Ербол НАРИМАНҰЛЫ (SOULMAN): Өнердің жаны – еркіндік

Үкіметке, билікке ауыз толтырып айтатын арыз-шағымым жоқ, бірақ айналамда орын алып жатқан кей дүниелерді көріп, біліп жүріп, еріксіз ішің ашиды, күйінесің.
Өзімнің туған жерім Семей облысы. Семейдің айқұш-ұйқыш жолдарымен келе жатып, ойымда бір идея туды. Көзімді ашқалы бері ауыл мен Семейдің арасына жету мұң болатын. Төрт сағатта жүріп өтуге болатын төрт жүз шақырым жолды үнемі қирап жататын жол салдарынан сегіз сағатта әрең жүріп өтуші едік.
Көз ашқалы бері осы мәселемен күресіп келеміз. Қанша әкім, бастық ауысты. Адамзат тарихы не түрлі құбылыстарды кешті. Ал Семейдің жолдары сол өзгеріссіз, ойдым-ойдым қалпында қала береді. Неге бұл мәселені шешпейді, көз ашқалы бері арпалысып келе жатқан бұл жолды неге жөндемейді деген сұрақтан туындаған ән еді. «Сен мені сүйем деп сайқалсыма, елімнің заңдарындай, екеуміздің арамыз жөнделмейді, Семейдің жолдарындай...» деп азаматтық позициямды осылай білдіргім келді.
Q Love әнімді жазып, жақындарыма тыңдатқан кезде бәрі бір-ақ сұрақ қойды. «Қорықпайсың ба?» дейді. Қорықсаң да, қорықпасаң да, өзіңе-өзің адал бол. Басқаның, биліктің ойы маған аса маңызды емес. Мен ғана емес, бүгінгі көп жас әнші, орындаушылар еркіндікке ұмтылады. Мәселен, мен махаббат жайын айтып тұрғандай боп ел жағдайын астарлап, теңеулерді ойнатып берсем, Мархаба Сәби сынды орындаушылар ашық қарсылық білдіріп жүр. Осы ашық қарсылығы үшін, тіпті эфирлерден қысқартып, қысым көргенін де білемін. Өнердің жаны – еркіндік. Оның үстіне, авторлар бұл туындыларды елді, халықты жеккөргеннен, біреуге өштескеннен шығармағаны анық. Астарында «сын түзелмей, мін түзелмес» деген жанашыр ниет жатыр. Біздің рухани өмір қаңырап жатыр.
Ұлттық идеология жоқ, оның айқын көрінісін ұлттық телеарнаның бейнесінен байқасақ болады. Сөз еркіндігі деп әсіре сілтеп, аузына келгенін айтып жүрген әріптестерім де бар. Ұлттық идеологиямыз дұрыс болса, елдегі басты телеарналарда аузы былапыт сөзге толған әртістерді де көрсетпеуші еді. Той әншісі тойда ғана өнер көрсетуі керек, сол секілді, жастар қабылдады екен деп әртіс атаулыны басты арнаға шығара беруге болмайды, өнердегі этиканы ескерген артық етпес еді.