Ерболат Досаев тағы бір қызметке тағайындалды
Ерболат Досаев Қазақстанның «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі директорлар кеңесінің құрамына енді. Бұл туралы KASE хабарлады.
2025 жылғы 26 желтоқсанда холдингтің жалғыз акционері қабылдаған шешімге сәйкес, директорлар кеңесінің жаңартылған құрамы бекітілді. «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы қызметін бұрынғыша Рустам Қарайгошин жалғастырады.
Директорлар кеңесіне елдің жоғары басшылығының өкілдері кірді. Атап айтқанда:
- Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов,
- Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр,
- Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин,
- Қаржы министрі Мәди Такиев,
- Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ кеңес құрамына Ерболат Досаев та енгізілді. Ол бұған дейін, 2016-2017 жылдары, «Бәйтерек» холдингін басқарған. Қазіргі уақытта Досаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарады.
Холдингтің тәуелсіз директорлары ретінде шетелдік сарапшылар бекітілді:
- Мари-Элен Берар – Франциядағы MHB SAS инвестициялық-консалтингтік компаниясының президенті, кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитет төрайымы;
- Дэниел Алан Витт – Халықаралық салықтар мен инвестициялар орталығының (ITIC) президенті, стратегиялық жоспарлау комитетінің төрағасы;
- Норберт Манфред Грундке – Bosch Rexroth AG басқарма төрағасы, аудит комитетінің басшысы.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 24 мамырда Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылған еді. Ал 19 қыркүйекте ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Бұған қоса, 2025 жылғы 23 желтоқсанда Досаев «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланған.