Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 02 Наурыз 2022

Ересек жігітте нем бар?

None
None

Сайлау қарсаңында өткізілген студент жастардың қалалық форумына барғанбыз. Мұндайда әдеттегідей негізгі проблеманың бірі – киім ілгіш (гардероб) қой.

Ылғи айырылмастай болып көрінетінүш құрбыЖанар, Ақлима және мен үшеуіміз соның алдында кезекте тұрмыз.

Бір-екі ересек жігіт келді де:

– Қарындастар, алдарыңнан жібере қойыңдаршы. Форумда баяндама жасайтын едік, кешігіп барамыз, деді бізге жоғарыдан шапшаңдата көз тастап. Шынында да асығыс екендіктері беп-белгілі еді.

Үлкен адам болған соң, біз:

– Иә, – деп, келісе қойдық. Сонымен олар алдымызға сыналай кіріп алып,  киімдерін өткізді де, рақметтерін айтып, тайып тұрды.

Жиналыстан соң бұрынырақ шығып, тағы да сол киім ілетін жерге қарай ұмтылдық. Сол кезде:

– Қарындас, ұстай тұршы, – деп біреу қолыма ап-ауыр затты тыққылай берді. Жалт қарасам, бағанағы екеудің бірі. Қолыма ұстата қойғаны – зат қапшығына салынған зіп-зілдей ноутбук екен. Әлгі жігіт шалт қимылмен пальтосын киіп алды да, рақметін айтып, жөніне тартып отырды. Бар-жоғы осы-ақ.

Жан дүнием дүр сілкінгендей болып, әлдене көзімді қарауытып жіберді.  Есімді жинаңқырап алдым да, құжынаған жұрттың арасынан бейтаныс тұлғаны іздей бастадым. Қайдан табарсың, қарасын батырып үлгіріпті.

Менің есімді жидырған:

– Қарлығаш, саған не болды? – деген Жанардың ашулы үні. – Неғып сілейіп қалғансың? Кеттік деймін… Тормозбысың, немене?

Артынан әлгі адамның қай жерде істейтінін біліп алдым. Үлкен бастық емес, жай қызметкер екен. Бір саланың білікті маманы көрінеді. Бірақ маған оның кім болып істейтіні, лауазымы, қызмет орны, басқа жағдайлары керек емес еді. Тіпті басқа қыздар айта беретін табатын табысы да, мінетін машинасы да қызықтырмайды. Менің көңілімді алаңдатқан...

Иә, иә, өздерің де біліп отырған шығарсыңдар, сол бір нәрсе… Ғашық болып қалдым десем, қатты айтқандай (громко сказано) боламын. Бірақ шындығы сол – әлгі адамды іздеп, өзімнен өзім қарадай әуреге түсетінді шығардым. Қай жерде істейтінін білгеннен кейін, тауып алу да қиын емес қой бүгінгі заманда. Қазір жұмысы орны, кабинетінің нөмірі, телефоны, бәрі-бәрі алақанымда.

Әртүрлі сылтаумен барып жүріп, әлгі жігітті сыртынан барлап та көрдім. Алғашында басыма келген – «Көргеннен кейін, көңілім, суынар, басылар. Сосын өзі жөніме кетермін» деген сүйейсалды ой.

Ал жеме жемге келгенде, мүлде олай болмады. Ол кісіге сырттай көз салып, өзімше үңіліп, зерттей қарағаннан кейін, менің жағдайым тіпті күрделеніп кетті. Тамақтан қалмасам да, ұйқыдан қалдым. Сабағымның да нашарлауға бет алған түрі бар. Істеген ісімнен, айтқан сөзімнен де береке кете бастаған сыңайлы. Бәрінен бұрын айналамдағы жұрттан ескерту алып, сөз ести бастағанымды айтсаңшы. Бұрын менің басымда мұндай жағдай болып па еді?

Неше түрлі план кіреді басыма.

Қызметтен қайтар кезде алдынан тосып тұрмақ боламын, телефон арқылы айтқым келеді. Электронкасын біліп алып, хат жазсам деймін, тағысын тағылар. Шындығында осы айтқандарымның кейбіреуін іске асырып та көрдім. Қызмет соңынан тосып тұрып, көрген кезде жақындай алмай, бәрібір тайсақтап кетіппін. Екі-үш рет оқталғаным осылайша сәтсіздікке ұшырады. 

Бір рет жолын тосып тұрып, қасымнан өте берген кезде:

– Сәлеметсіз бе! – деппін ырқымнан тыс. Дауысым тым қатты шығып кетті-ау деймін, маған жалт қарады да, ерін ұшын жыбырлатып, өте шықты. Шамасы, танымаған да болар.

Киім ілгіш басы ғана екен, одан кейін әр түрлі жиындарда жолықтырып қалып жүрдім. Расын айтқанда, сол жолығуларға мұрындық болған да өзім. Енді мұны естіген кейбір адамдар мені мазақ та қылатын шығар. Әрбір көрген сайын, әрбір жолыққан сайын, ол кісі маған одан арман ұнай түскендей. Ұнамайтыны – бір-ақ нәрсе, мені жақсы көргенді былай қойып, оның маған мүлде қарамай жүргені, тіпті мен жаққа назар да салмайтыны.

Ол кісіні өзіме қалай қаратам, тіпті миым жетер емес...

Осы арада менің әңгімемді естіп отырған базбір оқырманның «Соншалықты ғашық болатындай ол кім өзі?» деп те сұрағысы келер. Нақ осындай сұрақ мені де мазалайтын. «Неғып жақсы көріп қалдым?» деп ойлайтынмын.

Шынымды айтайын ба, мұндай сезімнің ояну себебін қанша іздесем де, ақыры тіпті таба алмадым. Ол (аты-жөнін айтпай-ақ, «Ол» дей берейінші) орта ғана бойы бар, бидай өңді, қоңыр көзді жігіт. Дене мүсіні де ғажап деп айта алмас едім. Былай қарағанда сүйкімсіз емес, орташа адам. Бірақ тұла бойынан адамға деген бір жылылық есіп тұратын сияқты. Көз қиығы да оның жартылай жұмбақ еркек екенін білдіреді-ау деймін. Рас, киім киісі сән. Иығына ілгені аса қымбатты киім де бола қоймас, бірақ өзіне соншалықты қонымды.

Бір жағынан өзінің жан дүниесінің қасаңдау болуы да ғажап емес. Ел-жұртқа назар аудара қоймай, үнемі дерлік қызмет бабымен ғана жүретінін байқаймын. Және ылғи да баяғы киім ілгіштің алдындағыдай асығыс. Өзін әлдеқандай идеялар толғантып, соны жүзеге асыру үшін жанын қинап жүретін сияқты.

Бірақ менің шаруам мүлде үмітсіз де емес. Ретін тауып, ол араласатын ортаға жақындаса бастадым. Кейде ол қатысатын жиындарға, тіпті фуршеттерге де қыстырылып барып қаламын. Бұны өзімнің үлкен жеңісім деп сезінуім қалай болар екен? Тым асығыс пайымдап отырған жоқпын ба?

Бірақ өзім іштей солай ойлаймын.

Біздің қала онша үлкен емес, әйтеуір іздеген адамыңмен жолығысып қалуға  мүмкіндік табылады. «Көре-көре, көсем боласың, сөйлей-сөйлей, шешен боласың» дейді ғой қазақ. Ал мен осы мақалға өз тарапымнан «Кездесе-кездесе, таныс боласың» дегенді қосып қояр едім.

Үнемі жүздесе бергеннен қаншалықты мақау болса да, көрген адамың сені еріксіз шырамыта бастайды ғой. Ол да менің жүзімді есіне сақтаған сияқты ма, қалай, берген сәлемімді алатын болды (бұрын ондайы жоқ еді ғой), бірақ кідіре көз тоқтатып, тілдесе кетуге жоқ.

Менің сөзіме құлақ түріп отырған кейбір жандар: «Жігіт қарамай жүрсе, қыздың өзінде бір кәкір бар шығар, бәлкім, көріксіз болар» деп ойлап қалуы мүмкін ғой. Менде намысы бар адаммын, бірден ашып айтайын, мен өзімді өң жағынан ешкімнен сорлы емеспін деп ойлаймын. Асып бара жатқан сұлу емес шығармын, бірақ ажарым жігіт қарай алатындай деңгейде екендігіне бек сенімдімін. Оның үстіне қыз үшін маңызды болып келетін фигура деген тағы бір маңызды мәселе бар ғой. Ол жағынан да олқы соға қоймайтын сияқтымын.

Осы арада мен тағы бір шындықтың шымылдығын ашсам деймін. Өзімнің жүріп жүрген меншікті жігітімнің де бар екенін айтайын, ақыры айтқан соң. Ол шіркіннің өзін жақсы көрем, әйтпесе жүрмес едім ғой.

Ал бірақ менің басымдағы мына бір хал – маған төтеннен келген бір сұрапыл сезім. Жанымды қинап, көзіме жас үйірілтетін жаман сезім. Айналамдағының бәрін ұмытып кетудің аз-ақ алдында жүрмін.

Басқадай деп бағалауға лажым жоқ. Сол бір жаман сезім жігітіммен екеуміздің арамызды бұзып жүрмесе деп қорқамын.

Мен болсам… енді сол бір кісіге деген ықыласымды, көзқарасымды, ең бастысы осы ішімде буырқанған дүлей сезімімді ешкімге айта алар емеспін. Қасымдағы Жанар мен Ақлимаға да. Олардың махаббат жайлы көзқарастары қазіргі жастардікі сияқты стандартты. Мені түсінбейтініне, түсінгілері де келмейтініне көзім жетеді.

Ол болса… Әрине, үйлі-баранды. Махаббаттың жасынан өтіп те кеткен шығар. Өйткені менен оншақты жас үлкен ғой. Мен болсам, бар болғаны колледждің студенті ғанамын. Осындай жас айырмашылығына қарамай, оны неге жақсы көремін? Неге?

Оған жауап та таба алмаймын, не істерімді де білмей, бас қатырып жүрген сол...

Нұрдәулет АҚЫШ

Жәбірлеушілер

Әңгіме

Қыс қаһарының енді ғана күшіне міне бастаған қытымыр уақыт. Күн кешкіріп қалған. Автостанцияға ертерек жетіп алайын деген оймен қаланың  шеткі көшелерімен адымымды аша түсіп, жаяулай тартып келемін.  Маңайымның бәрі – жапырайған жеке үйлер, таусылып бітпейтін бетон бетті қоршаулар, әр мелшие қараған қайдағы бір өндірістік жайлар. Мұндай жерлерде әдетте адам аяғы саябыр болады ғой, ымырт үйірілуге айналған осынау беймезгіл уақытта да оқшау жүрісті ошаң еткен ешкімнің қарасы көрінер емес. 

Кенет дәл қасымнан шиық еткен оқыс дыбыс шықты. Жалт қарасам, лекіп келіп тоқтаған – жамбасында «Жол патрульдік полиция» деген жазуы бар бір «Дэу» маркалы ақ машина. Полицияның біреуі шығып, менен құжат талап етті. Мен үнемі төс қалтамда жүретін жеке куәлігімді суырып алып, ұсына қойдым.  Ол бетіме үңіле қарады да:

– Қалтаңда артық ештеңе жоқ па? – деп сұрады.

– Жоқ, дедім мен. Менің жадағай жауабым онша қанағаттандырмаса керек, әлгі полиция қызметкері:

– Қане, тексеріп көрейік, – деді де, тегеурінді белсенділікпен ол жер, бұл жерімді сипалай бастады. Сол кезде әлдененің шалбарымның балағы арқылы сусылдап келіп, бәтіңкеме түскенін сезіп қалдым. Неге олай болғанын да шамалай қойдым. Өйткені шалбарымның бір қалтасы тесік болатын. Өзі күнін әрең көріп, ілініп-салынып әрең жүрген ауылдың жұпыны жігітінде  қай бір жөні түзу киім бола қойсын. Полицияның қолын тыққаны да сол тесік қалта еді.

Жұмыстан шаршап қайтқан байғұс басым үйге кіре, сүрініп жығыламын да, әлгі опасыз жыртықты жіппен іле салуды құнттамай жүргенмін. Түсіп қала берген соң, ол қалтама тиын, ештеңе салмайтынмын.

Ептеп еңкейіп, аяғымның астына қарасам, қар үстінде ұсақ малдың құмалағындай кішкентай  ғана бірдеңке қарайып жатыр.

Полиция қызметкері мені әлі де сипалай түсуде. Төмен үңіліп, анықтап қайталай қарағанымда, әлгі нәрсені көріп, жүрегімнің зу ете түскені. Жерде жатқан оқтан аумайды, оқ болғанда да кәдімгі тапаншаның кішкентай оғы. Аяқ астынан бұл қайдан пайда бола кеткен пәле? Ол жағын бажайлап жатуға  мұршам жоқ, жаңағы оқты сол тұрған қалпымда өкшеммен езгілеп, жаныштай бердім. Жаным қысылғандағы бар мақсатым – сол қалпы қалайда қарға сіңіріп жіберу.

Сол екі арада полиция қызметкері енді менің қалтама қолын тығып жіберген екен. Тіпті айналдырып, сыртына да шығарды. Бірақ тесік екенін байқамай қалған сияқты. Сонан кейін әлдене деп күбірледі де, машинаға қарай жүгіріп кетті. Соны пайдаланып, мен де тұрған орнымнан қозғалып, ақырын жүре бастадым.

Сол кезде полиция машинасынан тағы біреуі ытқып шықты да:

– Тоқта! – деп, айқайлады маған. Мұндай өктем бұйрыққа бағынбасқа әлің қайсы, күрт, тоқтай қалдым. Енді мені киімімнің тігісіне дейін тексеріп, тінте бастаған патрульдік экипаждың  жаңағы мүшесі. Сөзінің төркіні жаман-ақ:

  • Өткенде алаңда болған тура сен секілділер. Құдай біледі, сен де солардың біреуі шығарсың?

Алғашқысы да қасыма келіп, маған зерттей қарап тұр: 

– Осы неменің кесіпірі де маған ұнап тұрған жоқ. Өзін дедектетіп, бөлімшеге алып барайық та. Сол жерде мойындамай көрсін!

Сол кезде барып өзіме-өзім келген мен:

– Әй, ағалар, не болды мені сонша тінтіп? Үйіме жете алмай, асығып келе жатырмын. Автобусқа үлгіруім керек… Мен тіпті де қылмыскер емеспін ғой. Алаң дегенді білмеймін. Ол күндері үйден шыға алмадым. Сенбесеңіздер, мен тұрған жерге сұрау салыңыздар, дедім жалбарына дауыстап. Полиция қызметкерлері мені жүндеген түйедей әбден жұлмалап-жұлмалап алып, біраздан кейін әрең босатты. Бір тәуірі ештеңе сұраған жоқ. Ауылдағы жігіттердің осындайда «Бірдемелерін беріп, әрең құтылдық» деп жататындары есімде.

«Аш бәледен қаш бәле» деген емес пе, тездетіп жүгіре басып жөнелгенімде, бәтіңкемнің табаны да сатырлап, айналамды жаңғыртып әкетті Дәл қазіргі бар мақсатым – погонды ұрыншақтардан неғұрлым алыстай түсу. Енді байқадым, атқалақтай соққан жүрегім аузыма тығылып, кәдімгідей қорқып кетіппін.

Ұзаңқырап барып артыма қарасам, әлгілер жаңағы мені тоқтатқан орынға қол фонарьларын түсіріп, әлденені іздеп жатыр екен. Не іздеп жатқанын да бірден біле қойдым.

Демек, полицейлер тексерген сыңай танытып, менің қалтама мылтықтың оғын салып жіберген. Сосын артынан өздері тінтіп, тауып алған болып, менің басымды шатаққа ұрындырғылары келген. Онан кейінгі жағдай белгілі ғой, «Протоколдап, қамаймыз» деп қорқытады. Ұсталған адам жаны үшін шырқырап, оларға ақша ұсынып әлекке түспей ме. Егер ақша бермесең, екі көзің абақтыда жылтырайды. Ақталып көр содан кейін.

Егер сол жолы қалтам тесік болмағанда… Ар жағын ойлап көрудің өзі қорқынышты. «Алланың сақтағаныy қарашы!» деген қуанышты сезім тұла бойымды бусандырып жібергендей болды.

Мен өзім ­– қалаға таяу кенттердің бірінде тұратын қарапайым жігітпін. Әке-шешем де жандарын баққан жай шаруа адамдар. Басқа замандастарымдай  астымда көлігім болса, үйіме жете алмай, қаланың бір түпкірінде өстіп қаңғырып жүремін бе?

Осы полиция қызметкерлерінің топастау дейтіні рас та шығар. Өйткені беймезгіл уақытта жаяу-жалпылап қаңғып жүргенімнен, үстімдегі арзанқол жадағай киімімнен менің кім екенімді аңғаруға болатын еді ғой. Мендей жұқалтаң жаяу оларға қайбір жарытып жем бола қойсын. Соны қалай білмейді мыналар? Әлде бүлікшілердің қатарын толықтыру ма менімен?

Сөйтіп аяқ астынан полицияның тұзағына түсіп, нақақтан нақақ істі бола жаздағанымды көрмейсің бе? «Уһ!» деп бойым жеңілдеп, бойым бусанып сала бергендей болды. «Осыдан үйге жетсем, бір ақсарбас шалмасам ба» деп қоямын іштей. Өстіп асыға аяңдап келе жатқанымда, алдымнан қараңдаған әлдебіреулердің сүлдесі көрінді. Оларды дереу тоқтатып, сақтандырғаным жөн болар.

Қатқақ қарды сықыр-сықыр басып, тақай түскен кезде аңғардым, орыстың еңгезердей екі жігіті.

Мен оларға екпіндетіп тақай түстім де, қолымды сілтеп: – Жігіттер, ана жақта, деп, аузымды аша бергенім сол еді:

– Ох, ты калбит, чо ты меня задеваешь? – деп саңқ ете түскені біреуінің. Мен «Ана жақта полиция тұр, абайлаңдар!» дегенімше болған жоқ, әлгі неме иегімнің астынан сарт еткізіп періп кеп жіберді. Шалқалап кеткеніммен, құлағаным жоқ. Сол кезде қарасам, екіншісі де тоқтай қалып, қайырыла бұрылыпты. Мені сол жүріп бара жатқан бағытыммен ары қарай тұра қашады деп ойлады ма, немене, екеуінің де бірдей маған тап бергені.

– Ах, ты террорист! Саба оны!

Жаным қысылып кеткенде, қалай есіме келгенін білмеймін, мен далбасалап, олардың өздеріне қарай тұра ұмтылдым. Кенет қалбаң етіп, ұзынынан барып, екпетімнен ұшып түскенімді білемін. Әжептәуір ауырсынып қалғаныма қарамай, лып етіп, шапшаң атып тұрдым. Сөйтсем, жаңағылардың біреуі аяғымнан шалып жіберген екен.

Ұшып тұрдым да, әлгі келген жағыма қарай табаныммен асфальтты тарсылдатып, шыбын-шіркей болып жүгіріп кеп берейін. Аналар да бұрыла салып, сатыр-сұтыр қуып келеді.

– Спасите! Помогите! – деп айқайды салдым дейсің.  Екі көзім – жаңағы полиция машинасы тұрған жақта. Аса күшті болмасам да, бір кісідей жүгіре алатыныма сеніп келемін. Менің дауысым патрульдердің де құлағына жеткен сияқты, сиреналарын безілдетіп, бері қарай ышқына қозғалды. Сол-ақ екен, арт жағымнан сатырлап келе жатқан аяқ дыбысының күрт тыйыла қалғаны. Қасымнан зуылдай өткен машинаның ішінен құлағыма жанасықаны:

– Осы жерде тұр! – деген айқай. Бұрыла қарасам, полиция машинасы кейін қарай қашқан әлгі екеуді тыпыр еткізбестен қуып жеткен екен. Шиық еткізіп, тоқтай қалғанда, сарт-сұрт етіп есіктері де  бірге ашылды. Құлағыма жетіп жатқаны – сатыр-сұтыр дыбыстар, ентіккен, бұйрық берген қатқыл сөздер.

Сонан не керек, бір кезде машина да бері қарай бұрылып, прожекторын мен жаққа түсірді. Сөйтсем, полицейлер жаңағы екі бұзықтың біреуін ұстап үлгірген екен, екіншісі ұзын бетон қоршаудың бір жерінен ары қарай секіріп түсіп, қарасын батырыпты.

Машинадан шығып, қасыма келген полицей қол фонарын бетіме қарай жағып жіберді де:

–  Өй, бұл сенбісің? – деді таңырқаған дауыспен.

– Сіздерден кейін маған мыналар тиісті, – деп жатырмын дауысым дірілдей.

Өзімше олардың да маған қиянат жасағылары келгендігін сездірген түрім. Артынан ойладым, «Сөйтіп ишаралай сөйлегенім бекер болды-ау» деген ойдың келгені кейінірек. Тағы да бірдеме етіп өзіме бәле салып, басымды шатаққа ұрындыруы мүмкін ғой.

Жаңағы ұсталған бұзық:

– Этот калбит сам виноват… – деп, менің қолымды сілтей сөйлегенімді тілге тиек қылып жатты.     

Сонымен жәбірленуші ретінде полицейлер мені де машинаға салып алды. Полиция бөлімшесінде біраз уақытқа дейін жүріп қалып, сол түнгі автобустан қалып қойғаным. Сөйтіп маған жала жапқысы келген патрульдік полиция осылайша енді менің құтқарушыма айналды.

Менің басымнан өткен осы оқиғаны естіген ауылдағылар:

– Қайта жеңіл құтылыпсың, –  деп жатты.

Тегтер: