Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:14, 20 Тамыз 2021

Еріктілерге ерекше көзқарас қажет

None
None

Жомарт жүректі халқымызға қайырымдылық көрсету, асарлату мен әлдекімге қол ұшын созу қасиеттері бұрыннан жат емес.

Ежелден асарлатып, үйсізді үйлі етіп, көп болып жетімді жетілдіріп, халық болып жоқ-жітікті жеткізген елге ерікті ұғымын түсіндіріп жату артық. Ең маңыздысы – елімізде күн санап еріктілердің көбейіп келе жатуы мен қоғамның олардың әрекетін дұрыс бағалауы болып отыр. Өйткені қоғамның игілігі үшін әрекет етіп, өзінің уақыты мен күш-жігерін аямайтын жандардың ісі құрметке лайық екені сөзсіз.

Атап айта кетер жайт, ел ішіндегі кез келген істе еріктілердің елмен бірге әрекет етіп, барлық жағдайда көмекке ұмтылуы олардың қоғам үшін аса маңызды жандар екенін аңғартады. Елімізде орын алып жатқан түрлі төтенше жағдай кезінде де еріктілердің ерен ісіне куә болып жүрміз. Одан бөлек, балалар үйінен қашып шыққан жеткіншекті де алдымен еріктілер тауып,  ашық қалған кәріз құдықтарына түсіп кеткен балалардың басым бөлігін де волонтерлер тауып алады. Ал кеше ғана «Клуб добряков Актау» еріктілері қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысының Таушық ауылына барып, аштықтан өлген жануарларды суретке түсіріп, халықтың шынайы жағдайымен танысып, оларға қажетті көмекті ұйымдастыруда белсенділік танытты. Яғни олардың кез келген істе халықтың ортасынан табылып, елге қол ұшын созуға, мұң-мұқтажын тыңдап, тезірек әрекет етуге тырысуы көп нәрсені аңғартады. Сондықтан қоғам тарапынан да еріктілер қызметінің  маңызын түсініп, қолдау көрсету қажеттілігі сезіледі.

Атап өтер жайт, әлемнің көптеген елдерінде еріктілер қозғалысын дамыту мемлекеттік маңызы бар іске айналған. Сондықтан біздің елімізге де осы бағытта жұмыстар жүргізіп, еріктілер қызметін жолға қоюға мемлекет тарапынан қолдау болмаса, еріктілер қозғалысының дамуы айтарлықтай баяулайтыны анық. Негізі, бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай,  олар үлкен құрметке ие. Себебі жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Ақысыз, алтын уақытын арнап жүргендерге елдің ықыласы ерекше. Ал біздің елімізде ерікті ұғымы әлі толық сіңісті болып үлгермегендіктен, кейде оларға еріккен, уақыты көп адам ретінде немесе жұмсап қалуға тырысып, жалшы ретінде қарайтындар жоқ емес. Сондықтан еріктілер ұғымын қоғамға барынша сіңісті етіп, қоғамның құрметіне лайық жандар ретінде қалыптастыру уақыт талабы болып отыр. 

Осы орайда, елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жеті ұлттық жоба қолға алынған болатын. Таратып айтар болсақ, мәселен, «Біргеміз, саулық» жобасы аясында дәрігерлер ауылдық жерлерге барып, өз көмектерін ұсынса, «Біргеміз, білім» жобасы бойынша еріктілерді ауыл жастарына ағылшын тілін үйретуге және оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауға шақыру туралы бастамалар көтерілген болатын. Мұның қай-қайсысы болсын қоғамда маңызды бастамалар болатын. Ал «Біргеміз, асыл мұра» аясында волонтерлар тарихи-өлкетану мұражайлары мен мәдени ескерткіштерге назар аударып, кем-кетігімізді түгендеу мәселесі қарастырылған. Алдағы уақытта осындай бағыт-бағдар беріп, ерікті болуға жастарды құлшындыра білсек, елімізде еріктілер қызметі кеңейе түсер еді. Біздің елімізде де еріктілер әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналар еді. Ресми дерекке сенсек, елімізде 16 мыңдай ерікті бар екен. Алдағы уақытта түрлі жолдармен ынталандыра отырып, еріктілердің санын еселеп көбейту басты мақсат болуда. Өйткені дамыған елдерде халықтың тең жартысы ерікті болып, айналасына көмек қолын созуға тырысатыны анықталған. Ендеше қайырымдылық қанында бар халқымызға да ерікті болу жат емесі анық.

Ерікті болу үшін адамның лауазымы немесе мамандығы мен дәрежесінен бұрын, көмек қолын созғысы келетін жанның ниеті, адамгершілігі өлшенеді. Олар дінге, ұлтқа, нәсілге бөлінбей, өз еркімен баршаға көмек беруге әзір тұратын нағыз жанашыр жандар. Қайырымдылық қасиеті біріктірген жандардан қоғамымызға пайда көп. Алдағы уақытта елімізде еріктілер жұмысын дұрыс жолға қоя білу уақыт талабы болып отыр.

Тегтер: