Еріктілердің ісі ерлікке пара-пар
Елімізде соңғы жылдары еріктілердің белсенділігі күшейіп келеді. Негізі 2020 жылдың еріктілер жылы болып жариялануы елімізде еріктілер институтының қалыптасуына ерекше ықпал етті.
Қазір елімізде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді.
Қайырымдылық қанында бар қазақ халқы үшін біреуге қол ұшын созу таңсық емес. Асарлатып үй салып, жетімін жылатпай бауырға басқан, жесірін жұбатып, малы бір жұттық болған ауылдасына қолындағы малын бөліп берген қазақ халқы үшін еріктінің қызметін түсіндіріп жату артығырақ. Сондықтан қазір жастар арасында ерікті болғысы келетіндер жетерлік.
Нақты статистиканы сөйлетер болсақ, 2017 жылы 100-ге жуық ұйым белсенді жұмыс істесе, бүгінгі күні 200-ден астам ұйым өздерінің волонтерлік қызметін жалғастырып келе жатқаны еліміздегі бұл қызметтің қарқындылығын байқатады. Жалпы бүгінде еріктілер қозғалысына 70 мыңнан астам адам тартылғаны туралы деректер де бар.
Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов: «Қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. Сондықтан елімізде еріктілердің қарқынды түрде көбейіп жатқаны мені қуантады. Негізі халқымыз бұрыннан көмекке мұқтаж жанға қарап отыра алмайтын халық. Ертеде асар деген сөз болған. Асар – ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып белгілі бір мұқтаж жанға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсету. «Асар» сөзі тіпті белгілі бір дәстүрге де айналып кетті. Сондықтан «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені қазақ халқында бұл сөздің түбірі баяғыдан бар. Сондықтан бұл институт елімізде өміршең болады деп ойлаймын» дейді.
Жалпы соңғы жылдары қоғамымыздың да еріктілердің ерен еңбегін бағалауы байқалады. Алдағы уақытта еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сеніміміз мол. Бұл үрдіс әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге қалыптастыратыны анық.