"Эпштейн ісі": бұрынғы ханзада Эндрю Виндзордағы сарайдан жедел көшіп кетті
Ұлыбритания королі Чарльз III-нің інісі, Джеффри Эпштейнмен байланысына байланысты барлық атақ-дәрежелерінен айырылған Эндрю Виндзордағы резиденциясын тастап, Солтүстік теңіз жағалауына жақын аймаққа қоныс аударды.
Бұдан былай ол Норфолк графтығындағы қарапайым үйде тұрады.
Бұрынғы ханзада 2 ақпанда Виндзордағы Royal Lodge сарайын босатып, Англияның шығысындағы Сандрингем иелігіндегі Wood Farm атты үйге көшкен.
BBC дерегінше, бұл уақытша баспана. Кейін Эндрю Сандрингем аумағындағы негізгі сарайдан шамамен төрт шақырым қашықтықта орналасқан, корольдік өлшемдер бойынша өте қарапайым саналатын Marsh Farm үйіне тұрақты қоныстанады. Сандрингем иелігінің жалпы аумағы шамамен 80 шаршы шақырым.
Өткен жылдың қазан айының соңында Букингем сарайы Эндрюдің 2026 жылдың басында басқа жерге көшетінін хабарлаған еді. Ал Эпштейн ісі бойынша жаңа құжаттардың жариялануы бұл процесті жеделдеткен.
Британ қоғамы Эндрюдің АҚШ-та педофилия айыбымен сотталған Эпштейнмен қарым-қатынасы жөнінде ресми түсініктеме беруін табанды түрде талап етіп отыр. Ал Эндрю өзі ешқандай заңсыз әрекетке қатысы жоқ екенін айтып келеді.
Сандрингем — король Чарльз III-нің жеке меншігі. Інісінің жаңа тұрғылықты жеріне байланысты барлық шығынды король өз қалтасынан төлейді.
Эндрюдің мінез-құлқы мен беделі ұзақ уақыттан бері корольдік отбасы үшін күрделі мәселе болып келген. Қоғам арасында оған қатысты қабылданған шешімдер кеш әрі жеткіліксіз деген пікір жиі айтылды.
Сарай маңындағы дереккөздер Эндрюдің Сандрингемге — Лондоннан, сондай-ақ ханзада Уильям отбасымен бірге тұратын Виндзордан алысқа кетуі оны қоғамдық назардан барынша оқшаулауға мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
Эндрю Виндзордағы сән-салтанатты сарайда тұрған кезде қоғамда наразылық туындаған.
Айта кетейік, Виндзор иелігі мен ондағы корольдік сарай Сандрингемнен айырмашылығы — корольдің емес, Қаржы министрлігіне қарайтын «Корольдік мүліктер» атты мемлекеттік мекеменің балансында.
Корольдік отбасына жақын дереккөздердің айтуынша, бір жағынан Эндрюді жасаған қателіктері үшін белгілі бір деңгейде шектеу қажет, екінші жағынан ол әлі де отбасы мүшесі ретінде қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс. Осы себепті король оған Норфолкта өз қаражатына үй берген.
Қазан айында король Эндрюді қалған барлық титулдарынан толық айырды. Бұған дейін Эндрю өзі ерікті түрде Йорк герцогы атағынан бас тартқан болатын.
BBC мәліметінше, 65 жастағы Эндрю өмірінің қалған бөлігін Солтүстік теңіз маңындағы егістік алқаптар ортасында, корольдік өлшеммен алғанда қарапайым үйде өткізуі мүмкін.
Сандрингем иелігі 1862 жылы сол кездегі Уэльс ханзадасы Альберт (кейін король Эдвард VII) тарапынан сатып алынған. Бұл аумақта бірнеше ауыл мен қыстақ, сондай-ақ шамамен 40 шаршы шақырым ауыл шаруашылығы жерлері бар. Негізгі ғимарат — Sandringham House — жүзден астам бөлмеден тұрады, оның ішінде бал залы да бар.
Сонымен қатар, Эндрюдің Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Британ полициясы америкалық адвокат Брэд Эдвардстың Эпштейн 2010 жылы кемінде бір рет бір әйелді ханзада Эндрюмен жыныстық қатынасқа түсу үшін Ұлыбританияға жібергені туралы мәлімдемесін зерттеуде.
Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші — Ұлыбритания азаматы емес, 20 жасқа толмаған әйел — Royal Lodge резиденциясында қабылданып, түнді сонда өткізген, кейін оған Букингем сарайына экскурсия ұйымдастырылған.
BBC Эндрюден түсініктеме сұраған, алайда ол жауап бермеген. Бұған дейінгі мәлімдемелерінде ол кез келген заңбұзушылыққа қатысын үзілді-кесілді жоққа шығарған.
Бұл оқиға — Эпштейн құрбанының корольдік резиденцияда түнегені туралы белгілі болған алғашқы жағдай.

Бұған дейін Вирджиния Джуффре 17 жасында Эндрюмен жыныстық қатынасқа мәжбүрленгенін айтқан. Алғашқы айыптаулар 2014 жылы жарияланған. 2021 жылы ол АҚШ-та азаматтық талап арыз түсіріп, 2022 жылы іс тараптардың келісімімен жабылды. Бейресми дерекке сүйенсек, сол кезде Джуффреге 12 млн фунт өтемақы төленген.
2025 жылы Вирджиния Джуффре өз-өзіне қол жұмсаған.
АҚШ-та Эпштейн ісі бойынша соңғы құжаттар жарияланғаннан кейін бұрынғы ханзаданың аты тағы да қоғам назарында қалды. АҚШ Әділет министрлігі жариялаған мыңдаған фото мен миллиондаған беттен тұратын құжаттар арасында Эпштейн мен Эндрю арасындағы электронды хат алмасулардың жаңа үзінділері де бар.