Еркежан АРЫН: Азаматтық қоғам ауылда да дамуы керек
Қазір Азаматтық қоғамды дамыту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Азаматтық қоғам – демократиялық мемлекеттің басты тірегі екені үнемі айтылады. Бұл ұғымның маңызы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамда ашықтық пен сенімді орнату.
Деректерге жүгінсек, Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуы соңғы жылдары дами бастаған. Елде 23 335 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген, оның ішінде 18 204 белсенді ұйым әртүрлі әлеуметтік салаларда қызмет атқарады: білім, құқық қорғау, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тағы басқа. ҮЕҰ қоғамдағы мәселелерді шешуге араласып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға үлес қосады. Дегенмен бұл тарапта әлеуметтік жағдайды саралау, азаматтардың белсенділігін електен өткізіп отыру маңызды. Осыған байланысты біз әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Еркежан Арынмен сұхбаттастық.
– Еркежан, сіз Азаматтық қоғамды дамыту керектігін үнемі айтып, жазып жүресіз. Қазір қоғамдағы азаматтардың белсенділігі қандай деңгейде?
– Азаматтық белсенділік көрсеткіші қазіргі таңда артып келеді. Әсіресе жастар арасында өз ойын бүкпесіз айту, ашық көзқарасын білдіру басым. Менің ойымша, қазір әрбір екінші азамат қоғамдық бастамалар мен іс‑шараларға қатысады. Азаматтардың белсенділігі қоғамдағы проблемаларды шешуде маңызды рөл атқарады. Адамдар өз құқығын біле отырып, қоғамдық өмірге араласқан сайын Азаматтық қоғамды дамыту үрдісі артады. Шамамен белсенділікті 40 пайыз деуге болады.
– Осыған қатысты мемлекеттік қолдау туралы не айтасыз?
– Қазақстанда азаматтық қоғамды қолдауға бағытталған стратегиялық құжат – «Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы 2021-2030» қабылданған. Бұл құжат азаматтар мен ҮЕҰ-ларға құқықтық, әлеуметтік және институционалдық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы диалогты күшейту мақсатында түрлі қоғамдық кеңестер, дөңгелек үстелдер және форумдар ұйымдастырылуда. Елімізде жыл сайын Қазақстандағы азаматтық қоғам ұйымдары 2 000-нан астам әлеуметтік жобаларды іске асырады. Бұл жобалар тұрақты даму мақсаттарына, адам құқықтарын қорғауға, білім беру мен қоршаған ортаны сақтау салаларына бағытталған. Соңғы жылдары азаматтық бастамаларды дамытуға 10,3 млрд теңгеге жуық гранттар бөлінді. Бұл қаржылық қолдау 27 000-ға жуық игі іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
– Әдетте мұндай іс-қимылдар ірі қалаларда жиі өтеді. Ал ауылдық жерлердегі азаматтардың белсенділігін дамыту үрдісін қалай бағалайсыз?
– Азаматтық қоғам елордада ғана емес, ауылдық жерлерде де дамуы керек. Ауылдағы елдің белсенділігін арттыру – әлеуметтік жағдайын жақсарту басты мақсат болғаны абзал. Мәселен, бізде «Жұмыспен қамту – 2020», «Жол картасы – 2020», «Дипломмен ауылға», «Жастар тағлымдамасы» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың барлығы елдің игілігіне жұмыс істеуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалардың дені халықтың тұрмысын жақсартуды көздейді. Осындай бағдарламалардың қызығын көріп, ауылдық жерге жұмысқа орналасып, мемлекеттік гранттар ұтып алып кәсіп бастап жатқандар бар, мұны жоққа шығармаймыз. Дегенмен бұл бағдарламалар аясында заңсыздықтарға жол беріп, мемлекеттік гранттарды басқа мақсатқа жұмсап, «бармақ басты көз қысты» әрекеттерге барып жатқандар да кездеседі. Әсіресе ауылдық жерлерде заңсыздықтар бар. Мемлекеттің бөлген грантына ауыл шаруашылығы саласын дамытудың орнына оны басқа мақсатқа жұмсап, көлік, үй алып немесе сән салондарын ашып жатқандарды да көріп жүрміз. Осының барлығына бақылау болуы керек. Ауылдық жерлерде азаматтық қоғам дамуы үшін алдымен ауылға баратын білім сапасын күшейтуіміз керек. Шалғай ауылдардағы медициналық қызметті жетілдіру керек. Ауыл халқы мен қала халқының оқу-білім, мектебі, емханасы, ауруханасы барлығы бірдей теңескен кезде ауыл халқының әлеуметтік жағдайы да түзеледі. Белсенділігі де артады.
– Елдегі адам капиталының дамуына теңдей мүмкіндік болуы керек дейсіз ғой...
– Әрине,мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Азаматтық қоғамды дамыту үшін 842 үкіметтік емес ұйым, 13 қоғамдық кеңес және 4 000-нан астам волонтер жұмыс істейді. Сондай-ақ өңірде 74 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқарады, бұл көпұлтты қоғамдағы үйлесімділікті қамтамасыз етеді. Ал басқа өңірлерде мұндай жағдай жасалған ба, мұны үнемі зерттеп отырған абзал. Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту – ұзақ мерзімді әрі кешенді процесс. Ол тек мемлекеттік саясат арқылы ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігімен және жауапкершілігімен нығаяды. Адал, құқықтық сауатты және қоғам өміріне араласатын азаматтар көбейген сайын, еліміз әділетті, ашық және өркениетті қоғамға айналады. Азаматтық қоғам – бұл мемлекеттен тәуелсіз, бірақ онымен тығыз байланыста жұмыс істейтін қоғамдық институттар мен белсенді азаматтардың жиынтығы. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер қозғалысы, тәуелсіз БАҚ және қоғам өміріне бейжай қарамайтын азаматтар кіреді. Азаматтық қоғамды дамыту – қоғамдағы тепе-теңдікті сақтайды. Азаматтық қоғам билік пен халықтың арасындағы көпір іспетті. Ол мәселелерді ашық көтеріп, шешім қабылдау процесіне халықтың қатысуына мүмкіндік береді. Соңғы жылдары қоғамдық белсенділік артып келеді. Әртүрлі бастамалар, еріктілер қозғалысы, қоғамдық бақылау күшейді. Бұл – азаматтардың өз елінің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.
– Әрі қарай да азаматтардың белсенділігін арттыру үшін не істеу керек?
– Ең алдымен құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Адамдар өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білсе, қоғам өміріне белсендірек араласады. Сонымен қатар ашықтық пен сенім де маңызды. Әрбір бағдарлама, әрбір шара ашық жүргізілуі қажет. Бұл шарадан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да тыс қалдырмау керек. Себебі қазір қоғамда көптеген шаралардан олар тыс қалып жатады. Біреуі денсаулығына байланысты шеттетіліп жатса, енді бірі қоғам өздерін елемейтінін айтады. Осыған байланысты әрбір аймақтық үкіметтік емес ұйымдары бұл мәселеге назар аударғаны жөн. Мұндай азаматтардың да қажеттілігі, ұсынысы ескерілуі тиіс. Олар әкімдіктердің өткізетін шараларынан тыс қалмауы қажет. Референдум мен сайлауларға қатысуы қажет.
– Азаматтық қоғам мен «Адал азамат» ұғымының байланысы қандай?
– Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Адал, жауапты азаматтар көбейген сайын азаматтық қоғам да нығая түсетіні белгілі ғой. Өйткені кез келген өзгеріс адамның өзінен басталады. Ол үшін әр азамат белсенді, жауапты және адал болуы тиіс. Сонда ғана біз әділетті әрі дамыған қоғам құра аламыз.
Сұхбаттасқан
Әнуар ҚАЙЫРБЕК