Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:47, 18 Наурыз 2025

ЕО елдері Украинаға көмек көрсету бойынша ортақ келісімге келе алмады

 Кая Каллас
Брюссельдегі ЕО Кеңесінің отырысына қатысушылар, оң жақта еуропалық дипломатияның басшысы Кая Каллас. Фото: Yves Herman/REUTERS

ЕуроОдақтың (ЕО) сыртқы істер министрлері Украинаға 40 миллиард еуро көлемінде көмек көрсету мәселесі бойынша ортақ келісімге келе алмады.

Бұл туралы Брюссельде өткен ЕО Кеңесі отырысынан кейін Еуропаның сыртқы істер қызметінің басшысы Кая Каллас мәлімдеді. Ол жақын арада бұл бағытта прогресс болады деп үміттенетінін жеткізді.

Көмек көрсетуге кім қарсы шықты?

Көмек пакетін бөлу туралы бастаманы Кая Каллас ұсынған болатын. Алғашында 20 миллиард еуро көлеміндегі көмек қарастырылғанымен, Венгрия бұл ұсынысты қолдамады.

ЕО шенеуніктері бұдан кейін Украинаны әскери қолдау үшін ерікті қор құруды ұсынды. Бұл тәсіл көмекті бөлуге кедергі келтіруі мүмкін елдердің блоктау әрекеттерінен айналып өтудің бір амалы ретінде қарастырылды.

Алайда, бұл жоспар да кейбір еуропалық саясаткерлер тарапынан қолдау таппады. Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо Брюссельдегі саммит алдында оның елі Украинаға көмекті ЕО бюджеті есебінен қаржыландыруды қолдамайтынын мәлімдеді. Италия сыртқы істер министрі Антонио Таяни La Stampa газетіне берген сұхбатында ЕО елдерінде ұсынылған жоспардың шикі екенін айтты.

Еуроодақтың ұстанымы қандай?

ЕО-ның Украинаға қолдау көрсетуге қатысты біртұтас ұстанымы жоқ екені тағы бір мәрте байқалды. Бұған дейін ЕО-ның қорғаныс саласына жауапты жоғары лауазымды тұлғалары Украинаға қару-жарақ жеткізу үшін жаңа қаржылық тетіктерді қарастыру қажеттігін мәлімдеген болатын. Алайда, Венгрия мен Словакия секілді елдер бұл бастамаларға үзілді-кесілді қарсы шығып отыр.

ЕО елдері арасындағы бұл алауыздық Украинаға қажетті қаржылық және әскери көмекті уақтылы жеткізуде қиындықтар туғызуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, егер қазіргі жағдай өзгермесе, Украинаға көмек көрсету мәселесі одан әрі күрделене түсуі ықтимал.

Қазіргі таңда Еуропалық Одақтың Украинаға 40 миллиард еуро көлемінде көмек көрсету мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Алдағы апталарда бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін, бірақ кейбір елдердің қарсы ұстанымдары жағдайды қиындатуы ықтимал. Еуропалық саясаткерлер бұл мәселенің шешімін табуға тырысқанымен, ЕО ішінде бұл бағыттағы пікір қайшылығы әлі де жалғасып жатыр.