Ерекше қажеттілігі бар жандарға не қажет?
Айгүл Жұмашқызы «Инклюзив» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушысы әрі төрағасы
Еңбек жолында ерекше қажеттілігі бар балалардың оңалуына, әлеуметтеніп, қоғамдық өмірге бейімделуіне, білім алып, тіпті өз кәсіптерін ашуына жәрдемші болған ол осы жылы өзінің қоғамдық бірлестігін ашқан. Мақсаты – тең қоғам құру. Осы күнге дейінгі жобалар жайлы Айгүлдің өзімен тілдескен болатынбыз.
Мен Талдықорғандағы балалар оқитын мектеп-интернатта баяғыдан жұмыс істеймін. 12 жыл осында, есту қабілеті нашар балалар мектебінде тәрбиеші болдым. Арасында психолог та болып жұмыс істедім. Кейіннен ым тілі үйірмесінің жетекшісі болдым. Ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін әртүрлі байқауларға, конкурстарға қалдырмай апаратынбыз. Ал 2017 жылдан бастап, инклюзивті білім беру жоспары енгеннен кейін, бізде кәсіптік білім беруге көңіл бөліне бастады. Балаларымыз осылайша колледжге түсуге мүмкіндік алды. Бұл бастама бәрімізді қуантқаны рас. Сол кезде, балаларымыз политехникалық колледжге оқуға түсе бастағанда мен сонда сурдаудармашы болып қызметке орналастым. Мектеп, колледж оқыған балалардың жұмысқа орналасуы көбіне мәселе болып жататын. Сондықтан 2018 жылдан бастап балалардың жұмыссыздығы, дипломы бола тұра табысының болмауы сынды мәселелерге көңіл бөле бастадым. Себебі олар жұмысқа тұруда біршама қиындықтарға кезігіп қалып жататын. Әсіресе кәсіп ашуға жағдай жасау керек екенін түсіндім. Сонымен 2019 жылдан бастап Zhas Project жобасына қатыса бастадық.
Қазір Талдықорғанда «Инклюзия» атты қоғамдық бірлестік бар. Мен сол бірлестіктің төрағасымын. Биыл ғана ашылдық. Бірақ оған дейін де ерекше қажеттілігі бар балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолымнан келгенше көмектесіп жүрдім. Бірнеше жобаларда жетекшілік жасадым. Соның ішінде есту қабілеті бұзылған ерекше қажеттілігі бар студенттердің кәсіп ашуына демеу болдық. Бұл өзі былай болды. Балалар колледж оқып жүргенде Zhas Project бағдарламасы туралы естідік. Сол кезде мен сурдаудармашысы болып жүрген екі бала осы жобаға қатысуға ниет білдірді. 2019 жылы екі жоба, 2021 жылы екі жобаны ұтып алдық. Тарқатып айтар болсақ, 2019 жылы Шаяхмет Санжар есімді баламыз өзінің ер азаматтарға арналған шаш қиятын салонын, яғни барбершобын ашқысы келді. Екінші жоба, «Кестелі орамал» деген жоба болды. Ол жерде зерде бұзылыстары орын алған студенттер бар, ойлау қабілеті бұзылғандар бар, бірігіп бір идеяға топтасты. Бұл жоба әуел бастан белгілі бір мерзімге жоспарланғандықтан, сол мерзім аяқталған соң әркім өзіне тиесілі жабдықтарды алды да, жоба тоқтатылды.
Кейіннен тағы да, 2021 жылы Жетісу облысының атынан төрт жоба ұсынып, екеуін ұттық. Ол кезде Шаяхмет Санжар өз шаштаразын әмбебап етіп, салон ретінде үлкейткісі келді. Сөйтіп, тағы да жобаға қатысып, 1 миллион теңге көлемінде грант ұттық. Жанына жұмысшылар, шеберлер алып, маникюр, педикюр, визаж сынды қызметтерді ашты. Екі құлағы нашар еститін қыз баласын осы салаларға бейімдеп, алдын ала оқыттық. Салон кейіннен колледж жатақханасынан бір бөлме сұрап, сонда қызмет көрсетті. Әрі Санжар өзі секілді ерекше қажеттілігі бар жандарға тегін қызмет көрсетті. Және жобаның ережесі бойынша алты ай бойы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға тегін қызмет ұсынды. Ол жоба әлі күнге табысты еңбек етуде. Олар өз саласында үнемі ізденіп, біліктілігін арттырып келеді. Енді өз алдына бөлек ғимаратқа шығып, бизнесті дөңгелетсе деген ниет бар.
Ал Нәби Диас есімді баламыз сурет үйірмесін ашқан болатын. Оның идеясы ұтты, алайда кәсіп жүре қоймады. Себебі Талдықорғанда сурет салу үйірмесі өте көп. Және біршамасы тегін. Ата-аналар әдетте тегін үйірмелерге жүгінетіндіктен, кәсіп жүрмей, тұралап қалды.
Биыл да аталған жоба негізінде 280 грант бөлініп отыр. «Тең қоғамнан» хабарласып, бізді қатысуға шақырды. Әлбетте, біз тағы да студенттерді қатыстырамыз. Балалардың қабілеттеріне қарай әртүрлі жобалар жасап жатырмыз. Шарттар аз-маз өзгерген секілді. Бір айта кетерлігі, осы 2023 жылы қаңтар айында, ары ойланып, бері ойланып, өзім қоғамдық бірлестік ашуым керек деп шештім. Сонда өзім тәрбиелеген балалармен бірге келісімшарт жасадық. Санжармен 3 жылға келісімшартқа отырдық. Ал Диас дарынды, талантты, ерекше жан болған соң мен оған бұрыннан тегін, мемлекет қолдауынсыз да көмектесіп жүрдім. Енді ол да менің қоғамдық бірлестігіме жұмысқа тұрмақ.
Жазып алған – Балауса Ділдәбек
Жетісу облысы