Ерболат Досаевтың жұбайы бір жылда 2,3 млрд теңгеден астам табыс тапқан
Бұл дерек 2024 жылға арналған декларация тапсыру барысында белгілі болды. Құжатқа сәйкес, Ерболат Досаевтың жұбайының жылдық табысы 2 338 455 678 теңгені құраған.
Сондай-ақ бір жылда – президент көмекшісі Қуанышбек Есекеевтің жұбайы – 48 298 300 теңге;
президент кеңесшісі Алексей Цойдың жұбайы – 1 млн теңге табыс тапқаны көрсетілген.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықова 2024 жылы бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан 88,6 млн теңге табыс тапқаны белглі болды.
Бұл мәліметтер Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жарияланған «Лауазымды тұлғалардың кірістері туралы мәліметтер» құжатында көрсетілген. Құжатта Жұманғариннің отбасына қатысты деректер де қамтылған.
Атап айтқанда, өз бетінше салық салынатын табыс ретінде 88,67 млн теңге көрсетілген. Алайда құжаттың алғашқы нұсқасында бұл табысты нақты кім – вице-премьердің өзі ме, әлде жұбайы ма – декларациялағаны бірден анық көрсетілмеген.
Кейінірек Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі бұл табыстың Сәния Садықоваға тиесілі екенін растады. Ведомствоның түсіндіруінше, аталған қаражат бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан, соның ішінде дивидендтер мен сыйақылардан түскен.