Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 08 Мамыр 2024

Ерғали БАҚАШ. Адамтас (әңгіме)

1
Фото: из открытых источников

Жан-жағына қаранып, өз-өзінен үркіп келеді. Буыны қалтырап, тірсегі-тірсегін соғып, құйындай үйірген үрейдің аранына жұтылуға шақ қалғанда, оқыс бір күш тосын пайда болып, өң-түсі белгісіз пәледен арашалап қалғандай болды.

Бір сәт есін жиғанда, аласа шарбақтың алдына кеп аяқ суытқаны еміс-еміс қана жадында. Жағалап жүріп, жартылай ашылған ағаш қақпаға жеткенде, қуыс көңіліне болмашы жылымық ұялап, «үміт шырпысы» лап ете қалған-ды. Артынша сөніп тынды. Әлгінде ғана соңғы аялдаманы бағыт ұстап, бетке алған... айналып тағы келіп тұрғанына көзі жетсе де, таңырқамауға шарасы қалмады. Әбден титықтап, діңкесі құрығаны аздай, ерні кеберсіп, шөл қысып барады. Не болса да ішке кіріп, су сұрамақ болды. Әрі қарай мүмкін «жерге жарық түскенше, көз шырымын алудың да реті келіп қалар» деген есек дәмесі оянды. Бірақ бөтен аулаға кірерін, не кірмесін білмей аңтарылған күйі әлі тұр... ақыры, жүрегі дауаламай келген ізімен кері қайтты.

Көзге түртсе көргісіз, көрдей қараңғы түн жер-әлемді тас бүркеп жатып алған. Жымыңдап, есті алар сан-мың жұлдыз бас сауғалап, маңып кеткендей ізім-қайым қарасын батырыпты. Әлде ақ текеметтей ақша бұлттардың құшағында еріп, мөлдір шыққа айналып ғайып болды ма екен?.. «Жұлдыз санап ойнайтын, қайран балалық-ай» деді күрсініп. Үнінде ащы өкініш, көзіне айықпас мұң тұна қалыпты. Жаңа ғана бақыттың бал-шарабын сіміріп, кеу-кеу қошеметпен ағылған жыр, аңыраған күйдің тарихын оңды-солды сапырып отырған.

Аяқасты көп ішінен жырылып шығып, түсініксіз хәлде түнге сіңіп кете барды.

Нақты қай кезден басталғаны есінде жоқ. Қаумалаған ортаны біртүрлі жатырқап, мазасы қашып, қалжырайды. Бұрын, керісінше, дабырлаған у-шудың бел ортасынан табылатын. Енді, міне, кеудедегі шыбыны тыныштық бермей, зымыстан ойдың жетегімен Адамтасқа бет алды. Ет-жүректі пенденің тасқа көңілі ауып, мият табарын кім болжапты?.. Оның үстіне Қағбаның қара тасы болса бір сәрі, Жаратқанның құдіретіне бас иіп, таң-тамаша қалуға болатын. Айдалада, ауылдан жырақ, тек ел арасындағы алыпқашпа әңгіменің айтуынша, Адамтас кезінде ақиқат үшін күрескен жесір әйелдің жалғыз ұлы екен-мыс. Әділетсіздікке төзбей, қорлықты көп көріп, жылай-жылай тасқа айналып кетіпті десе, тағы бір аңыз, қарғыс арқалаған зұлым әмірші деген болжамды көлденең тартады. Содан ба, әлде басқа себебі бар ма? Адамтастың маңайына жан баласы жоламайды.

Не түлен түрткені белгісіз, Тасболат жылан арбаған торғайдай мәңгіріп, қимыжық күйге түсті. Шырт ұйқыда жатып, түсініксіз бірдеңелерді сандырақтап, орнынан қарғып тұрып, далаға қарай жүгіре жөнеледі...

Тіршілік сарыны қалыпты емес екенін білсе де, дедектеткен әлем-тапырық сезімді бастан өткізгенін жаңа ғана білгендей кірпиязданып, морт кетті. Әлденеге кіжініп, шолжаң, шодыр мінезін көрсетер қара таппай, жүзі құмығып, онсыз да бір уыс беті бүрісіп-тырысып, қызарып, зорға басылды.

– Адамтас ғайып болды, ол енді қайтып оралмайды, киесін білмедік. Қорладық. Періште тектес мүсін адамдардың қиянатынан жерініп, көз көрмес, құлақ естімес ұжымақ мекенге көшіп кетті деді күрсініп. Дауысы жарықшақтанып шықты. Құдды өзіне емес, өзгелерге тәптіштеп түсіндіріп жатқандай қинала сөйлейді.

Сол түнгі сергелдеңнен кейін Тасболат адам танымастай өзгерді. Қыңыр, қиқар, ұшқалақ мінезден біржола тыйылып, ойлы, байсалды кейіпке енді. Бар ойы, аңсары Адамтасқа ауады да тұрады. Оны-мұны сылтау қып, баруға бекінгенмен, жолы түспей-ақ қойды.

Өткен түні іздеп таба алмай, құр сандалғанын ойласа сұмдық қысылып, ұрлығы ашылған адамдай қызарақтайды.

Артығы қаздиып тік тұр демесең, мүжілген, қотыртас. Әлдеқандай қып Адамтас аталуының сырын нақты ешкім білмейді. Ықылым заманнан белгілі балбал тасқа да еш ұқсастығы жоқ. Бірақ жақындап, көз алмай, тік қарауға тәуекелің жетпейді.

Адамтастың бойында теңдессіз жойқын күш жасырынып жатқандай... Оны жұртқа жеткізуге, ең әуелі тіл емес, жүрек керек сияқты.

Тасболат түс ауа ой-санасын жаулап, зарықтырған Адамтасқа баруға бекінді. Үйдің шаруасын тиянақтап, отын-суды күні бұрын ретке келтірді. Енді, тек кешікпей жолға шығу керек. Бұл жолы қалайда, Адамтастың құпия сырын біліп, көкірегіне қаттап қайтуды парыз санап отыр. Өткен түнгі адасуын өзінен басқа ешкім білмесе де, қатты опынады.

Өткендегідей емес, жолда жүруге ыңғайлы киім киді. Қонышы ұзын етік пен тізеден төмен түскен сулық қона кетті. Тек тозығы жеткен бас киімі әбден ескіргені көрініп тұр. Жуыла бергеннен ағарып, ақ жемі шығыпты. Мыжырайып, бір жақ шекесіне жабыса қалды. «Иә, сәт!» деп, босағада сүйеулі тұрған құлашқа жуық таяқты іле үйден шықты. Бағыт – Күнбатыс жақ. Шамамен, тездетіп жүрсе, бір-бір жарым сағатта жетіп үлгереді. Жолай көңілін делбеу үшін балалық шақтың түгесілмес қызығын еске алуға ұмтылғанмен, бәрібір бейқам қалпынан алыстай қойған жоқ.

Жүрегі құрғыр тулап, ентігі үдей түсті. Нақты себебі бұлыңғыр болғанымен, аңсары кісіні естен тандырар алапат күшке ие ұшқалақ бір ой жүрегін бебеулеткелі мазасы қашқан. Кісі баласы сөйлесе тыжырынып, ғайыптан дерт жұқтырған адамдай аласұратынды шығарды. Содан кейін міне, саңы ауған Адамтасты көруге аттанып бара жатқан беті.

Адамтасты ең алғаш әкесіне еріп, жылқы көздеуге шыққанда көрген. Осыдан он бес жыл бұрын. Онда тастан-тасқа секіріп ойнап жүрген бала еді.

Сұсты, суық қара тасты көргенде, қорыққаннан тілі күрмеліп, көкесінің етегіне тығыла берген. Қарсы алдында жансыз тас емес, адам жұтатын алып қара жылан тұрғандай сұмдық үрейленіп, есін әзер жиған еді.

Түндегі ақ жауыннан жол әлі толық дегдімепті. Былжырап, лай-батпақ болмағанмен, аяқ алып жүруге едәуір күш түсіреді. Бірақ алабұртқан көңіл қандай да бір бөгет, алапат тасқынға да ыңғай беруден аулақ. Қалайда аңсарын көрмей, кеудесін тырналаған мұң не сағыныш екені белгісіз дерттен айықпасын біледі.

Таспадай тілінген жалғыз аяқ соқпақ тік, қасқа жолға апарады. Әрі асып, еңіске қарай құлағаннан кейін, атшаптырым кең жазық жайылып жатыр. Сол ми даланың қақ ортасында Жер-Ананың кіндігіндей қасқайып, Адамтас тұр. Алыстан көрген кісі тас емес, адам екеніне ешқандай шек келтірмейді... пора-порасы шығып терлеп, қасқа жолдың төбесіне шықты. Кең тыныстап, еркін дем алды. Биіктен қарағанда жазық дала көрер көзге шалқыған теңіздей елестейді. Жаңбырдан нәр алып, дүркірей көтерілген көк жібек самалмен бірқалыпты биге басқандай ырғала қозғалғанда, тілің байланып, қараған сайын көзің тоймай, көкірегің ашылып, сұмдық бір жағдайды бастан кешкендей сол сәтте ерекше күйге бөленесің. Әттең, сол бір кез мәңгілікке тоқтап, ғұмырыңа айналып кетсе ғой дейсің қиял құшағына еніп...

Әне, қасқайып Адамтас тұр! Жергілікті жұрт жапан түзде пайда болған жансыз мүсіннің тарихын анық білмесе де, дабырайтып, Адамтас деп әспеттеді.

Бір кезде құтырынған кеудемсоқтар Адамтасты үйдің іргетасы қылмаққа бекініп, жан-жағын үңгіп қазып, түбінен қопарып құлатпақшы болды. Кеулеп күрек салған сайын, жұтпа иірімдей иріліп, түбіне бойлатпады. Қыбырсыз, қимылсыз қатқан күйі тұра берді. Содан кейін ел үрейленіп, жақындаудың өзі қорқынышқа айналды. Түбі үңірейіп, шала көмілген бос шұңқырдың топырағы борпылдап, жаңбыр суы ернеуінен асып-төгіліп жатса да қозғалмады.

Тасболат өне-бойын үрей не сүйініш екені белгісіз, дүлей бір күштің билеп алғанын бағамдап үлгерді. Түсін түстеп бірдеңе деу, қазірше қиын. Бірақ шарасыздық деуге тағы да ауыз бармайды. Ақырындап Адамтасқа жақындай түсті.

Сол мызғымас паң, тәкаппар қалпы. Күн батысқа қарап, тірі адамдай состиып тұр.

Айналып оң жағына келіп, аз-кем аялдады. Бірден жетіп барып, бас салып, ұстап көруден қаймығатын сияқты. Бір қыдыру уақыт өткен соң, бойын жинап, әміршінің алдына келген құлдай бүгежектеп, бетпе-бет келді.

Жанарын тіктеп қадамай, көзінің астымен жан-жағын шолып өтті. Самсаған қалың нөкер қабақтарынан қар жауып, қылыштарын жалаңдатып, алда болар ұлы шайқасқа дайындық жүргізіп жатқанын анық көрді.

Сарбаздардың әбжіл қимылын қалт жібермей бақылап, әскербасыға бұйыра тіл қатқанда айбынданып, алапаты асқан хан бейнесіндегі тірі Адамтасты жаңылыспай бірден таныды. Іле көзі бұлдырап, екі өкпесі қысып, тынысы тарылып, гүрс етіп құлап түсті. Қалғаны есінде жоқ.

Бір кезде шошып оянды. Айнала қап-қара түнек. Басын әзер көтеріп, екі қолын созып, ауа қармады. Көк желкесінен ажал оғы төніп тұрғандай, қалш-қалш етеді.

Қолын тіреп тұруға ұмсынғанмен, екі жамбасы желімделіп қалғандай, көтеріле алмады. Содан шалқалап, еппен жатты. Жан-жағын сипалап, азығын іздеді. Не болса да өлі суымды алдын ала ішіп алайын деген ой иектей берді. Бірақ таппады. Содан зуан сүрмей, тұнжыр көкке қарап, төңірегіне барлау жасады.

Ешқандай тіршілік белгісі, не бір шыбын-шіркейдің ызыңы да байқалмайды. Қимылсыз жатса да, әл-дәрмені құрып, көзі ілініп кетті.

Қанша жатқаны белгісіз, құрыс-тырысы жазылып, қунақ оянды. Күн ұясынан көтеріліп, дала сәнденіп-ақ тұр екен. Түндегі қамырық ойдың жұқанасы да қалмапты. Жалт бұрылып, артына қарады. Құс саңғып, мүк басқан ұсқынсыз Адамтас состиып тұр. Тыжырынып, жүрегі лобылып, екі-үш қадам шегінді. Кеше алғаш көргенде, Адамтастың тұлғасы еңгезердей, ал нөкері нөпір еді. Қайда сол асқақ сыпат?! Әлде ындыны қашқан шөл даланың кеберсіген қолаты мен ұсқынсыз өзегіне сіңіп, жым-жылас жоқ болды ма?..

Еркінен тыс, өң мен түстің арасында шайқалып, жоқты іздеді. Көңіл делбер, қуаныш емге табылмай, тағы да қапаға бой алдырды. «Құрысын, жынданып кетпей тұрғанда, қайтайын», деді күрсініп.

Түнде таппаған дорбасы шылбыр бойы жерде жатыпты. Орауын шешіп, ашыған көжені дем алмай сімірді.

Бұдан ары аялдаудың еш мәні жоқ екенін біліп, жалма-жан жиналып, тез-тез басып, ұзай берді. Едәуір алыстап, артына имене қарады.

Адамтас орнында жоқ. Жер жұтып кеткендей зым-зия.

«Мүмкін емес», – деді әрі-сәрі күйде. Іле қараңдаған зор дененің екпіндеп келе жатқанын көрді. Адамтас соңынан еріп келеді екен. Зәре-құты қалмай, құйын-перен зыта жөнелді.

Құлама жолдың аяғына қалай түскенін білмейді, еңсесін тіктеп, артына жалт бұрылды. Ештеңе көрінбейді. Сонда да үрейден өзін толық арашалап ала алмай, үйіне жетуге асықты. Бірақ жүрек түкпірінде жылт еткен бір сәуленің бас көтерерін ол кезде қайдан білсін?!

Өзімен-өзі бөлектеніп, жиі оқшау қалатын болды. Адамтасты, өткенде оның басында болған жайсыз жағдайды ұмытуға тырысқанмен, еш амалы болмады. Керісінше, түк болмағандай, зарыға түсті. Арада бір айдай уақыт өтті. Тірлігі өнбей, қажи бастады.

Күннен-күнге асқа тәбеті тартпай, екі ұрты суалып, ауру адамдай арып кетті. Бірақ өз дертінің емін білетін сияқты. Тек шайлыққан жүрек бұдан былай ол төңірекке ат ізін салмауға ант еткен-ді. Сөзін жұтатындай не көрініпті.

Сол себепті тізгін тартып, өзін зорға тежеп келеді. Кейде ұзақ түн кірпік ілмей, шыңырау қиялдың құрдымына құлап, жанталасып шығады. Бәрібір көңілдегі аңсар, кеудедегі зарық өз қазығын таппай, шыр айналып тұрып алады.

Асылында пенде сұлулыққа сұқтанудан бұрын, оны алдымен бағалауды үйренуі керек емес пе?! Ал қадірі артқан кез келген дүние – баянды болашақ, лайықты бақыт сыйлайды.

Тасболат көз алды тұманданып, ақыл-есі кіресілі-шығасылы болған өткен сәтін тағы бір еске алды. Бұрын ұмытуға тырысатын, енді өзегін тырнаған шым-шым елестің артында ұлы бір күш бардай... Тегі соның сырын біліп, жалғанға жария етсе теңдессіз ерлік, мәңгілік даңққа қол жеткізетіндей ғаламат күй кешті. Әрине, ерлік – ердің ерінің ғана қолынан келеді. Ол үшін күресу аз. Жан беруің де мүмкін.

Тасболат іші-бауыры езіліп, дертті болғанмен, керек жерінде қайрат та көрсете алатын. Бос, боркемік емес-тін. Бірақ осы жолы өзін тежей алмайтынын білді. Онсыз да бар қажыр-қайратын сарқып, осы күнге жетті. Шықпаған жан шыдайды дегенмен, бұдан ары алыса берсе, жүйкеге салмақ түсерін сезді. Оның үстіне, ой – адамның еркінен тыс болатын құбылыс. Егер тиянақ таппаса, қажытқаны аздай, шөктіріп жіберуі мүмкін. Ақыры, жолға дайындалды. Бұл жолы да ешкімге айтпай, өзі ғана аттанбақ. Себебі ондағы кереметті қанша қимас, сырлас деген жақын достарыңның өзі түсініп-түйсіне алады дегенге сенбейді.

Таңсәріде аттанды. Күн қызбай, ерте жетуді көздегеннен, көңілде түйткіл, жүректе үрей жоқ. Анттасқан андасына қонақ боп, сейіл құрып қайтатын кісіше жайбарақат кетіп барады. Кейде, адам өзге емес, өзін де түсіне алмайтындай қамырық ойға берілетіні несі екен?.. Онсыз да жұмырбасты пендені мың-сан айлалы тіршілік мың құбылтып, сан мәрте қаңғытады емес пе?! Тіршіліктің сол лаңы аздай, өмір сүру ережесін біліп тұрып, басы артық ойға беріліп, жүрекке салмақ салуға құмармыз. Міне, өз еркі өзіне бағынбай, қу жанын бебеулетіп, асығып бара жатқан беті.

Жолдың сырын біледі. Алыс қиырға апарып тастасаң да, түк көрмес зағип болса да, Тасболат Адамтасты адаспай табатынына риясыз сенеді. Оның жан дүниесінде Адамтаспен тылсым бір байланыс тұтасып, кірігіп кеткендей. Алғаш көргенде көз алды қарауытып, есеңгіреп қалуының сыры тым тереңде бұғып жатқан еді.

Өзі межелеген уақытында жетті. Өткен жолғыдай ту сыртынан айналып, жансыздың жүрісіне салынбай, тіке, қарсы алдына жетіп, бірақ тоқтады.

Адамтас арқан бойы алыстап, шегініп барады. Өз көзіне өзі сенбей, абдырап қалды. Барынша сабырмен, өзін қолға алып, алдыға екі-үш қадам аттады. Бұл алға жылжыған сайын, жансыз мүсінге жан бітіп, жырақтай берді.

Амалы қалмай, ашу қысып, соңынан қуа жөнелді. Енді жетіп, қол соза бергенде, Адамтас жаймен көкке көтеріліп, ғайып болды. Есін жиып үлгергенше, ақша бұлтты қақ жарып, құс төресі бүркітке айналып, шаңқ-шаңқ етіп ашу қысқандай, айбар көрсетті. Өң мен түстің арасында абдырап қалған Тасболат ештеңенің байыбына бара алмай, құр сүлдерін сүйретіп, еңіске қарай домалап бара жатты.

Бедірейген дөмпеш пен құлазыған жоталар артта қалып, қойдың қабырғасындай жалғыз аяқ жолға түсті. Сөлбірейіп, сүйретіліп келе жатса да, бір желік қысып, қайыра, соңғы рет артына қарады. Әлдене көрінер деген үмітпен. Шынын айтқанда, не үшін үміттенетінін өзі де білмейтін... іштей булығып, өксік қысып отыра кетті. Кенет, үстінен бірдеңе елбең ете түскендей болды. Орнынан атып тұрып, зыта жөнелді.

Жеңіліспен оралса да, ұнжырғасын түсірмей, босағадан жайдары аттауға тырысты. «Осы балаға бірдеңе боп жүр» деген шешесінің сөзін естісе де, жұмған аузын ашпастан бөлмесіне кіріп, есікті іштен бекітіп алды.

Шақырайған күннің ыстық лебі шекені тесіп өтіп барады. Терезеден тысқа қарап ұзақ отырды. Бақ құлпырып, түрленіп алған. Көп жылдың алдында жауын-шашын, қатты дауылдан сынған қара ағаш бүр жарып, көгере бастапты. Демек, діңі мықты болғаны ғой. Болмаса, анау сорайған теректің жапырағы неге гүлдемейді?!.

Әр нәрсені бір ойлап, қиялға шомып отырған. Кенет көз алдына Адамтас жалт етіп, қылаң берді. Сол-ақ екен, бөлме іші күңгірт тартып, аласапыран ой жан-жағынан қоршап, қаумалап алды. Не істерін білмей, жанталасып, зорға дегенде өзіне келді.

Сол сәттен бастап, Адамтас оның өмірімен бітеқайнап, бір тұлғаға айналып кеткендей хәл кешті.

Бұл күлсе күліп, жыласа жылайтындай. Сөйлегенін, жүргенін, бәрі-бәрін Адамтас айтқызбай-ақ сезіп-біліп тұратындай...

Тегтер: