Эпидахуал: су кетпей, топырақ кеппей... Су басқан аймақтарда эпидахуал қалай?
Бір айға жуық елімізді сарсаңға салып келе жатқан қызыл су үйлерді ғана емес, зираттарды, аурудан өлген мал көмілген шұңқырларды, дәретханалар мен қора-қопсыны, қоқыс алаңдарын да шайып жатыр.
Оған қоса, судан қашқан кеміргіштер тағы бар. Осының әсерінен түрлі инфекциялық аурулар тарап, эпидемиологиялық ахуал ушығып кетуі мүмкін. Ауыз судың ластану қаупі де жоғары.
Әзірге, қауіпті инфекцияларды жұқтыру фактісі тіркелмеген, жағдай бірқалыпты, су тасқыны кезеңіне тән нозологиялар артпаған. Алайда күннен күнге қырылған малдың саны қалыңдап келеді. Атырау облысы мен БҚО-да зираттарды, БҚО-да сібір жарасынан өлген малдың қорымын су шайғаны айтылды. Оның үстіне, судың беті жақын маңда қайтпайтын секілді. Керісінше, Атырау, Ақмола, Солтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болады деген болжам бар. Демек, қауіп артпаса, сейілмей тұр.
Мұндай жағдайда сібір жарасы, тырысқақ, бруцеллез, туляремия, бүйрек синдромды геморрагиялық қызба секілді аурулар, жедел респираторлық вирустар, ішек инфекциялары, А вирустық гепатиті, А және В паратифі, дизентерия, іш тифі, іш сүзегі, ротавирусты, энтаровирусты инфекциялар, тырысқақ, паротит, сальмоналлездің таралып, дес бермей кетуі ықтимал. Сондықтан ДСМ бақылауды күшейтіп, азаматтар барынша сақтық шараларын қолға алуы керек.
Тасқынның суын жалаңаяқ кешуге болмайды
Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Жасұлан Алпысбаев былай дейді:
«Біріншіден, тұрғындар су басқан ауласына не үйіне заттарын алу үшін кіріп, шығып жатады. Бірақ олай жасау қауіпті. Суды кешіп өтпек тұрмақ, жолауға болмайды. Бара қалған күннің өзінде арнайы киім мен резеңке етік, резеңке қолғап кию керек. Екіншіден, түрлі инфекциялық аурулар жұғып кетпес үшін тасқын су тиген азық-түлік, ет, ұн өнімдерін пайдаланбаған жөн. Әзірге ауыз суды да бөтелкеден ішкен дұрыс. Себебі тасқын болған өңірлерде лай су ауыз суымен араласып кетеді. Осы мәселені бақылауда ұстау үшін аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ауыз судыңсапасына тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр. Олар қалыпты жағдайда айына бір рет талдау жасаса, қазір күн сайын санитариялық-химиялық, микробиологиялық сынамалар алынады. Нәтижелер де бұрынғыдай 1 апта, 10-15 күн ішінде емес, максималды жылдамдықпен шығарылып отыр.
Тасқын басталғалы 7 мыңнан астам ауыз су сынамасы алынса, соның 900-і орталықтандырылмаған жүйелер. Бұл дегеніміз – халық өз бетінше тұтынып келген құдықтар, бұлақтар мен колонкалар. Соның 84-і тиісті нормаларға сәйкес келмейтіні анықталып, тұтынуға тыйым салынды. Ал орталықтандырылған жүйелерде су түсінің өзгеруі мен лай болуына байланысты ауытқулар кездеседі. Мұндайда бірден жергілікті су шаруашылығы ұйымдарына байланысқа шығып, судың қолданысын тоқтатып жатырмыз. Әрине, бөтелкедегі су бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан үйдегі суды қайнатып барып қолдануға болады. Азық-түлік пен тұрмыстық заттарды да қайнатылған сумен жуу шарт».
Маманнан зираттар мен қорымдар туралы да сұрадық. Айтуынша, марқұмдардың денесі жерге көмілген соң, одан инфекция таралу қаупі айтарлықтай жоғары емес. Өйткені адам ауырып қайтыс болғанның өзінде бойындағы ауру қоздырғыштар топырақта ұзақ тіршілік ете алмайды, өліп кетеді.
«Көпшілік қорқып жүрген коронавирусты алар болсақ, әуелде аталған жаңа инфекцияға антиденелеріміз жоқ болғандықтан біраз қиналдық. Ал қазір оған қарсы иммунитет бар, вакцина мен ревакцинация халықтың басым бөлігін қамтыды. Яғни қоғамдық иммунитет қалыптасып, ковид қатардағы вирустардың бірі болып қалды. Дәл осы себептен, кезінде осы вирустан қаза болғандардың зираты ашылып, суға тараса да, оған біздің иммунитет төтеп бере алады. Халық басқа қауіпті инфекцияларға да кесте бойынша егіліп жүргендіктен қорықпауға негіз бар. Әрине, моральдық тұрғыдан зираттардың ашылып, су астында қалуы кімге де болсын оңай тимейді. Бұл өз алдына бөлек тақырып», – дейді эпидемиолог.
Су кетеді, өлексе қалады
Жоғарыда мал қорымдарының да тасқын астында қалғанын айттық. Мәселен, жағдай ушығып тұрған Батыс Қазақстан облысында сібір жарасынан өлген мал көмілген 3 орынды су басқан. Бұған қатысты облыстық ветеринария басқармасы «Мал дәрігерлері барынша қысқа мерзімде су тасқыны болған аймақтардағы үй жануарларын сібір жарасына және басқа да жануарларды эмфизематозды карбункулға қарсы вакциналайды» деген хабарлама жасады. Қауіптілігі сол, сібір жарасының таяқшалары 20-40 жылға дейін топырақ астында тірі жата береді. Мұндай аурудан қырылған малды арнайы стандарттарға сай, нұсқаулықтарға сүйене отырып көмеді: өртелген малды арнайы бетон контейнерге салып, қоршау жасайды, дезинфекциялық құралдар себіледі, көму орны мен объектісі мұқият таңдалып, арнайы ветеринарлық инспектор тағайындалады. Бірақ мұндай сақтық шараларына қарамастан, су басқан қорымдардан ауру таралу қаупі жоқ деуге келмейді дейді ДСМ өкілдері.
Ал ауыл шаруашылық министрлігі болса, сібір жарасының жұғу фактісі тіркелмеген деп сендіріп отыр. «Еліміздің су басқан 3 облысында 10 сібір жарасы ауруының көмілген орны бар. Барлық учаскелерден топырақ сынамаларын алу үшін ветеринария және медицина мамандарынан құрылған арнайы топ жіберілді. Әр сынама бойынша республикалық ветеринариялық зертханада, ұлттық ветеринариялық референттік орталықта ПТР зерттеулері мен бактериологиялық зерттеулер жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша сібір жарасы анықталған жоқ, эпизоотиялық жағдай тұрақты. Барлық өңірлерде сібір жарасы, қарасан, аусыл және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы жоспарлы егу жұмыстары жүргізіліп жатыр» дейді ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, шамамен 7 мыңға жуық бас мал өлген. Өз кезегінде өлекселерді судан шығару, утилизациялау, залалсыздандыру мәселесі туындаған. Бұдан бөлек, нысандарды залалсыздандыру ісі де тоқырап тұр деуге болады. Қазір 11 мыңнан аса залалсыздандырылуға тиіс нысанның 1800-і ғана толық дезинфекциядан өткен. Басты кедергі тасқынның толастамай, жердің кеппей тұрғаны көрінеді. Дәл осы себептен топырақтан да сынама алу мүмкін болмай отыр екен. Жер кепкен күннің өзінде 10 облыстың су басқан өңірлеріне арнайы дезинфекциялық құралдар жетпей қалуы ғажап емес. Бұл мәселе республикалық штабта қаралып, қосымша сатып алулар ұйымдастырылатыны айтылды.
Министрліктер мен жауапты мамандардың «жасап жатырмыз» дегендерінен бөлек, халықтың реалды жағдайы да қоғамның көз алдында. Әлеуметтік желіде таралып жатқан видеолар мен жазбалардан, әртүрлі посттардан өлген малды тазалап жүрген қарапайым тұрғындарды, суды кешіп ТЖ-ға қарсы күресіп жүрген еріктілерді көріп отырмыз. Ал бөтелкедегі таза су жетпей жатқан өңірлер қаншама? Олар ұсынылмайтын орталықтандырылған жүйедегі суды ішуге, тұтынуға мәжбүр. Бұлай жалғаса берсе, эпидахуал қиындап, тағы бір қиындыққа тап келуіміз ықтимал.
Жауапты министрліктер «бәрін істеп жатырмыз, жағдай тұрақты» деп жауап беріп, құтылуға асығып отырғанда, шынайы ахуалдан тағы бейхабар қалмасақ екен дейсің.
Баян Мұратбекқызы