Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:35

Эпштейн ісі: Стармер үкіметі басшысының аппараты жетекшісі отставкаға кетті

Морган МакСвини және Кир Стармер
Фото: Thomas Krych / Shutterstock

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің әкімшілік аппаратының басшысы Морган Максвини Джеффри Эпштейн ісімен байланысы бар Питер Манделсонды АҚШ-тағы елші қызметіне тағайындауды ұсынғаны үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, қызметінен кетті.

 Бұл туралы The Guardian және Sky News басылымдары 8 ақпан күні хабарлады.

Sky News мәліметінше, лорд Манделсон өткен жылдың қыркүйегінде елші қызметінен босатылған. Алайда АҚШ Әділет министрлігі америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жаңа құжаттарды жариялағаннан кейін ол қайтадан қоғамдық назарға ілікті. Эпштейн кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке мәжбүрлегені үшін айыпталған. Ал Питер Манделсон Ұлыбритания үкіметінде қызмет атқарған кезеңде Эпштейнмен құпия ақпарат алмасқан деген деректер айтылуда.

Кир Стармердің ең жақын серіктестерінің бірі саналатын Морган Максвинидің отставкасы осы жайтпен түсіндірілді. Дәл өзі премьер-министрге Манделсонды АҚШ-та елші етіп тағайындауды ұсынған, енді сол шешім үшін саяси жауапкершілікті өзіне алуды жөн көрген.

«Питер Манделсонды тағайындау туралы шешім қате болды. Бұл біздің (Лейбористер партиясы — ред.), елге және жалпы саясатқа деген сенімге нұқсан келтірді», — деді Максвини өз мәлімдемесінде.

Морган Максвини Кир Стармер Лейбористер партиясының жетекшісі қызметіне таласқан кезде оның сайлау науқанын басқарған. Стармер өз мәлімдемесінде Максвинимен бірге жұмыс істеу өзі үшін «үлкен мәртебе» болғанын атап өтті. Дегенмен, партия ішіндегі көзқарастар біркелкі емес. Sky News дерегінше, парламенттегі көптеген лейбористер Максвиниді «партияның солшыл қанатын шетке ығыстырып жатыр» деп есептеген.

Питер Манделсон 2004 жылғы қарашадан 2008 жылғы қазанға дейін сауда мәселелері жөніндегі еурокомиссар, ал 2025 жылғы ақпан мен қыркүйек аралығында Ұлыбританияның АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарған. Бірнеше күн бұрын ол биліктегі Лейбористер партиясының қатарынан шыққан. The Guardian басылымының хабарлауынша, бұған «Эпштейн файлдары» деп аталған жарияланған материалдарда Манделсонның америкалық қаржыгерден 75 мың доллар алғаны туралы мәліметтердің пайда болуы себеп болған.

Джеффри Эпштейн 2008–2009 жылдары жезөкшелік ұйымдастырғаны үшін жаза өтеген. 2019 жылғы 6 шілдеде ол кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке мәжбүрледі деген айыппен қайта қамауға алынған. Сол жылдың 10 тамызында Манхэттендегі түрмеде сотты күтіп отырған кезінде камерасында асылып тұрған күйінде табылды. 2025 жылғы желтоқсанда Эпштейн ісіне қатысты құжаттардың алғашқы бөлігі көпшілікке жария етілген.

Жарияланған материалдар бірқатар танымал тұлғалардың бұл іспен байланысын әшкереледі. Олардың қатарында Ұлыбритания ханзадасы Эндрю де бар. Осы жанжалдан кейін ол корольдік атағынан айырылған.