Ереуіл ұзаққа созылды: West Oil Software-ның наразы жүргізушілерінің орнын Жетібайдың жұмыссыз тұрғындары толтыруға дайын
Өткен жылдың 11 желтоқсанынан бастап, Маңғыстау облысындағы West Oil Software қызметкерлерінің ереуілі жалғасуда.
Компания басшылығының қарсылығы мен ҚМГ түсініктемелері нәтиже берген жоқ, ереуілшілердің тарапынан наразылық жалғасуда. Нәтижесінде WOS-та 24 ақпанға дейін жұмысқа оралмаған барлық қызметкерлерді жұмыстан шығаратынын мәлімдеді. Олардың орындарына өңірдің Қарақия және басқа да аудандарында жұмысқа орналасу үшін кезекте тұрған азаматтар қабылданатын болады.
2023 жылдың желтоқсан айының ортасында «West Oil Software» ЖШС қызметкерлері өз басшылығына үш талап қойғанын мәлімдеді:
«Біз, Маңғыстау облысындағы WestOil-дың қызметкерлері бұған дейін заң аясында өз талаптарымызды қойғанбыз, ол орындалмай қалды. Осы талаптарымыздың орындамауына байланысты, біз конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, соңғы шараларға бардық, атап айтқанда, 11 желтоқсанда көшеге шықтық», - деп мәлімдеген болатын сол кезде WOS қызметкерлерінің өкілдері.
Мұнайшылар үндеуінің бейнежазбасы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен тарап кетті. Алайда Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясында үш талаптың екеуі еңбек дауына негіз болып табылмайтынын, «бұл туралы еңбек арбитражының отырысында ескертілгенін» түсіндірді.
«Қызметкерлер талаптарының біреуі қанағаттандырылды, сондықтан қызметкерлердің ереуіл өткізу туралы шешімі еңбек заңнамасына сәйкес негізсіз. Ведомство басшысы аталған компания қызметкерлерінің талаптарына қатысты еңбек заңнамасының нормаларын түсіндірді. Бұл талаптар дауды шешу және келелі мәселелерді шешу мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында құрылған татуласу комиссиясы мен еңбек арбитражының отырысында қаралды. Сонымен, үш талаптың бірі – автокөлік пен арнайы техникаларды жаңарту «ҚазМұнайГаз» және «Мұнай көлік Корпорейшэн» компанияларының өкілдерімен бірнеше рет талқыланды. 16 қарашадағы еңбек арбитражының отырысында көпшілік дауыспен «ҚазМұнайГаз» компаниясы ұсынған бағдарлама бойынша көлік техникасын жаңарту туралы талапты қанағаттандыру туралы хаттамалық шешім қабылданды, - деп мәлімдеді шенеуніктер.
Сонымен бірге, олардың айтуынша, «Мұнай көлік Корпорейшэн» компаниясының штатына ауысу және «West Oil Software» ЖШС қызметкерлеріне ҚМГ ұлттық компаниясының бірыңғай еңбекақы жүйесін (БЕЖ) енгізу талаптары қарастырылмаған, себебі бұл мәселелер еңбек дауының негізі емес және оларды шешу жұмыс беруші «West Oil Software» ЖШС-ның құзыретіне кірмейді.
«Бұл екі талап еңбек заңнамасы бойынша еңбек дауы емес. Бұл мәселе бойынша Еңбек министрлігінің егжей-тегжейлі түсіндірме хаты бар. Сонымен бірге, «West Oil Software» ЖШС қызметкерлерімен, мемлекеттік органдармен және «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта ұжымдық дау реттелді деп саналады, себебі бір талап орындалды, ал қалған екеуі еңбек емес. Осыған байланысты қызметкерлердің ереуілді өтткізу туралы шешімі еңбек заңнамасына сәйкес негізсіз», - деді еңбек инспекциясы.
Сондай-ақ, шенеуніктердің айтуынша, бұл кәсіпорындарда ереуілдерге еңбек заңнамасымен тыйым салынған, себебі олар «ММГ» АҚ қауіпті өндірістік объектілерінің (үздіксіз циклді кәсіпорын) жұмысын қамтамасыз етеді, оның жұмысын тоқтату өндірістік процесс үшін орны толмас салдарға алып келуі мүмкін. Жұмыс беруші ереуілді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінуге құқылы, сәйкесінше сот құқықтық бағасын береді. Ереуіл заңсыз деп танылған жағдайда, қатысушыларға қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары қолданылуы мүмкін.
Ал жұмыс беруші болса сотқа жүгінді: 11 желтоқсанда Қарақия аудандық соты мынадай тұжырымдарға келді:
«Қызметкерлер жұмыс берушіге ереуілдің қаншаға созылатыны туралы ескертпеген және орындалуы тиіс ең аз талаптарды ұсынбаған. Сонымен бірге, «West Oil Software» ЖШС-ның Жетібай технологиялық көлік басқармасы жұмысының тоқтатылуы ауыр және қауіпті салдармен байланысты қауіпті өндірістік нысанға жатады. Сот шешімімен талапкердің талабы қанағаттандырылып, «West Oil Software» ЖШС қызметкерлерінің ереуілі заңсыз деп танылды».
24 қаңтарда Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп танып, WOS қызметкерлерінің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Сонымен бірге, 20 желтоқсанда «West Oil Software» ЖШС-да «OTK» ЖШС мен WOS арасында 2027 жылға дейін қолданыстағы ұзақ мерзімді шарттың бар екенін айтты:
«Компания ереуілге шыққан қызметкерлердің қатысуымен немесе қатысуынсыз өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға ниетті. Ереуілге байланысты мұнай ұңғымаларында апаттың орын алу қаупі бар, бұл қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ тапсырыс берушіге де айтарлықтай экономикалық зиян келтіруі мүмкін. Ереуілге байланысты компания келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін күн сайын 23 миллион теңгеден астам шығынға ұшырап отыр».
Ал, WOS басшылығы компанияның ұжымдық шарт пен еңбек заңнамасының талаптарын толықтай орындайтынын атап өтті. Компания қызметкерлерді басқа мұнай сервистік компанияларының жалақысымен салыстырғанда көбірек жалақымен қамтамасыз етеді.
2017 жылы ҚМГ энергия тасымалдағыш бағасының төмендеуі және өңірдің кен орындарындағы мұнай қорының азаюы аясында өзінің еншілес компанияларын қайта құруды жүргізген. Бірнеше мың қызметкермен еңбек шартын бұзу туралы келісім осылай пайда болған. Бұл негізінен сервистік қызмет көрсететін персоналға қатысты. Қызметкерлер жұмыстан кетуге келіссе бес жылдық жалақысының жартысын өтемақы ретінде төлеу ұсынылған («5/50» бағдарламасы).
ҚМГ деректері бойынша сол кезде 3 969 адам жұмыс берушінің шарттарымен келісіп, ақшасын алған. Бір қызметкерге орта есеппен 11 миллион теңгеден шығып, бағдарламаны іске асыруға барлығы 44 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған. Мұнымен қоса, 2333 адам бірден жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде «West Oil Software»-ге де адамдар жұмысқа орналасқан.
Адамдар миллиондаған өтемақы алып, жаңа жұмысқа орналасып, бірнеше жылдан кейін кенеттен барлығын 2017 жылға дейінгі қалпына қайтарғысы келген болып тұр. Бұл ретте, олар ақшаны қайтару туралы әңгіме қозғамаған.
Тағы бір айта кетерлік жайт, өңірде жұмыссыз тұрғындарға мұнай саласында жұмыс орындарын ұсынатын кезек бар. Ал егер ҚМГ басшылығы ереуілге шыққандардың шартына көніп, оларды өзінің еншілес кәсіпорындарына жұмысқа қабылдаса, онда ол жұмысқа кезекте тұрғандарды автоматты түрде жылжытқан болар еді.
Жұртшылық біраз уақыттан бері ереуілге шыққан қызметкерлердің WOS басшылығының уәждерін тыңдаудан бас тартқанын бақылап отырды. Жұмысқа қайта келуге шақырулар, заңнаманы түсіндіру - барлық хабарламалар еленбеді. Ақырында, 21 ақпанда West Oil Software басшылығы ереуілге қатысушыларға арналған үндеуді таратты:
«2023 жылғы 11 желтоқсаннан бері негізінен жүргізуші мамандығы бойынша жұмыс жасайтын қызметкерлердің ереуілі жалғасуда.
Естеріңізге сала кетейік, Қарақия аудандық соты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарған болатын. 2024 жылғы 24 қаңтарда Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасының қаулысымен Қарақия аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалды. Компания соттың шығарған шешімін ереуілге қатысқан барлық қызметкерлердің назарына жеткізді. Маңғыстау облыстық сотының қаулысы жария етілген сәттен бастап шешім заңды күшіне енгенін атап өткен жөн. Компанияда осы әрекеттердің нәтижесінде компания күн сайын 900 миллион теңгеден астам шығынға ұшырап отырғанын атап өтті. Мұнымен қоса, тапсырыс беруші тарапынан «Westoil Software» ЖШС өзіне қабылданған шарттық міндеттемелерді орындамауы және тапсырыс берушіге тәулігіне 23 миллион теңгеге дейін шығын келтіруі туралы сотқа дейінгі шағымдар қойылды, бұл талап күн сайын артып келеді.
Осыған қарамастан, бірнеше ай бойы «Westoil Software» ЖШС ереуілге шыққан қызметкерлермен татуласу және құқықтық саладағы жағдайды шешу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауда. Бүгінгі таңда 94 қызметкер өз еркімен жұмысқа қайта оралды, оларға ешқандай жаза қолданылған жоқ.
Компания басшылығы бірнеше рет қызметкерлерге еңбек міндеттемелерін орындау және жұмысқа оралу туралы өтініш жасады. Бүгін «Westoil Software» ЖШС өкілдері қызметкерлерді ереуілді тоқтатуға және жұмыс орындарына шығуға шақырды.
Сонымен қатар, күн сайын өсіп келе жатқан шығындарға, сондай-ақ Тапсырыс берушінің талаптарына байланысты басшылық ереуілге қатысушыларға компанияның қаржылық жағдайы сын көтермейтіндігін және осы жылдың 24 ақпанынан кейін қызметкерлердің жұмысқа шығуын күту мүмкін еместігін хабарлады.
Компанияда жұмысқа қайта оралып, өз міндемелерін атқаруға шешім қабылдаған қызметкерлерге ешқандай жаза қолданылмайтыны атап өтілді. Сондай-ақ, қызметкерлер көрсетілген мерзімде жұмысқа шықпаған жағдайда, компания ереуілге қатысушылардың барлығымен заңнамаға сәйкес еңбек шартын бұзуға және Маңғыстау облысының Қарақия және басқа да аудандарында жұмысқа орналасуға кезекте тұрған азаматтар арасынан мамандарды жұмысқа қабылдауға мәжбүр болатыны айтылады.
Тура сол күні әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай аулының тұрғындары жазған кезекті бейнежазба пайда болды. Бір топ жұмыссыз азаматтар өз талаптарын қойды, олар ереуілдерін жалғастырып жатқан компания қызметкрелерінің орнына «West Oil Software» ЖШС-не жұмысқа орналастыруды талап етуде.
«Біз Қарақия ауданының әкімдігі мен жұмыспен қамту орталығына ауыр жағдайымызға назар аудару үшін жүгінеміз. Ауылымыздың жұмыссыз тұрғындарын «West Oil Software» ЖШС-дегі ашық жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді талап етеміз», - делінген үндеуде.
Бұл орайда, ереуілшілердің өздері «үркітуден қорықпайтындарын және өз талаптарын орындауды жалғастыратындарын» мәлімдеді. Ақтаулық танымал блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің Facebook парақшасында «ереуілшілер ақылға келіп, жұмысқа кіріскені жөн» деп жазды. Маңғыстау облысындағы EcoJer Қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Қажымұрат Хайрушев «жұмысқа орналасқысы келетіндер жеткілікті екенін» атап өтті.
«Energy Monitor» Telegram арнасының авторы Нұржан Жұмаулов «ереуіл арқылы бопсалауға жол берілмейтіндігі» туралы мәлімдеді.
«Неліктен редакциямыз ереуілге шыққандардың жағында емес, керісінше сындарлы диалогты қолдайды. «Батыстан» шықпағандықтан, бәлкім, шынымен де пікір айтуға құқымыз жоқ шығар, бірақ біз унитарлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біз мәселенің тарихымен жақсы таныспыз (ММГ-ны жекешелендіру, ҚМГ-нің 50%-ын кері сату, Павлодар МХЗ-ын бөлек сату, АНС компаниялар тобын ҚМГ-ға $330 миллионға сату, қомақты сыйақыға қызметкерлерді босату және т.б.).
«West Oil Software» жеке компаниясының қызметкерлері ҚМГ компаниялар тобына жұмысқа орналастыру бойынша негізгі талабымен (БЕЖ жүйесі бойынша жалақы алу мақсатында) 80 күннен бері ереуілде. Бізге 80 күн жалақысыз отбасын қалай асырауға болатынын түсіну өте қиын, оның үстіне несиелер де бар», - деп жазады автор.
Жұмағұлов ереуілшілерге республикалық және өңірлік (Жаңаөзен) көлемде жаппай қолдау көрсетілмегенін атап өтті. 300-350 қызметкердің 90-нан астамы жұмысқа оралды. Оның айтуынша, қалғандары, «өкінішке орай, болуы мүмкін емес ғажайыпты күтуде».
«Бірақ ғажайып болмайды, себебі егер прецедент орын алған болса, ертең ондаған жеке компаниялардың қызметкерлері ҚМГ штатына қосылуды сұрайды. Бұрғылау, Кезби, БерАли Оперейтинг және т.б. қызметкерлерінің ҚМГ штатына қосылуға қалай сұранғанына біз бұған дейін де куә болғанбыз. Бірақ барлығына да келісім беруден бас тартылған болатын.
Иә, мұнай өңірлерде өндіріледі, бірақ ол еліміздің Конституциясы бойынша бүкіл Қазақстан халқына ортақ. Оңтүстіктің тұрғындары, мысалы, жұмыс істеу үшін басқа өңірлерге барады. Эмоцияға берілмей, парасаттылық үстемдік алуы тиіс», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
фото: freepik.com