Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:41

«Эпштейн файлдары»: Трамп қаржыгердің ұшағымен сегіз рет ұшқан

Трамп
Фото: House Oversight Committee

АҚШ Әділет министрлігі кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау және адам саудасы айыптары бойынша атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты өңделген құжаттардың жаңа бөлігін жариялады.

Жаңа материалдарға сәйкес, Эпштейнмен жақын таныстығын жоққа шығарып келген АҚШ президенті Дональд Трамп 1990-жылдары кемінде сегіз рет қаржыгердің жеке ұшағымен сапарлаған.

Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады.

«Эпштейн файлдарының» жаңа бөлігінде Трамптың Эпштейннің жеке ұшағында сегіз мәрте болғаны көрсетілген. Құжаттарға сүйенсек, ол кейбір рейстерде жұбайы мен қызымен бірге ұшқан, сондай-ақ бір жағдайда аты аталмаған 20 жастағы қызбен бірге сапар шеккен.

Жарияланған материалдар арасынан журналистер 2019 жылы Нью-Йорктегі түрмеде Эпштейннің өліміне бірнеше күн қалғанда жазылған болуы мүмкін хатты да тапқан. Хатта автор президенттің «жас қыздарға құмарлығын бөлісетінін» және «жас аруларды жақсы көретінін» мәлімдейді.

Аноним айыптаулар

Сонымен қатар NBC телеарнасының мәліметінше, құжаттар арасында 2020 жылғы президенттік сайлау қарсаңында FBI-ға түскен аноним хабарламалар да бар. Сол хабарламалардың бірінде белгісіз адам 1990-жылдары Трамп пен Эпштейн тарапынан зорлық көрген әйелді танитынын айтқан. Алайда бұл хабарламалар бойынша тергеу жүргізгідгені белгісіз.

Әділет министрлігінің ұстанымы

АҚШ Әділет министрлігі бұған дейін жарияланған кейбір материалдарда «президент Трампқа қатысты жалған әрі сенсациялық айыптаулар бар» екенін және олардың «ешқандай сенімге ие емес» екенін мәлімдеген.

Дональд Трамптың өзі Эпштейнмен қарым-қатынасты ол алғаш рет 2006 жылы тұтқындалғанға дейін үзгенін бірнеше рет айтқан. Алайда Ақ үй басшысы қаржыгердің жеке ұшағымен жасалған сапарлар туралы деректер мен жаңа айыптауларға әзірге түсініктеме берген жоқ.

Файлдардың жариялану тарихы

Қараша айының соңында Дональд Трамп Эпштейн ісі бойынша барлық материалдарды жариялауды міндеттейтін заңға қол қойған. Құжаттардың алғашқы бөлігі 19 желтоқсанда жарық көріп, онда 13 мың өңделген файл жарияланған еді. Олардың көпшілігі бұрын да белгілі болған немесе «жәбірленушілерді қорғау» мақсатында қысқартылған.

«Эпштейн файлдарындағы» фотосуреттерден Дональд Трамптан бөлек, Ұлыбританияның бұрынғы ханзадасы Эндрю, әншілер Мик Джаггер мен Майкл Джексон, АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон, Сергей Брин, Билл Гейтс, сондай-ақ ғалым әрі публицист Ноам Хомский сияқты өзге де танымал тұлғаларды көруге болады.

Әділет министрлігі бұл фотосуреттерде атақты адамдардың көрінуі олардың Эпштейннің қылмыстық әрекеттеріне қатысы барын немесе оның «қызметтерін» пайдаланғанын дәлелдемейтінін ерекше атап өтті.

Тергеу нұсқасы

Тергеу деректеріне сәйкес, Джеффри Эпштейн адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау мақсатында адам саудасы желісін ұйымдастырған. Ол өзі де жас қыздарды пайдаланған және оларды ықпалды адамдарға ұсынған.

Эпштейн 2008 жылы жезөкшелік ұйымдастырды деген айыппен сотталып, тергеумен келісімге келу арқылы бар болғаны 13 ай түрмеде отырған. 2019 жылы ол адам саудасы айыбымен қайта қамауға алынды. Сол жылы Нью-Йорк түрмесіндегі камерасында ресми нұсқа бойынша өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланды.

2025 жылдың қыркүйегінде АҚШ Демократиялық партиясының өкілдері Дональд Трамптың 20 жылдан астам уақыт бұрын Эпштейнге жіберген құттықтауының суретін жариялады.