Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:08, 01 Маусым 2023

Ерікті жастардың қоғамға тигізер пайдасы

None
None

Жамбыл облысында ерікті жастардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ерікті жастардың арқасында өңірде қайырымдылық акциялар мен әлеуметтік жобалар аясында жұмыстар жүргізіліп, қоғамға едәуір пайдаларын тигізуде.

Соның біріне тоқталсақ, жуырда ғана Жамбыл облысында «Зағип оқырмандармен қарым-қатынас», «Зағип адамға түсті сипаттау», «Ерекше жандармен қарым-қатынас» тақырыптарында ерікті жастардың қатысуымен тәжірибелік тренингтер өткізілді. Іс-шараны Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі мен Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында өткізілді. Семинарға Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру секторының инспекторы Еркебұлан Қасымбекұлы мен Жамбыл облыстық еріктілер қозғалысының жастары қатысты.

Жиынның мақсаты – зағип, көзі нашар көретін жандарға моральдық, психологиялық тұрғыда көмек беру болатын. Ал ерікті жастарды осы топтағы азаматтармен жұмыс істеудің методикасымен таныстыра отырып, оны тәжірибе жүзінде қолдануға үйрету еді. Алдағы уақытта жастар семинардан өздеріне керекті ақпараттар ала отырып, сол бойынша жұмыс істейтіндіктерін айтты.

Жалпы жамбылдық жастар бұдан бөлек өңірдегі жұмыстардың барлығына да бір кісідей атсалысып келеді. Олай дейтініміз, өткен айда ғана Ұлы жеңістің 78 жылдығына байланысты Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округінде «Ер есімі – ел есінде» атты ескерткішінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек ерікті жастар қарттардың да жағдайын ұмыт қалдырған жоқ. Яғни «Қамқорлық» акциясы бойынша Жамбыл ауылдық округінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қайырымдылық істер марафонын өткізді. Қайырымдылық марафонына өңірлік ерікті жастар мен аудан тұрғындары белсенді қатысты. Іс-шара барысында жалғызбасты қарттардың үй-жайларын тазалап, аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Ерікті жастар: «Біздің негізгі мақсатымыз – көмекке мұқтаж қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беріп, көмектесу. Оларға қыста қар тазалау, су тасу сынды күнделікті жұмыстарды атқару қиынға түседі. Көмектің үлкен-кішісі жоқ, біреуге болмашы нәрсе болып көрінгенімен, екінші адам үшін маңызды жұмыс болып көрінуі мүмкін. Сол себептен, біз оларға әрқашанда көмектесуге дайынбыз. Бізде көмек көрсетіп жүрген қарт адамдардың барлығының тізімі бар. Қыс мезгілінде олардың ауласын тазартсақ, жазда ауласындағы арамшөптерді жұламыз. Кейде отынын жарып, жинап береміз. Оларға арнап мерекелік іс-шараларды ұйымдастырамыз. Арасында азық-түлік, дәрілерін де әкеліп береміз. Ол кісілер телефон арқылы бізге не көмек қажет екенін жазып, өтініш тастайды. Ал біз дер кезінде олардың сұранысын орындаймыз. Мұндағы басты ниетіміз – қарт кісілердің аз да болсын, көңілдерін аулап, жүздеріне қуаныш сыйлау», – дейді.

Жамбылдық ерікті жастар облыстың көркеюіне, экологияның тазаруына да ерекше үлестерін қосып келеді. Мәселен, биыл «Бірге Таза Қазақстан» акциясы бойынша, Тараз қаласында көктемгі көгалдандыру мен тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық акциясына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орныбеков те қатысты. Акция барысында Төле би, Тәуке хан көпірінен бастап Президент саябағына дейін шырша, қарағай, шынар сынды көпжылдық ағаштар отырғызылды. Ал Тараз өңірлік университеті, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының студенттері мен ерікті жастар қала аумақтарын күл-қоқыстан тазартты. Көгалдандырудың нәтижесінде облыста 5 дана көк шырша, 7 дана жасыл шырша, 50 дана қырым қарағайы мен 120 дана шынар ағашы мен 6 туя ағашы отырғызылды.

Алдағы уақытта да өңірдегі ерікті жастар қаланың тазалығы мен өзге де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әлі де бірталай жұмыс атқаратындарына сөз берді.

Тегтер: