Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне кірді
Бұрынғы Алматы әкімі, қазір Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Қордың ресми сайтында жарияланған жаңартылған тізімге сәйкес, директорлар кеңесінің құрамына – Премьер-министр Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов, Мохаммед Джамиль Аль Рамахи, Ерболат Досаев, сондай-ақ Samruk-Kazyna Artificial Intelligence (SKAI) жасанды интеллект жүйесі кіреді.
Қыркүйек айында «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесінен Қанат Шарлапаев шығарылған еді. Кейін ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесінен де алынып тасталды.
Ерболат Досаев 2025 жылғы 19 қыркүйектен бастап Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарады.
Еске салайық, 2025 жылдың 24 мамырында Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінен босатылған еді. Ол бұл қызметті 2022 жылдың 31 қаңтарынан бері атқарып келген. Бұған дейін Досаев Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы болған, ал одан бұрын денсаулық сақтау, экономикалық даму және бюджет салаларына жетекшілік еткен министрлік лауазымдарын атқарған.
Әкім кезінде Ерболат Досаев бірнеше рет қоғамдық назардың ортасында болды. Алматылықтар оның жұмысына көңілі толмайтындарын бірнеше рет мәлімдеді. Тіпті Досаевтың отставкасына байланысты петиция да жарияланды. Сондай сәттерде ол "мені мемлекет басшысы тағайындады, жұмысымды президент бағалайды" деп жауап берді.