Ережені елемеудің ақыры...
Түркістан облысында жыл басынан бері суға кетудің 10 жағдайы тіркелген. Мұндай мәліметті Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратып отыр.
Ең өкініштісі, қайтыс болғандардың жетеуі кәмелетке толмаған балалар.
Мамандардың айтуынша, бақытсыз жағдайлар негізінен суға шомылуға тыйым салынған жерлерде: каналдарда, өзен, көлдерде орын алған. Сондай-ақ қайғылы оқиғаларға балалардың үлкендердің бақылауынсыз суға түсуі, мас күйде шомылу, бір сөзбен айтқанда сақтық ережелерін елемеу себеп болған.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, қала, аудан әкімдіктерімен және басқа құзырлы мекемелермен бірлесе отырып, су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алу үшін тиісті жұмыстар ұйымдастырылған. Шомылу кезеңінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында департамент жергілікті атқарушы органдармен, Полиция департаментімен және басқа да ұйымдармен бірлескен жоспарлар бекіткен.
Осы шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда 1796 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізілген, арнайы дайындалған бекйнероликтер көрсетілген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 440-бабы бойынша 184 жекелеген азаматтарға 2 миллион 52 мың көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ 218 азаматқа аталған кодекстің 364-бабымен «ескерту» берілген.
Сонымен қатар аталған жоспарды жүзеге асыру барысында Арыс қаласы және Шардара, Жетісай аудандары әкімдіктерімен 33 каркасты бассейндер сатып алынып, шомылу орындары жоқ елді мекендерде орнатылды. Отырар, Арыс аудандарында жұмыспен қамту орталығынан арнайы оқытылған 33 жасақшылар дайындалды.
Мамандардың айтуынша, облыста биыл суға кету оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға азайған.
Су айдындарында болатын бақытсыз оқиғаларының алдын алуға тәртіп сақшылары да жұмылдырылуда. Мәселен, жақында Ордабасы ауданының полицейлері суға шомылған тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
— Аталған аудандағы полиция бөлімінің қызметкерлері аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлерімен бірге рейдтік шара ұйымдастырды. Олар аудандағы өзендер мен көлдерге, каналдарға барып, ондағы жасөспірімдерге түсіндіру шараларын жүргізді. Сонымен қатар тыйым салынған аумақтарға суға шомылуға болмайтындығын баса айтты және алғашқы көмек көрсету ережелерін түсіндірді. Айта кетер болсақ, полиция қызметкерлері жыл басынан бері аудан аумағында белгіленбеген аумақтарда суға түсіп, ережені бұзғаны үшін 4 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы 1-бөлігі «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырған. Облыс полицейлері тұрғындарға суға шомылу маусымында барынша сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Жасөспірім балаларыңызды қараусыз жібермей, тыйым салынған аумақтарға суға түсуге болмайтынын еске салады, – деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаменті.
Ал Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталағы» мекемесі, аудандық адами әлеуетті дамыту, төтенше жағдайлар бөлімдері өкілдерімен бірлесіп, рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырды. Тиісті мамандардан жиналған топ, аудан аумағында тұрғындарға суға шомылу аймақтарында, көпшілік шоғырланатын жерлерде, жағажайлар мен каналдарда суға батып кету жайттарын болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 35 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тұрғындардың барлығына «ескерту» тәртіптік шарасы көрілді.
– Ең құнды байлық – адам өмірі. Сондықтан қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін полицейлер белгіленбеген орындарда суға шомылуға тыйым салу, суға түсу барысында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береді, – дейді тәртіп сақшылары.