Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:26, 11 Сәуір 2022

Эпидмаусым: төтеншеліктер сақ болуды ескертеді

None
None

Қызылорда облысындағы төтенше жағдайлардың өткен уақыттардағы залал-зардабын сараламай-ақ, жыл басынан бергі табиғи және техногендік сипаттағы жағдайларға көз жүгіртсек жыл басына бері 99 оқиға орын алған.

Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 10,8% кем, яғни зардап шеккендер саны 70,6% азайған. Өкініштісі сол, төтенше жағдайдан бір адам қаза тапты. Материалдық шығын 28,01 млн. теңгені құрады.

Оқиғалардың басым бөлігі өндірістік және тұрмыстық өрттер. Мәселен, жуырда ғана төтеншеліктер 15 адамды тілсіз жаудан арашалап қалды. Өрт сөндірушілер көпқабатты үйдің 5-ші қабатынан баспалдақ арқылы алты ересек, үш жасөспірімді құтқарды. Сонымен қатар, көрші пәтерлердегі адамдармен қатар, барлығы 15 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Негізгі себеп, тұрғын үйдің табиғи газға қосылмағаны, соған орай тұрғындардың газ баллонын пайдаланғаны белгілі болды.

Жыл сайын әйтеуір бір тосын сыйын ұсынатын табиғаттың қатерінен тосылмай өтіп келе жатқан Сыр елін биыл да су тапшылығы қысуы мүмкін. Облыс аумағының 1274 шақырымына созылатын Сырдария өзенінен бүгінде секундына 1000 текше метр су өтіп жатыр. Әзірге Сырдария өзенінің су деңгейі көтеріліп тұр, осыған орай Қызылорда су торабынан 536 текше метр су өтуде. Ал Шардара су қоймасынан Сырдарияға 1000 текше метр су өтуде.

— Шардарадан Сырдария өзенінің төменгі ағысына мың текше метр су тасталуда. Оның 450 текше метрі Көксарай су реттегіш қоймасына келуде. Бүгінде облыс аумағына 600 текше метр су келуде. Магистральді каналдар мен көлдер жүйесі арқылы су алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 56 су басу қаупі бар аймақ анықталып, оларға  398 арнайы техника және 1367 адам күші бар 197 мекеме бекітілді, — дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.

Сырдарияның дәл осылай толуы бес жыл бұрын тіркелген екен. Өзен арнасының толуына көктемгі жауын-шашынның мол әсері бар.

— Наурызда жауын-шашынның мол түсуіне байланысты су көбейді. Сондықтан Шардара су қоймасын транзиттік режимге қойып, төменге жіберілетін су көлемін 1340 текше метрге көбейттік. Қазір Көксарай қоймасында 658 млн. текше метр су бар, — деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

«Қазсушар» РМК мамандары болса су қоймаларына қажетті көлемдегі суды жинап алмасақ, тағы да былтырғыдай су тапшылығына ұрынуымыз мүмкін дейді.

— Сырдария өзенімен облыс шекарасына 650 текше метр су түсуде. Ал Қазалы су торабынан 235 текше метр су өтіп жатыр. Суды қауіпсіз өткізу мақсатында каналдармен су алу кестесі әзірленеді. Биыл Шардараға 2,3 млрд. текше немесе Көксарайға 1,5 млрд. текше суды жинапалмасақ, егістікке су беру маусымында су тапшылығы болады деп күтілуде, — дейді «Қазсушар» Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Көктемде жәндіктердің де жер бетіне шығып, жекелей қауіп төндіретіндері бар. Әсіресе кене атаулысы — конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы. Былтыр бұл дертке шиелілік екі тұрғын ұшырады. Сала мамандары биылғы зерттеулерінде конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы ретінде 116 елді мекенді анықтады. Осыған орай сәуір айының ортасынан бастап Жаңақорған, Шиелі аудандарында кенеге қарсы улау жұмыстары басталады.

— Облыста 11 сәуір мен 30 мамырда конго-қырым геморрагиялық қызбасы болуы мүмкін деген табиғи ошақтарды залалсыздандыру жұмыстары жүреді. 116 елді-мекеннің 600 мыңнан астам мал басына және 33156 қора, суат пен шаңдақтарға «Креолин х» ерітіндісі қолданылатын болады, — деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.

Эпидемиолог мамандарда эпидмаусымның басталуына орай аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық шараларды бастап кетті.

— Былтырғыға қарағанда биыл 116 мекен қолайсыз аймақтар қатарында. Энтомолог мамандардан құрылған 3 арнайы жұмысшы топ 239 елді-мекенде зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барысында 833 сынама зерттеліп, нәтижесінде жануарлардан және далалық жерлерден жиналған кенелердің 24 сынамасынан «оң» нәтиже анықталды. Осы себепті қора және аула тазалығын қатаң сақтау керек. Қолайсыз елді-мекендерде жүрізілген өңдеу жұмыстары барысында жануарлар мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз. Қазіргі таңда медициналық мекемелерде конго-қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан науқастарды емдеу үшін арнайы препараттар қоры жасақталды, — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Аталған аурумен көбінесе малшылар, егіншілер, фермерлер және табиғат аясында демалушылар көп шалдығады. Бұл ауру кене шағу барысында, ауру кененің қаны арқылы тікелей жұғу қаупі өте жоғары.

— 14 күн ішінде науқаста ауру пайда болуы мүмкін. Адамда дене қызуы қатты көтеріледі, бас айналу және қан кету жағдайлары болады. Сондықтан көктемгі эпидмаусымда барынша сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек, — деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мира Алмаханова.

Тегтер: