Ербол Хамитов Паралимпиадада қола медаль жеңіп алды
Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада ойындарында қола медаль иеленді.
Ол парашаңғы жарысының классикалық спринтінде жүлдегерлер қатарына қосылды.
Ресми мәліметке сәйкес, Хамитов LW12 санатында өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы 1500 метр қашықтықтағы ерлер арасындағы спринтте үшінші болып мәреге жетіп, ел қоржынына тағы бір Паралимпиада медалін салды.
Жарыста Қытайдан келген өкіл жеңіске жетсе, бразилиялық спортшы Кристиан Вестемейер Рибера күміс медальді жеңіп алды. Хамитов үшінші боп мәре сызығын кесті.
Ербол Хамитов Қазақстанның парашаңғы құрамасындағы көшбасшы спортшылардың бірі саналады. Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен.
Атап айтқанда, 2026 жылдың басында ол өз дисциплинасында әлемдік жарыстардың жүлдегері атанған.