Еріктілер жұмысы – жарқын болашақтың үміті
Әлемді сұлулық қана емес, мейірім де құтқарады. Бүгінгі адамзаттың ертеңіне үмітінен гөрі, күдігі басым әбігерге толы заманда өзгеге мейірім шарапатын тигізу – ерлікке пара-пар жайт.
Жығылғанға демеу болып, еріктілер қатарынан табылып жүрген жандар елімізде айтарлықтай көп. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, былтырғы жылы «Қайырымды істер марафонына» 5 млн қазақстандық қатысқан. Бұл еріктілердің еңбегінің арқасында, талай Қазақстандыққа шарапаты тиген игі істердің ел есінде қалғаны анық. Еліміз үшін жайсыз басталған қаңтар кезінде де еріктілер ел бойынша көмекке ұмтылып, бірқатар шаралардың жүзеге асуына септігін тигізген болатын-ды. Тіпті еріктілер полиция қызметіндегілермен бірге кезекшілікке шығып, көмек көрсетті. Әр өңірде блок бекеттерде тұрған тәртіп сақшыларына ыстық ас әзірлеп, алып барған да осы еріктілер болатын.
Қайырымды іс –жүректен
Елімізде еріктілердің түрлі жобаларды қолға алып, мұқтаж жандарға өз еріктерімен көмектесуі жақсы үрдіске айналып барады. Сонымен қатар қайырымдылық мақсатта түрлі шараларды жасау қолға алынуда. Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы жас меценаттарды «Қайырымды ұрпақ» деп аталған акцияға қатысуды шақырады.
«Акция өскелең ұрпақ пен жастар арасында білім беру құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ спортпен айналысқысы келетін балаларды қолдау үшін қосымша білім алу қажет. Негізгі аудитория аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балалар», – дейді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.
Өткен жылы осындай қайырымдылық акциясының арқасында, Қарағанды қаласында 137 балаға жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам көмек көрсетілген екен.
Халықаралық әйелдер мерекесінде Астана қаласында қайырымды істер атқару мақсатында «Игі істер» марафоны жалғасын тапты. 6-8 наурызда осы марафон аясында бес жүзден астам азық-түлік себеті таратылды. Қалалық әкімдік демеушілер мен бірлесіп, тізімде тұрған мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығын таратқан. Мұндай шараны еліміздің бірқатар өңірлеріндегі әкімдіктер жалғастырды. 2021 жылы «Игі істер» марафоны аясында елорданың мұқтаж тұрғындарына 15 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылған болатын. Бүгінгі қоғам үшін еріктілердің өлшеусіз мейірімді іс-әрекеті мен қайырымдылық шараларының жиі болып тұруы аса маңызды. Өйткені сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу – күшті қажет етеді.