Эр-Рияд Германия үкіметіне лаңкестік әрекет қаупі туралы бірнеше рет ескерткен
Der Spiegel басылымы Сауд Арабиясы үкіметінің Магдебургте адамдарды көлікпен қағып кетті деп күдікке ілінген адам туралы Германияға бірнеше рет ескерту жасағанын жазды.
Сауд Арабиясы үкіметі Германияға Магдебургтегі Рождество базарына келген адамдарды жүк көлігімен қағып кетті деген күдікке ілінген адам туралы бірнеше рет ескертті, деп жазады Der Spiegel.
Басылымның мәліметінше, Эр-Рияд Германияның қауіпсіздік органдарына осындай үш хабарлама жолдаған.
Bild басылымының полицияға қатысты дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, құқық қорғау органдары күдікті Талеб А.-ның қанынан есірткі тапқан. Басылым сұхбаттастарының айтуынша, алғашқы қан анализі жүргізушіде есірткінің жеті түрі бар екені анықталған. Күдіктінің қандай есірткі қабылдағаны белгісіз.
Айта кетейік, Германияның Магдебург қаласындағы рождество базарындағы оқиғадан қаза болғандар саны бес адамға жетті. Ал ауыр жарақат алғандар саны 200-ден асады.