Эр-Риядтағы екіұдай күй

АҚШ пен Ресей өкілдерінің Эр-Риядта өткен төрт жарым сағаттық келіссөзінен соң алдын ала қорытындылары туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазды.
Трамп болса, қалайда соғысты тоқтата алатынына сенімді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Украинасыз қабылданған шешімге қырын қарайтынын мәлімдеді. Еуропаның да ұстанымы әзірге осындай.
Сауд Арабиясында өтетін кездесуге Украина тарапының шақырылмауы әу бастан олардың наразылығын туғызған еді. Оған АҚШ билігі мән бермеді. Тіпті Трамп тілшілердің осыған қатысты сұрағына жауап беріп, үш жыл бойы келісімге келе алмай келгенін алға тартты. Мұнысы Зеленскийге «енді не сұрайсың» деп сәлем айтқанындай болды.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтцтың келіссөзден кейінгі сөзіне қарағанда, соғыс түбегейлі тоқтатылуы керек. Бірақ ол үшін территориялық мәселелерге байланысты келісім қажет. Мұны бірер сөйлеммен нақтылағандай да болды. Оның айтуынша, маңызды келісімді бастауға Ресей де дайын. Тек барлық тарап есе жіберуге дайын болуы керек. Соған қарағанда, Украинаның әу баста айтылған бүкіл жерімізді қайтармай тынбаймыз деген қатаң ұстанымы орындалмайтын секілді.
Артынша АҚШ пен Украина тарапы ақыры Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында түйісті. Мұнда да Зеленскийдің сөзі бұрынғы қалпынан таймаған. Конференцияда мінберге шыққан ол Украинасыз қабылданған шешімді қабылдамайтындарын тағы бір шегеледі. Оның үстіне, АҚШ өкілдеріне қыр көрсеткен тағы бір жері бар. АҚШ осыған дейін Украина жеріндегі сирек минералдар қорын игеру бойынша келісімшарт ұсынған. Ресеймен соғысып жатқан ел өкілдері ол құжатқа қол қоюдан бас тартты. Үлкен қолдаушысы әрі жарылқаушысы болып келген АҚШ-қа бұған дейін мұндай қарсылық лебі сезілмеген еді. Кей ақпарат құралдарының жазуынша, жалпы Украина АҚШ сұрап отырған қазба байлығын беруге қарсы емес. Дегенмен көңілге қаяу түсірген соңғы жағдайларға байланысты бұлар да өз сөзін айтып қалғысы келгендей, құжатқа қол қоймауының бір себебі – осы.
Трамп келіп, әлем де аң-таң, апам да аң-таң болып жатқанда Еуроодақ Ресейге қарсы 16-шы санкциялар пакетін жариялау туралы келісімге келді. Тек соны жариялау үшін одаққа кіретін барлық елден жеке-жеке келісім алу керек. Онда Ресей алюминийінен, астыртын мұнай тасымалдайтын танкерлерінен бас тарту көзделген. Нақтырақ айтқанда, шектеулер Ресейдің 13 банкі мен мұнай тасымалдайтын 73 танкеріне қатысты болып отыр.
Санкциялар тізімінің ұлғайып бара жатқаны да бекер емес. Өйткені АҚШ санкциялар арқылы Иран экономикасын құлдыратқанын мысал етіп, оның үстіне, қазіргі санкциялардың бәрін бейбіт келісім орнамайынша сақтайтынын ашық айтып отыр. Осы орайда Ресей үшін де тезірек әлемдік нарыққа қайта оралып, санкциялар шырмауынан құтылып, экономикасын жандандыру қажет. Кей шетелдік ақпарат құралының жазуынша, Ресей сол үшін де АҚШ өкілдері айтқан осы соғыстағы бастапқы ұстанған қағидасынан ішінара бас тарту ұсынысын қабылдауы мүмкін. Тек Украина оған қалай қарайтыны белгісіз.
Оның үстіне, Мюнхендегі конференцияда Зеленскийді арқадан қаққандар да табылып жатты. Мәселен, Германия канцлері Олаф Шольц соғысты тоқтатуға келгенде АҚШ қана емес, Еуропа да бұл шаруаға үлесін қосу керек екенін айта келе, «ешбір шешім Украинасыз қабылданбау керек» деген сөзін қыстыра кетті. Сондықтан өз ұстанымына берік болып отырған Зеленский территориялық мәселеде жалғыз емес.
Алайда Трамп бір сөзін үнемі қайталап келеді: «Украина о баста бұл соғысты бастамауы керек еді». Мұнысын президент болмай тұрып та талай мәрте айтқан. Дегенмен жеріне баса көктеп кірген басқыншыларға қандай жауап қату керек екенін тарқатып айтпайды. Араб еліндегі кездесуге қатысты тілшілерге берген жауабында да АҚШ басшысы осы сөзінен таймады. Оның үстіне, Ресей тарапымен соғысты тоқтату, бейбіт келісім мәселелерін Украина тарапынсыз өзара талқылап кетті. Соған қарағанда қалайда екі жақты да үміттеніп отырған аумақтарының бір бөлігін қиып беруге көндіруге күш салуы мүмкін. Бұл орайда Украинаның шығысындағы Донецк пен Луганск аумағы Ресей қарамағында, ал осы күнге дейін орыс әскері басып алған қалған аумақтар Украинаның өзіне қайтарылып беруі ғажап емес.
Айтпақшы, Украина мәселесі сөз болғанда айналып келіп бүкіл әлем Зеленскийдің аузына қарайтын. АҚШ осы қалыпты өзгерткісі келетін сияқты. Себебі Дональд Трамп бір сөзінде оны ел ішінде қолдайтындар үлесі 4%-ға дейін түсіп кеткенін айтып қалды. Бұл әлбетте, Украина басшысына жақпайды. Оның үстіне, осы күндері украиналық әлеуметтік желілерде Ресейдің тағы бір майдан дайындап жатқаны жайлы ақпарат тарай бастады. Ондағысы, Ресей әлгі айтылған 4% деген түсінікті агенттері арқылы халықтың санасына сіңіріп, ақырында басшысына деген сенімсіздігін күшейткісі келеді. Мұның арты ел ішін қақ жарып, өзара алауыздық туғызып, соңында осы дүрмектің бәрін соғыс қимылы барысында өз пайдасына жаратпақ. Тек өкініштісі, АҚШ президенті айтып тұрған 4%-дық сенім деңгейі туралы сөздің осы сценариймен астасып жатқаны Украина тарапына қатты тиген сияқты.
Қайткен күнде де Эр-Риядтағы келіссөздер әлемді екіұдай күйде қалдырды. Соған қатысып шыққан саяси тұлғалардың жекелеген мәлімдемелері болмаса, ортақ мәміле ретінде көрсететіндей тұшымды келісім туралы еш жерде айтылмайды, барлығы долбар. Дегенмен мұның бәрі алпауыт мемлекеттердің екінші қайтара кездесуіне дайындық болуы да мүмкін. Өйткені АҚШ президенті ондай сценарий мүмкін екенін де бір ауыз сөзбен сездіріп қойды.
Ресей жағы да оған қарсы болмасы анық. Өйткені Саудиядағы кездесуден соң ақпарат құралдарына сұхбат берген ресми өкілдері әйтеуір мұхиттың арғы бетінде естір құлақ табылғанына қуанышты. Себебі осыған дейінгі Джо Байден билігі кезінде АҚШ Ресей ұстанымына құлақ асудан түбегейлі бас тартып, Украинаның толыққанды жеңісі үшін күш салатынын әлденеше мәрте мәлімдеген-ді. Ендігі жерде бұл сөз ертегіге айналуы мүмкін.
Айтпақшы, араб жеріндегі келіссөздің екінші қыры бар. АҚШ осы рәсімдер арқылы Ресеймен арадағы өз қарым-қатынасын түзетіп алмақшы. Кездесуден шыққан мемлекеттік хатшы Марко Рубионың сөзінше, соғысты тоқтату мәселесімен бірге, екіжақты дипломатиялық қарым-қатынасты жолға қойып алу жағы да қатар талқыланған. Ол кейін соғысты тезірек аяқтау жолындағы келіссөздер үшін де көп пайдалы болуы мүмкін.
Бекбол Амангелді