, өзін жоғалтпай, қоғамға да, отбасына да үлес қосу – бұл нағыз күрес. Ал осы күресті үнсіз жүргізіп келе жатқан әйелдерге сырттан баға беруге ешкімнің хақысы жоқ.

Сондықтан Майя Бекбаевадай білімді, қоғам алдында сөзі өтімді, танымал тұлғалар қазақ әйелдеріне осылай баға берудің орнына, осы тарихи мәселенің жүгін, жауапкершілігін ескеруге тиіс еді. Аңдамай айтты ма, әдейі айтты ма, елдің көңіліне қаяу түсірді. Ұлттың ескі жарасын тырнап, тарихи травмасын оятты.

Ал енді сол жараның беті ашылған екен, бәріміз жабылып емдеуіміз керек. Бұл жараның емі – шындық, тарихи ақиқат. Әйтпесе, «қазақ әйелі бәсекеге қабілетсіз» деген сыңаржақ пікір тағы бір онжылдыққа созылып кетуі мүмкін. Оған жол бере алмаймыз.

Еңлік Ақдәулет, саясаттанушы