Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 20 Мамыр 2021

Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?

None
None

Жыл басында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жергілікті өзін-өзі басқарудың ұзақ мерзімді жаңа тұжырымдамасын ұсынды.

Жас реформатордың тың бағдарламасы ауыл өміріне қандай өзгеріс  әкелмек? Ерғалиевтің жоспарына сүйенсек, ауылдық округтерде жаңа өкілетті орган пайда болады. Бұл алқалы орган «ауылдық кеңес» деп аталады. Кеңес одағының шекпенінен шыққандардың бірден іші сезген болар, бұл бұрынғы «селсовет» дәуреніне оралу. Жас министрдің пайымдауынша,  округтік кеңес-мәслихат құзыретін атқаратын жаңа өкілетті орган  ауылдық  әкімдердердің  сайлауын өткізіп, жергілікті тұрғындардың күрмеуі қиын мәселерін халықпен тоқайласып отырып шешеді. Ал кеңес мүшелерін жұрт жалпыхалықтық жиналыста ашық дауыс беру жолымен 3 жылға сайлады.  Төл аппараты жоқ кеңестің қызметі жергілікті әкімшіліктің бюджеті арқылы қаржыланады.

Екі қошқардың басы бір қазанға сыйа ма?

Ерғалиевтің реформасының түбіне үңілсек, ауылда екі атқарушы орган болады. Бірі Үкіметтің жарлығымен сайланған әкім, екіншісі, тұрғылықты ақсақалдар мен белсенділерден жасақталған ауылдық округтік кеңес. Қалай болғанда да, бұл жүйенің өзі би, өзі қожа болған ауыл басшыларына тиімсіз екені айтпаса да түсінікті. Мұндай бәсекелестердің халық мұқтажын екі жақтап тындыру  елге пайдалы.  Өйткені жоғарыға сөзі өтімсіз жігері мұқалған, шаруасы шытынаған әкімге мұндай кеңес ауадай қажет. Кеңес дәуірінде ауылдың мұқым тірлігін  ауылдық кеңес еңсергені бәрімізге аян. Бір сөзбен айтқанда, «селсовет» халықтың отымен кіріп, күлімен шықты. Дүниеге келген нәрестеге «тууы туралы» куәлік алу үшін, қайтыс болғандарды есептен шығару үшін де, қараша  кеңестің  кеңсесіне барды. Әйткенмен, Ерғалиевтің ерен бастамасына үзілді — кесілді келіспейтіндер бар. «Советтің» селкеу түсіретін тұсы:әкім командасының жалақысын, сыйақысын кеңес мүшелерінің қолдауымен бекітілуі.  Одан кейін, салықтар мен төлемдер ставкасының мөлшерін реттеу құзыретіне араласады. Сондай-ақ құзыретті орган жергілікті әкім аппаратының ақылы қызмет тарифін бекітуге де кіріседі. Тоқетерін айтқанда, қазақ ауылдарында әлгі кеңес құрылса, әкімдерге тықыр таянбай ма деген заңды сауал туындайды.  

 Ұлттық экономика министрі Әсет  Ерғалиевтің осынау бірегей бастамасы әлеуметтік желіде Қарағандылықтардылық  назарын аударды. Министрдің бастамасына бұрынғы Қарақаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарын ұзақ жыл басқарған, ауыл шаруашылығының қыр -сырына қанық тәжіребиелі саясаткер Ниқанбай Омарханов толғақты пікірін білдірді. Оның ой топшылауынша, ауыл өмірінен мақұрым министрдің ауылдарды тағы да  сынақ алаңына айналдыру хикаясы басталағалы  жатыр.

-Әкімді ЖАО-ның емес ЖӨБӘ-нің басшысы болдыру, Жергілікті қауымдастықты Кеңес деп атау кезекті   мағынасыз сынақ болады. Одан не өзгереді, ауыл көркейіп кете ме?  Керісінше жергілікті басқару жүйесінде тағы да  тоқырау орын алмай ма?  Мұндай «реформа» қалт-құлт етіп тұрған ауылдар үшін бұрынғыдан ауыр болмай ма?

Жас шенеунік, құрылымдық жүйені өзгертіп, ауылдың әлеуметтік -экономикалық жағдайын түзетіп, жергілікті биліктің дербестігін нығайтқысы келсе, алыстан орағытып, ойқастап тұспалдамай, қазіргі ауылдық округ (ауыл) әкімі институтын жойып, орнына бұрынғыдай «ауылсоветтің» төрағасы мен депутаттарын сайлап, барлық құрылымдық міндеттері мен құқықтарын қайтарып беріп, ауылдық кеңесті атқарушы-өкілетті орган жасау керек деп төтесінен айтпай ма ?

Олай бола қалған жағдайда, аудандық маслихаттың депутаттардың санын да көбейтіп, әр ауылдың аудандағы өкілетті өкілі ретінде, әрбір ауылдан, халқының санына байланысты аудандық маслихат депутаттары сайлану керек  және олардың саны 3 адамнан кем болмауға тиіс. Осылай жасалса, бір оқпен 3 қоянды атып алуға болады.  Биліктің басы қатып жатқан ауыл әкімдерін сайлау Заңы да, шығыны да керек емес.  Әрі қайтадан ЖӨБӘ мен Ауылдық кеңес құрып текетірес қосбилік болмайды. Ауылдық кеңес жоғары билікке бағынушылық тәуелділіктен құтылады, жоғарыдан төмен биліктің үйлесімді жүйесі құрылады (облыс әкімі-маслихат, аудан әкімі -маслихат, ауылдық кеңес-маслихат).  Бұл да билікті орталықсыздандырудың бір жолы...

Әйтеуір реформа жасағылары келсе, онда осылай «аз қанмен» шешкен дұрыс болар...

Өмір бойы ауыл проблемасының қазанында қайнаған Ниқанбай Омархановтың айтары әлі де аз емес.  Бірақ, сүбелі саланы дамытуға бастайтын  бетбұрыс  қажет-ақ.  Кейде тәуекелге бас тігуге тура келеді. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Саят Оспанов, Ұлттық экономика министрінің бастамасын қолдайтынын айтты. Тек атқарушы билік құзыретін жоғалтып алмауы керек.

-Кез келген реформа жүйелі ұйымдастырылса, оның  халық мүддесін шешудегі игілігі зор болмақ. Ауылдық жерлерде округтік Кеңестер құрылғаны жөн. Бірақ, атқарушы орган жергілікті ауылдық әкімдіктің құзыретіне бағынатын болсын. Осыны заң жүзінде бекемдеу керек.  Әкімдік пен кеңес арасында  ат пен арба секілді ымырашылық болмаса,  екі жақтың да шаруасы шатқаяқтап,  берекесі кетеді. Ал, оның зардабын  халық тартады, -дейді халық қалаулысы. 

Бұған ауыл ақсақалдары не дейді? Қарқаралы ауданының тұрғыны, кезінде ауылдағы басқару ісінің басы-қасында болған, қазір өлкедегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы,  зейнеткер — Ақан Жақсылықов «Үй ішінен үй тігудің» тетігін тоқтату керек деген пікірде. 

-Келмеске кеткен ауылық кеңесті көксеудің қажеті қанша?  Жасыратыны жоқ, осы күні жергілікті әкімдер аудан әкімдерінің мәліметшісіне айналды. Жоғарыдағыларға жоқты бардай, барды дардай етіп көрсетіп дерек берумен аудан мен ауыл арасында шапқылаудан басқа тындырып жатқан  тірлігі жоқ. Әкімдердің халыққа сүйкімі кеткен. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған жекеге жалынышты күй кешуде. Ең аяғы, елді мекендегі қарды шығару үшін де, жеке меншіктің  мүлкіне жалынады. Әкімдердің құзыретін өсіріп, халықтың алдында абыройын көтеру үшін  ауылдық кеңестің  құзыреттін  ауыл әкімдеріне жүктесе, талай мәселе шешілетіне шүбә жоқ, -дейді  ауылдың қарт  қайраткері.

Экономистердің болжауынша, ауылдық кеңесті құру  біріншіден, онсыз да қазынасы ортайып жатқан бюджетке салмақ түсіреді.  Екіншіден  қазіргі таңда ауылдық жерлерде ақысыз әрекет етіп жатқан қоғамдастықтықтардың жұмысын қайталауы бек мүмкін.

-«2018 жылдан бастап еліміздегі барлық ауылдық жерлерде 4-деңгейлі өзін-өзі басқару  бюджет қалыптасты. Осы бюджеттің шығын баптарына үңілсек, халықтың қажеттілігін ашатын әлеуметтік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық салаларға басым көңіл бөлінген. Мұнда жергілікті кеңесті қаржымен қамтамасыз ету көзделмеген. Әрі  ауылдық кеңесті құру жөнінде түпкілікті ереже әлі жарияланған жоқ. Бірақ, оның орынына қоғамдық бастамшылық топтың жиналыс пен жиын тәсілі әрекет етуде»-дейді, Қарағанды экономикалық университетінің экономикалық теория және мемлекеттік жергілікті басқару кафдрасының меңгерушісі, доцент Әсемгүл Мұсатаева.    

Сағы сынған саланы кезекті сынға салсақ, ауылдың іргесі  біржола сөгілмей ме?  Әлде,  кеңес құрып жұмыссыздықтан жүйкесі жұқарып,  еңсесі езілген елді машақаттан арылту оңтайлы  ма? Қырдағы ағайынның бар арманы туған топырағында  қағанағы қарық, сағанағы сарық  арқасүйер билігі болса, сол зор байлық.

Тегтер: