Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 20 Наурыз 2025

Ерекше балаларға ерекше білім қажет пе?

балалар
Фото: ашық дереккөз

Ерекше қажеттілігі немесе мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, оларға көмек көрсету, қолайлы орта жасау – кез келген демократиялық елге тән құбылыс. Азаматтардың қандай да бір жағдайларға, күйге, дертке немесе қажеттілікке тап болуы қашан да кездесіп жатады.

 Ал мұндайда мемлекет барынша өз азаматтарын қорғап, әлеуметтік көмек беріп, басқа да қосалқы әлеуметтік көмек тағайындап, жүріп-тұратын ортадан бастап, оқу, білім алу, жұмыс істеуге дейінгі жүйені ыңғайластырып, бейімдейтіні анық.

Қоғам баршаға тең болу керек деген ұстанымның астында дәл осы ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету де жатыр. Осы орайда соңғы жылдары еліміз инклюзивті қоғам құруда біраз мәселелерді көтеріп, алға тартып жүр. Соның ішінде ерекше балаларға ерекше білім беру мәселесі турасында талай бағдарламалар іске асты.

Ерекше қажеттілігі бар балалар мектеп жасында үйде отырып білім алатын еді. Оларға арнайы бағдарлама жасалып, педагогтар қатынап жүріп оқытатын. Әрине, бұл бала мен ата-ана үшін өте жақсы әдіс. Дегенмен бала қоғамнан, қатарластарынан, олардың ортасынан тыс өскендіктен кейіннен оның адамдармен, айналамен коммуникация құруы қиындап кететінін уақыт дәлелдеді. Демек, адамның әлеуметтенуі баяулап, оның ортаға сіңісуі күрделене түседі. Осы мәселені шешу үшін 2015 жылы жаңа шешімдер әзірленді. Ол бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларға қашықтан оқыту бағдарламасы әзірленбек. Демек бүлдіршіндер сабақты онлайн форматта да оқи алатын болады деген сөз. Және осындай қажеттілігі бар оқушыларды біріктіріп, бір мектепте және жас ерекшеліктеріне сай бір сыныпта оқыту мәселесі де қаралған. Инклюзивті білім беру – білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін, әрбір оқушының жеке қажеттіліктерін ескеретін жүйе. Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту – қоғамның дамуы мен өркендеуінің маңызды көрсеткіші, десек те бұл бағытта көптеген мәселелер бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

Инклюзивті білім беру – барлық балалардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың, тең дәрежеде сапалы білім алуын қамтамасыз ететін процесс. Бұл тек білім саласына ғана емес, тұтас қоғамның теңдік, әділеттілік және гуманизм қағидаттарына негізделгенін көрсетеді. «Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Лашын Төрегелдиева мұндай жүйе балалардың әлеуметтенуіне, олардың болашақта қоғамның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беретінін алға тартты.

«Инклюзивті білім беру – бұл инклюзивті қоғамды құрудың іргетасы және бұл жүйеде әрбір бала жеке тұлға, өйткені мектеп жасында адам өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінеді. Ең дұрысы, қоғам ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімдеу және әлеуметтендіру инклюзивті білім беру моделін құруды үйренуі керек. Өйткені әрбір бала сезінуге және ойлауға қабілетті, сөйлесуге және тыңдауға құқығы бар. Және бұл баланы жарты күн немесе толық күн бойы қарапайым сыныпқа немесе топқа орналастыру емес, сонымен қатар бұл оқушылардың көзқарасын өзгерту, оқушылардың жұмысын ұйымдастыру арқылы қолайлы жағдай туғызу, ерекше қажеттіліктері бар баланы қоғамға толығымен тарту. Менің ойымша, қоғам инклюзияның не екенін практикалық тәжірибесінен үйренетініне көз жеткізу керек», – дейді.

Көптеген мектептерде инклюзивті білім беруге қажетті құрал-жабдықтар, арнайы кабинеттер, пандустар, тактильді жолақтар, арнайы оқулықтар мен құралдар жеткіліксіз. Инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу үшін мұғалімдерге арнайы білім мен дағдылар қажет. Алайда қазіргі таңда педагогикалық кадрлардың көбі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемесін толық меңгермегені рас. Қазақстанда инклюзивті білім беруді реттейтін заңдар бар, бірақ оларды іс жүзінде толыққанды жүзеге асыруда қиындықтар туындап жатады. Қолданыстағы нормативтік актілерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажет.

«2021 жылы инклюзивті білім беру туралы заң қабылданды, бұл тамаша, бірақ пилоттық форматта 2018 жылы Алматыда бірқатар мектептерде инклюзивті білім беру қағидасы енгізілді. Инклюзиядағы жұмыс барысында мамандардың өздері баланың ерекшеліктеріне бейімделіп, барлық балаларға икемді жағдай жасады. Олар баланың дағдылары мен дарындылығын дамытуға мүмкіндік берді. Олар сабақта нейротиптік балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балалар бір-бірімен өзара әрекеттесетіндей сабақ формасын құру, тарту және ұсыну үшін оқыту мен оқуға деген көзқарасты дамытады. Заң нормативтік-құқықтық базаны одан әрі дамытуды көздейді, мұнда кез келген бала, ерекше белгілерінің бар немесе жоқтығына қарамастан, өзінің күшті жақтарын ескере отырып, білім ала алады. Объективті түрде инклюзивті білім берудегі жағдай жақсы жаққа өзгерді деп айта аламыз. Мүмкіндіктер көбірек. Бұдан былай мектептер ерекше баланы бағалау критерийлері ескерілетін құжат жасауға, оған жеке білім беру траекториясын жасауға, қажет болған жағдайда тәрбиешіге сұрау салуға құқылы. Енді бұл жағдайлар оқу орындарының еншісінде. Біз Қазақстанда жаңа, инклюзивті қоғамдастық құрып жатырмыз», – дейді Лашын Төрегелдиева.

Сәруар Бақберген

Тегтер: