Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:03

Ербол Қарашөкеев. «ОҚЫМЫСТЫ»

Қарашөкеев
Фото: Жас Алаш Коллаж

«Әрине, оқыған. Оқымаған адам облыс басқарушы ма еді?!» деуіңіз мүмкін. Оныңыз рас. Себебі біздің шенділердің қос-қостан, тіпті төрт-бестен дипломы бар. Бірақ сандықтың түбінде жататын диплом – білімнің өлшемі емес екенін түсінуіңіз керек.

Ал Қарашөкеев – қара тұяғынан әл кеткенше оқи беретін кісі. Оқыған жаман болушы ма еді, өмірде қажетіңізге жаратып, қарсы келген қиындықты білімнің күшімен «қағып тастап» отырасыз. Өкініштісі сол, қазір «Осы кісіге оқу өтіп кеткен жоқ па?» деген бір сұрақ Ербол Қарашөкеевті айналсоқтап жүр. Өйткені «Жамбылдың әкімі бір айналған жерінде шыр айналады екен» деген сөз әнеубір жылдары айтыла бастаған...

Кітап пен қызғалдақтың жыры

Салыстырмалы түрде қарағанда, Қарашөкеев – халықшыл әкім. Соның дәлелі, жұрттың танымын арттырып, көңілін көтеруге жиі күш салады. Мысалы, бұл кісі 2025 жылды Жамбыл облысында «Кітап жылы» деп жариялаған. Өмірі кітап бетін ашып көрмегендер «Кітап жылында» не істеу керек екенін түсінбеді. Осыны алдын ала білді ме, Қарашөкеев Жаңа жылдағы бірер күндік демалыста екі кітап оқып тастады. Күләш Ахметованың «Құт» жинағын көкейіне тоқып, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» тамамдап, соңғы бетін жапқанда, «Енді мұны халыққа қалай жеткіземін?» деген бір сұрақ алдынан кесе-көлденең шыға келген секілді.

Кітап оқи білетін адам оны қалай жеткізудің де жолын табады ғой, ақырында, жұмыс кабинетінде ойлы жанармен құныға кітап отырған суретін Instagram желісіне «бұрқ» еткізді. Сол сол-ақ екен, «білімі таяз» жұрт айтпағанды айтып, демегенді деді.

«Қой әке, Жаңа жылдан соң басшы біткен бас жазып, басымен әуре боп жүргенде, Қарашөкеев кітап оқыды дегеніңе кім сенеді?» деді. «Бұл кісі сонда кітап оқу үшін де галстук таға ма?» деді. Енді біреулер тіпті логикалық сұрақтың соқпағына түсіп, айдалаға «лағып» кетті. «Ал жарайды, кітап оқыды дейік, сонда оны суретке түсірген кім? Әлде Қарашөкеев кітапты дауыстап оқып, қасында біреу тыңдап отырған ба?» деді.

«Кітап бетін ашпағандар» мен кітап оқитын адамды «көре алмайтындар» не демейді. Әйтпесе ресми тұлға галстукпен отырған суретін көрсетпегенде, дәу диванда шалқасынан түсіп, мәйкішең кітап оқып жатқан суретін салуы керек пе енді?! Бірақ оны түсінетін кім бар? Ел-жұрт күлкіге қарық болып, оқымысты әкімге ойларына келгенін айтты. Сол себептен облыс басшысының кітап оқуға шақыруы өзі үшін дұрыс болғанымен, халық үшін күлкі мен әжуаның тақырыбынан аспай қалды.

Осыған шамданды ма, қар кетіп, жер жылынғанда, Қарашөкеев «Қызғалдақ фестивалін» ұйымдастырып жіберген. Қызғалдақ алқабы мен фестиваль алаңының арасы 10 шақырым екен. Осы 10 шақырымдық жолдың азабы әкімнің басына тағы да таяқ болып тиді. Негізі әкімдіктің ұйымдастыруында мін болмаған сияқты. Себебі «Қызғалдақ мұра» сайтына «мен барамын» деп 3 232 адам тіркелген. Соған сай әкімдік 20 ПАЗ автобусы мен 40 Ниваны сайлап қояды. Яғни, қызғалдақ көргісі келіп, қырға шыққан адамдарды ары-бері «шаштарын желбіретіп», осы көліктермен тасып тұруды жоспарлаған. Алайда «Жүр, Қарашөкеевтің қызғалдағын көрейік» деп бірін-бірі желпіндіргендер көбейген бе, әйтеуір фестивальге 5 мың адам келеді ғой, әлгі жерде.

Ақырында не болады? Не болушы еді, екі аралық «Ақтабан шұбырындыға...» айналады. Баласын жетектеп, қарт кісілерді сүйемелдеген мыңдаған жұрт табандарынан тозып, қас қарайғанда үйлерін әрең табады...

Міне, осындай қызықтар еске түскенде, «Осы Қарашөкеевтің басқа шаруасы жоқ па, елді салпақтатып, шандырын созғанша, халықтың құрсағын тойдыруды ойламай ма?» деген наз айтылған. Негізі осы сөзде жан бар. Өйткені кейіпкеріміз жалғыз Жамбыл облысының емес, бүкіл Қазақстан халқының қарнын тойдырып жіберуі мүмкін үлкен бір қызметтің құлағын ұстаған еді. О жағын енді келесі бөлімде айтайық.

Қарашөкеев
Фото: ашық дереккөз

«Отставкаға кетсін...»

Кейіпкеріміздің аграрлық саланың пұшпағын илегеніне жиырма жылға жуықтап барады. Оған дейін де біршама басшылық қызметтерді атқарған Қарашөкеев «ҚазАгроға» басқарушы директор болып 2007 жылы барған. Сосын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» төрағалық жасады. Арадағы 10 жылда әртүрлі салаға ауысып отырды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барды, Президент әкімшілігіне бас сұқты, Қаржы министрлігінде бақ сынап көрді, ақырында 2019 жылы «ҚазАгро» холдингіне төраға болып, «топ ете» түскен. Ал 2021 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің нақ өзі болды.

Былай қарасаңыз, кім келіп, кім кетпеген министрлік бұл. Баяғыда Ахметжан Есімов «тоздырып», шетелдің сиырын ұшақпен тасыған Асылжан Мамытбеков бас болған салаңыз осы ғой. Бірақ «Бақанастың барысы» барғанда, жұрт кәдімгідей қуанып қалған.

«Ее айналайын, ауылда өскен бала екен ғой, елдің жағдайын түсінетін шығар» деген.

Қызығы сол, кейіпкеріміздің министр болғанына 5-6 ай өткенде, ауылдың жұрты Астанаға өздері іздеп келді ғой, бұл кісіні. Естеріңізде болса, Атырау мен Маңғыстаудың шаруалары сол жылы қатты қысылған. Жем-шөптің тапшылығынан қырылған жылқының өлексесі көбейді. Аш малдың аузына салуға сынық қурай таппаған елдің түйелерге қағаз турап бергені осы кез. Шаруаларды субсидияның әділ бөлінбейтіні, мәселе ушыққанда аймақта төтенше жағдай жарияланбағаны ашындырды. Сондықтан Астанаға келгендер Ауыл шаруашылығы министрінің орнын босатуын талап етіп, «отставкаға кетсін..» деді.

Ал бұған кейіпкеріміз не деді? Былай деді: «Менің отставкам, ол менің жеке басымның сұрағы емес. Оны енді мемлекет басшысы шешеді, бастықтар шешеді».

Бір есептен, Қарашөкеевтікі де дұрыс. Ел «кет» деп жатыр екен деп портфелін көтеріп, Бақанас асып кетпейді ғой. Оның үстіне, сол қуаңшылықты кейіпкеріміз қолымен жасаған жоқ. Табиғаттың тосындау құбылысы бұл кісінің жұмсақ креслоға жамбас басуымен тұспа-тұс кеп қалды. Әрі «президент шешеді» деуінде үлкен шындық бар. Бірақ Қарашөкеев министр болғанына жыл толғанда, президент жасаған шешім – кейіпкерімізге сөгіс болып оралды. Себебі 2022 жылы азық-түлік 80 пайызға қымбаттағаны аздай, кейбір тағам түрлері дүкен сөрелерінен жоғалып кеткен еді. Сондықтан президент Ербол Қарашөкеевті Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановпен «қосақтады» да, екеуіне де сөгіс жариялады.

Міне, осы тұстарда «Қарашөкеевке министрлік қол емес екен, аймаққа барса, көзі ашылатын шығар» дегендер болған. Бірақ кейіпкеріміздің Таразға келіп, кітап оқығаны мен Астанадан кеткенінің аралығында айтпауға болмайтын бір нәзік мәселе бар.

Қарашөкеев

Депутаттармен айқас

Жамбыл облысының әкімі еңбек жолын Статистика агенттігінен бастаған. Сол жақтан жұққан әдет пе, әлде өзі цифр сөйлетуге әуес пе, әйтеуір ұдайы деректерді «дөңгелетіп» отырады. Министр кезінде Парламентке барып: «Осы жылдың басында жайылымдық жердің тапшылығы 16 млн гектар болса, оның 5,2 млн гектар жері қайтарылды. Келесі жылы тағы да 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтарамыз. Одан бөлек, бұрын пайдаланылмай жатқан 1,8 млн гектар жерді пайдалану басталды...», – деп ұрып жатқанда, депутат Берік Дүйсенбинов алдына «арқан керіп», әзер тоқтатып алған.

Сосын әңгіменің былай деп ашығын айтты: «Қай облысқа бармаңыз, жолдың оң жағы да, сол жағы да – әкімнің жері. Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі – Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз – Бақауовтікі, Астананың маңайында – Шөкеевтікі. Сіздің баяндамаңыздағы мыңдаған гектардың бәрі өтірік!».

Бұл Қарашөкеевке жон арқасынан қамшымен тартып жібергендей әсер етті. Бірақ сабыр сақтады. Дүйсембиновке дүрсе қоя бермесе де, өз аргументін қорғауға тырысты. Сосын депутатқа доқ көрсетіп: «Осы депутаттық трубинада осындай сөз айтқаныңыз, менің ойымша болмайды. Бар жұмысты жоқ деп айтуға болмайды», – деген-ді. Мұнысы «ерегес» туа қалса, бір адамдық шамасы бар екенін байқатқанмен тең еді. Қырсық қылғанда, араға Перуашев қыстырылды ғой. Ол: «Депутатқа не айтуға болатыны мен болмайтынын біз өзіміз білеміз. Сіз ол жағынан мәдениетті болыңыз, соған шақырамын. Сіз мұндай сынды тыңдағым келмейді деп айттыңыз. Сізді тыңдатамыз, біз!», – деді.

Қысқасы, Қарашөкеев сол кезде Парламенттен қара терге малшынып шыққан. Біреулер «Осы сәттен бастап бұл кісінің ішінде депутаттарға деген жеккөрініш пайда болды» дейді. Енді біреулер «Қарашөкеев Мәжіліс депутаттарына кеткен есесін мәслихат депутатынан қайтарды» дейді. Мұның анық-қанығын кім білген, бірақ Таразда Дамир Ташқараев деген мәслихат депутатымен сөзге келіп қалғаны рас. Әдеттегідей өзі қожа, өзі би болып, еркін сөйлеп отырған Қарашөкеевке депутат: «Құрметті төраға, бар нәрсені айтайықшы, елдің уақытын ұстамай», – деген-ді. Дәл осы сәтті көргендер «Әкімнің өңі «қызғалдақ фестивалінен» жаяу қайтқан жұрттың жүзіндей күреңітіп кетті» дейді.

Дегенмен кейін Қарашөкеевтің өңі қалпына келгенімен, Ташқараев мәслихатқа кіре алмай қалған. Өйткені Amanat партиясының облыстық филиалы «әкімнің сөзін бөлгіш» депутатты мүйіздеп, қатарларынан шығарып тастады. Осының бәрі айналасы бірнеше күннің ішінде болды. Сол бірнеше күннің бірінде ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов: «Мен Дамирді көптен білемін. Ол – ұлттық сана-сезімі биік, ұстанымы берік, адал қазақ жігіттерінің бірі...», – деп қолдау білдірген. Бірақ ақынның қолдауын ешкім қыстырған жоқ. Мәслихат Ташқараевты есігінен қаратпады. Нәтижесінде, Қарашөкеев – ақ, Amanat – қара болып шықты. Басқадай айтсақ, Amanat андағайлап алға шықты да, Қарашөкеев қалтарыста қалып қойды.

Десек те, дәл осы жерде облыс әкімі әдемі бір мүмкіндікті қалт жіберіп алған сияқты. Шіркін, Шахановтың кітабын ұстап отырған суретін әлеужеліге салып, «ақынның «Жағымпаздық» деген өлеңін оқыңыздар» десе, мәслихаттағы ауыс-түйіске түк қатысы жоқ екені беп-белгілі болар еді. Өйтпеген соң, Ташқараевтың аты аталған жерде Қарашөкеевтің де есімі қабаттасып, қатар жүреді қазір.

Қарашөкеевтің математикасы

Математика дегеніңіз, екінің бірінежалын ұстатпайтын қиын ғылым ғой, негізі. Бірақ қарапайым қосу мен алудың қағидатын білмейтін кісі жоқ. «Бірді бірге қосқанда не болады, Онда өмірден бойдақтар жоғалады...» деп Мұхтар Шаханов айтпақшы, бірді бірге қосқанда не болатыны дүйім жұртқа мәлім. Алайда Қарашөкеевтің бірді бірге қосуы мүлде ел күтпеген нәтиже көрсетті. Өйткені бойдақтар емес, бұл жолы бала-шағасын асырап отырған басқарма қызметкерлері орындарынан әрең көтеріліп, қалам-қағазын жинап, қыржың-қыржың етіп, үйлеріне қайтып жатты. Мұны әкім «оңтайландыру» деп атады.

Қарашөкеевтің оңтайландыру саясаты – түсінген адамға оп-оңай шаруа. Себебі бұл жерде өзге сан жоқ, тек бірді бірге қосып отырасың, болды. Мысалы, Ішкі саясат пен Жастар саясаты мәселелері басқармасы қосылып, «Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы» аталды. Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Еңбек инспекциясы бірікті. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы Туризм басқармасымен қосылды да, «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы басқармасы» деген жаңа атқа ие болды. Дәл осы тәсілмен кейіпкеріміз он басқарманы бес басқармаға қысқартып, «жұп-жұмыр» әкімдікке айналдырды. Былай қарасаңыз, қолдауға тұрарлық есеп. Әкімдіктегі қаптаған қауымның саны қысқарады, әрқайсысын танып-біліп, төбесінен төніп отыру – әкімге де ыңғайлы.

Өкініштісі, бірді бірге қоса берудің дұрыс еместігі көп ұзамай-ақ белгілі болды. Наурыз айында қосылған Сәулет-құрылыс пен Еңбек инспекциясы басқармасы сәуір айында «ажырасты». «Үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын саланы күштеп біріктірудің аяғы осыған соқтырды» деп, жұмысынан қысқарып қалғандар артын ашып күлді. Шынымен де солай болған ба, араға біраз уақыт салып, Кәсіпкерлік пен Туризм басқармаларының да «некесі» бұзылды.

Сонда Қарашөкеев ықтиярсыз қыз алып қашып, күштеп келін түсіргендей берекетсіз әрекетке неге барды? Мұны сұрасаңыз, әкімдіктің ішкі мәселесін бес саусағындай білетіндер ішек-сілесі қатып күледі. Өйткені кейіпкеріміздің «ақ батасымен қосақталғандар» мұнымен бітпейді екен. Мысалы, бұл кісі Жамбыл ауданының 11, Байзақ ауданының 3 елді мекенін де Тараз қаласына қосып кеп жіберген. Сосын не болды? Ауылдың жұрты қалалық болғанына қуанды. Көптің қуанғанын көріп, әкім де марқайды. Бірақ түйткілдер кейін пайда болды. Оны жоғарыда аты аталған депутат Дамир Ташқараев бетің бар, жүзің бар демей, әкімге турасын айтты: «Тараз қаласында жер кезегіне тұрған 100 мың адам бар еді. Енді 14 ауылдың халқына бөлек жер массиві беріле ме, әлде бұл тұрғындар 100 мың адамның соңынан кезекке тұра ма?», – деді. Рас қой. Жердің кезегі бар, үйдің кезегі бар, соның бәрі енді қалай шешіледі? Әкімнің бұл сұраққа мандытып жауап бере алмағаны Қарашөкеев-Ташқараев «тәжікесі» таспаланған видеода әлі де интернет кезіп жүр. Демек 14 ауылды шаһарға айналдырудың әуресі кейіпкеріміздің алдынан айналсоқтап шыға береді деген сөз. Міне, «Жамбыл облысының әкімі бір айналған жерінде шыр айналады» деген байлам алғаш рет осы кездерде айтылған сияқты.

Ербол Қарашөкеев
Фото: gov.kz

Түнгі тендер мен күндізгі көше

Кез келген ойын түрінің түнде ойналғаны қызық қой, негізі. Өйткені түннің аты – түн. Мысалы, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнасаң, айдың жарығынан артық ештеңенің керегі жоқ. Тіпті көзге түртсе, көргісіз тас қараңғының өзі ойынға ойын қосып, қойындасуға таптырмайтын сәт тудырады. Бірақ «тендер де түнде ойнатылады» дегенді бұрын-сонды ешкім естімеген. Ел-жұрт естімеген «жаңалықты» Жамбыл облысының әкімдігі жасап берді. Рас болса, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлінің BESupply компаниясы жеңімпаз аталған тендер түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін ойналған көрінеді.

«Неге түнде?» деген сұраққа Әбутәліп Мүтәлі: «Ашып-жабу – орындаушының міндеті емес, тапсырыс берушінің міндеті. Бірақ түнде өткізу дұрыс емес», – деді. Дұрыс па, дұрыс емес пе, оны біз қайдан білейік, бірақ тапсырыс берушінің – облыстық әкімдік екені рас. Ал депутаттың компаниясы қою түнде жеңімпаз атанып, 287 млн теңгені бөктеріп әкеткен. Кім біледі, күндіз ойнатып, елдің «көзін қызартқанша», мұндай үлкен сомадағы қаржыны түнде ойнатқан да жөн шығар. Көп оқыған кісі ғой, оның жайын енді Қарашөкеевтен артық ешкім білмейді, бәрібір. Сондықтан түнгі тендердің «шымылдығын жауып» қойып, кейіпкеріміздің көптің есінен кетпейтін «күндізгі бір шаруасына» кезек берейік.

«Елдос Сметов чемпион атанып, Франциядан алтын медаль әкелгенде, Париж бен Таразды ажырата алмай қапты» деген бір әңгіме бар. Себебі сол, көптің қошемет-қолпашымен алшаң басып келе жатса, табанының асты тоқ-тоқ етеді дейді чемпионның. «Ойпыр-ай, әдетте бұрқ-бұрқ етіп, шаң көтерілуші еді, мен өзі Тараздамын ба, Париждемін бе?» деген ғой, Елдос батыр. Міне, осы кезде, чемпионның көшесіне бір-ақ күнде асфальт төсетіп тастаған тағы бір батыр – мерейі тасыған Елдосқа да, риза болған елге де, жеңімпаз бейнесімен қарап тұрған болса керек.

Алайда Қарашөкеевтің бұл тірлігі де журналистердің сынына ұшырады. Ал кейіпкеріміз қысылған да, қымтырылған да жоқ. Сметовке берілген сый-сияпат пен оның көшесіне төселген асфальтқа бюджеттен бір тиын бөлінбегенін айтты. Қызығы, сол жылы Жамбыл облысы жол жөндеуге 25,5 млрд теңге жұмсаған екен. Ендеше, кәсіпкерлерді «қинамай-ақ», осы қаржыдан неге 5-10 млн теңге бөлдіре салмағаны түсініксіз. Әлде түнде тендер ұтқандарды күндізгі көшенің шаруасына ұқсас тірліктерге тартып тұру – «оңтайландыру» әдісінің тағы бір қыры ма екен? Кім білсін, біздікі – болжам ғой, анығын оқыған кісінің өзі біледі!

Түйін

Күні кеше мәжіліс депутаты Абзал Құспан Түркістан мен Жамбыл облысын «ел экономикасына масыл аймақтар» деп атады. Масыл болғанның нақты мысалы сол, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте Жамбыл облысына 465,9 млрд теңге дотация бөлу жоспарланған. Демек Қарашөкеев басқарған аймақ – шынымен де мемлекетке аузын ашып келе жатқан ең «мешел» өңірлердің бірі. Ал енді бұл мәселені қалай шешуге болады? Оны енді жоғарыдағылар жақсылап ойланатын шығар. Егер кейіпкеріміздің өзіне салса, жағдай «ушығуы» ғажап емес. Өйткені бұл кісінің Сіз бен біз білетін бір ғана тактикасы бар. Ол – бірді бірге қосу. Түркістанның жайын көрдіңіз ғой, демек жалғыз ықтимал «жұп» – Алматы... Осыны енді жақсы деп кім айта алады?!

Сансызбай НҰРБАБА