Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратура бақылауына алынды

Ербаян Мұхтар
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың ісі бойынша жаңа қозғалыс бар екенін адвокат Инга Иманбай мәлімдеді.

Іс Бас прокуратураның толық бақылауына алынды

«Бас прокуратура қылмыстық істі толық бақылауына алғанын және барлық материалды жан-жақты зерттейтінін хабарлады. Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін іс жаңа серпін алды. Енді Ербаян ісінде әділдік орнайды, ал оны бүгінгі жағдайға жеткізгендердің барлығы лайықты жауапкершілікке тартылады деп сенеміз», - деді адвокат Инга Иманбай.

Отбасы ресми нұсқаға сенбейді

Ербаян Мұхтар – 2023 жылдың желтоқсанында ауыр жарақат алған Ұлттық ұлан сарбазы. Ресми мәлімет «құлап қалды» деп көрсеткенімен, отбасы бұл нұсқаға күмән келтіреді. Олар сарбаздың денесінде шүйде сүйегінің сынуы, субдуралды гематома, басқа да ауыр жарақаттар бар екенін атап, ол жай ғана құлап қалғаннан болмайтын жарақаттар деп есептейді.

Айта кетейік, Ербаян Мұхтар ауруханаға 2023 жылдың желтоқсан айында түскен. Оған бес операция жасалды, бірақ нәтиже болмады. Жас жігіт қызмет еткен Ұлттық ұланның әскери бөлімінде оның әжетханада құлап, басымен тақтайшаға соғылғанын ата-анасына хабарлаған.