Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Еркіндік деп есерлікке бой алдырған

Еркіндік пен есерліктің
Еркіндік пен есерліктің. Фото: ЖИ

Бүгінгі қоғамда, әсіресе әлеуметтік желіде қозғауға болмайтын не тиегін ағытып жіберсең арты дауға айналып шыға келетін тақырыптар бар.

 Қозғауға болмайды деген жаңсақтық болар, анығында, тереңдік пен ізденісті талап ететін, сақсынып сөз айтып, ақырындап аяқ басатын, әзілге айналдыруға келмейтін тақырыптар. Мұның түп-тамыры әдетте адамның рухани болмысына, ұлттық жадысына, діни танымы мен тарихи жарасына барып тіреледі. Сол үшін де шығар, желіде орынсыз айтылған бір ауыз сөз үшін жұрт үнемі қырық пышақ боп сан тарапқа бөлініп, бір жағы мүйіздеп, екінші тарап авторды қорғаштапәлекке түсіп жатады. Күні кеше сүйсініп, сеніп отырған аяулысын әлеуметтік желіде талап, керек болса тепкілеп те тастайды. Желіде жұрттың ашуын тудырған бір ауыз сөз кейде бүкіл қоғамдағы қордаланған мәселенің шоғын тұтатып жіберетін сәттер де кездеседі.

Хош. Осының бәрі еркіндік пен есерліктің, ашықтық пен артық айтудың да көзге көрінбейтін, бірақ қуаты күшті шекарасын білмеуден туатын сияқты. Сол шекарадан аттасаң, қасықтап жиған абыройыңды өз қолыңмен шелектеп төге саласың. Еркін көсіліп, ерсілікке бой алдырып алатын сәт жоқ емес. Бұл шекара – тек тілдің ғана емес, түйсіктің, парасаттың, мәдениет пен моральдың сызығы іспетті. Шегінен шықсаң не нәрсе де – у. Мәселен, күні кеше әлеуметтік желіде Абай мен Ділдәнің «неткен жерін» көрсетіп, сынға ұшыраған журналист Әлия Әшімнің немесе Мұқағалиді «әлсіз еркекке» теңеген Әлішер Теменов есімді блогердің, «білімсіз қазақ қызына» уәж айтқан Майя Бекбаеваның кейсі осы сөзімізге жақсы мысал болар еді. Қай тақырып туралы сөз қозғасаң да, сол тақырыптың иірімін, «нәзік» тұсын түсіне отырып, сөз саптауға тиіс емес пе деген сұрақ туады осындайда. ашықтықтың да орны, жөні мен жосығы болатын сияқты. Қалай десек те, бұл жерде бәрін шешетін адамның ішкі мәдениеті, ары мен ұяты шығар. Осы орайда ұлттық болмысымызға тән «ұятымыздан», кісілік қасиеттерден тайып, жеңіл-желпі әзілдің, негізсіз пікірдің жетегінде кету қаншалықты дұрыс? Еркіндік пен есерліктің шегі қайда? Осы тақырып турасында бүгін «Жас Алаш» дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға тарихшы Елдес Орда, жазушы, баспагер Арман Әлменбет және әлеуметтанушы Ләззат Бисенғалиева қатысты.

Ж.А: Байқайсыздар ма, осындай тақырыптардың соңы үнемі дауға айналып кетеді. Сіздің ойыңызша, себебі неде?

Елдес Орда
Елдес Орда

Е.О: Рақмет, әрине, қойған сұрағыңыз өзекті, өткір сұрақ екен. Қоғамда дау тудыратын «нәзік тақырыптардың» түпкі себебі ұлттық сана мен қоғамдық эмоцияның арасындағы тепе-теңдіктің әлі толық орнықпағанында болып отыр. Біз әлі күнге дейін тарихи тұлғаларды, ұлттың мәдени кодын, әйел мен ер азаматтың қоғамдық рөлін, діни немесе тілдік мәселені абсолюттік ақиқат ретінде қабылдауға бейімбіз. Сондықтан бұл тақырыптар тек ғылыми немесе сыни талдаудың емес, халықтың рухани әлемінің, ішкі комплексінің, кейде жаралы санасының нысанына айналып кеткен.

Абай, Мұқағали сияқты тұлғалар біз үшін тек әдебиет немесе тарих обьектісі ғана емес, ұлттық болмыстың тірі символдары. Сол себепті олар туралы әртүрлі қырынан айту, балама пікір білдіру көпшілік үшін жеке басына тіл тигізгендей қабылданады. Атап айтқанда, бұл – эмоциясы жоғары, пікірге емес, тұлғаға қарап жауап қайтаратын қоғамның бір көрінісі. Сонымен қатар бізде пікір айту мен жеке шекараны сақтау мәдениеті әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Әлеуметтік желіде кез келген ой байыпты талқылаудан бұрын «қауымдық реакцияға» тап болады. Бұл реакцияда көбіне дәлелден гөрі айқай басым, мазмұннан гөрі форма маңызды. Сондықтан мұндай тақырыптарды қозғау батылдықпен қатар жауапкершілікті де талап етеді. Ақпаратты жеткізудің тілі мен тәсілі, контексті мен ниеті бәрі ескерілуі керек. Әйтпесе, шындықты айтудың өзі жаңсақ пікірге, ал шынайылық дау-дамайға айналып кетуі мүмкін.

Арман Әлменбет жазушы
Фото: из открытых источников

А.Ә: Кез келген адам өзінің әке-шешесі туралы немесе басқа да өзі құрметтейтін адамдары жайында айтпайтын сөзін белгілі бір тұлғаға қатысты жария түрде айтпауы керек. Мен осылай таразылаймын. Елді өзіне қарату үшін сондай қулыққа барса, халық ол адамдарды тезге салып жатса, демек сасық қулығы жүрмей қалды (кей жағдайда надандығы әшкере боп қалды) деген сөз.

Бұл жерде екінші бір мәселе бар. Біздің қоғам өте бір лайықсыз адамдарды көкке көтеріп, қолдан тұлға жасап алуға мәстүр. Сосын артынан жерініп жатады. Бірақ көп ұзамай тағы сол адам деңгейлес біреу шықса, дәріптеп әкетеді. Осы жағынан өсе алмай келеміз.

Айтпақшы, Әнуар Тілегенов деген орыстілді блогер бар. Бұрын АҚШ-та тұрған, қазір Ресейде тұрады-ау деймін. Сол жігіт мәдениет қолданыста болуы керек деген пікірді айтады. Бірақ біздің қоғам әзірге ол деңгейге жете қойған жоқ дейді. Өзімнің түсінгенім бойынша айтайыншы. Мысалы, бір тарихи тұлға болса, ол туралы әртүрлі анекдоттар болуы керек, «Жайдарман», стендап секілді ойын-сауық бағдарламаларда әзіл айтылуы керек, неше түрлі мемдер болуы керек. Сонда олар әйтеуір бар ұғым емес, халықтың күнделікті өмірінде де жүреді деген сөз. Бірақ біз бәлен жылдық езгіден шыққан, әлі несі бар, несі жоқ екенін түгендеп болмаған халық ретінде бәріне ерекше сақтықпен қараймыз. Мүмкін, бұның бәрінен болашақта өтетін шығармыз. Сіз айтқан жағдайларға бұл ой тікелей қатысы болмаса да, жалпы мәселені түсінуімізге керек-ақ деп білемін.

Л.Б: Қазіргі қоғамда пікір білдіру еркіндігі мен моральдық жауапкершіліктің арасындағы шекара барған сайын күрделене түсіп келеді. Бір жағынан, заманауи демократиялық құндылықтардың негізі саналатын ой еркіндігі әрбір адамға өз көзқарасын ашық айтуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, бұл еркіндіктің қоғамдағы орныққан мәдени-этикалық шеңбермен, тарихи санамен, ұлттық болмыспен үйлесуі қажеттігі туындайды. Кейде осы екі ұстаным қақтығысып, дау-дамайға ұласқан оқиғалардың бел ортасынан табылып жатамыз.

Мойындауымыз керек. Біздегі ұлттық идентификация процесі әлі толық аяқталған жоқ. Қазақстан қоғамы отарлық кезеңнің әсерінен ұлттық болмысты қайта қалыптастыруға тырысып жатыр. Бұрынғы дәстүрлі құндылықтар мен қазіргі модерндік, тіпті постмодерндік ой-таным арасында үлкен айырмашылық бар. Кеңес дәуірінен қалған идеология күйреп, жаңа жүйе орныға қоймаған сәтте адамдар ескі құндылықтардан айырылып қалмауға тырысады. Сол себепті тарихи тұлғаларға, қандай да бір ескі нормаларға басымдық беріп, оларды кез келген күмәннан, сыннан қорғауға тырысады. Бұл негізі табиғи құбылыс. Былайша айтқанда, әлі ұлттық мәселелері шешіле қоймаған, болмысы айқындалмаған, жаһандану кезеңіндегі сан түрлі мәдени әрі әлеуметтік аласапыран кезеңіндегі ұлттың тұрақтылық іздеуі. Сондықтан да қандай да бір балама пікір естігенде адамдар оны нақты ұлттық тұрақтылықты шайқалту, тарихқа түкіру деп қабылдайды.

Ж.А: Бір тарап ой, сөз еркіндігі деп жатыр ғой. Әрине, пікіріңді еркін айту, ойыңды ашық білдіру демократияның басты қағидасы дейміз. Дегенмен қоғамдағы моральдық шекарадан шығуға болмайтынын да ескерген жөн сияқты. Әсіресе осындай тақырыптар турасында ой айту үлкен ептілікті, этикалық шеберлікті қажет етеді емес пе?

Е.О: Иә, сөз бостандығы демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі. Бірақ бұл ұғым абсолютті еркіндік дегенді білдірмейді. Меніңше, әрбір еркін пікір, әсіресе қоғамға әсер ету ықтималы жоғары тақырыптарда айтылған сөз моральдық және этикалық жауапкершілікпен астасып жатуы керек. Қоғам тек құқықтар жиынтығы емес, сонымен бірге құндылықтардың да біртұтас кеңістігі. Адамның пікір айту еркіндігі бар, бірақ ол пікір қоғамдағы қалыптасқан моральдық, тарихи, мәдени шекараларды ескермесе, онда ол сөз еркін ой емес, араға шоқ салып арандатудың күтпеген көрінісіне айналып кетуі мүмкін. Мәселен, ұлттық тұлғалар жайлы пікір білдіру тек әдеби, тарихи талдау ғана емес, ұлттық сезімге, халықтың ішкі болмысына тікелей әсер ететін жауапкершілікті қадам. Осындайда тек не айту ғана емес, қалай айту, қандай контексте және қандай сөзбен айту аса маңызды. Сондықтан ой еркіндігі мен сөз этикасы қатар жүруі керек. Еркіндік жауапкершілікпен үндескенде ғана шынайы қоғамдық даму болады. Әйтпесе, еркіндікті желеу етіп, кімді болсын ренжітуге, кемсітуге жол берілсе, ол пікір емес, қоғамға жасалған моральдық шабуылға айналады.

А.Ә: Бұған қатысты ойымды жоғарыда айттым.

Л.Б: Баяғыда бір Андағұл деген кісі базардан екі сырнай алып келе жатып өзіне-өзі қатты ырза боп: «Заманың келді Андағұл, сырнайыңды бапылдат» деген екен. Сол айтқандай, қазір әлеуметтік желіде екінің бірі еркін пікір айта алады, өз көзқарасын, сенімін, ойын біреуге тана алады, тұлға боп таныла алады. Бұрынғыдай ірі тұлғалар мен беделді институттар ғана емес, қарапайым азаматтар да қоғамға ықпал ете алатын кезең туды. Бұл демократияға тән үрдіс болғанымен, «рейактивті қоғам» деген құбылысты қатар ала келді. Яғни реакция үстінде өмір сүретін, бәріне тез баға беретін, әр пікірді бірден қабылдап, не жоққа шығара салатын, тереңдікке бара бермейтін орта пайда болды. Мұндай қоғамды әдетте эмоция билейді. Иә, сөз бостандығы – кез келген өркениетті қоғамның іргетасы. Демократияның мәні де сол, түрлі көзқарастың қатар өмір сүруіне мүмкіндік беру. Алайда бұл кісілік пен кішіліктен аттау емес. Осындай ойдың, сөз еркіндігі салдары да болады. Әсіресе көпұлтты, көпқабатты тарихи жадысы бар, отарлық кезеңнен енді ғана арылып келе жатқан қоғамда моральдық шекаралардың сақталуы аса маңызды. Бұл жерде адамның білімі немесе батылдығы ғана емес, оның эмоциялық интеллектісі, тарихи жадты сезінуі, мәдени астарларды түсінуі сынға түседі.

Қоғам деген ұғымның өзі де тек адамдардың тобыры әлде жиынтығынан ғана тұрмайды ғой, шынында қоғам – белгілі бір қалыптасқан ортақ сенімі мен тарихы бар үлкен жүйе. Сол жүйені бір-біріне жалғап, қоғамның бірлігін сақтайтын өз құндылықтары болады. Кейде сол құндылықтар шайқалып кетсе, іштен-сырттан шабуыл көбейіп кетеді. Шынымен-ақ, тереңдікті қажет ететін тақырыптар бар. Бәрін түсінуге, кім-кімнің де айтқанын ақтап алуға болады. Дүниедегі күллі нәрсені әзілге айналдырып, қалжың айтуға болады. Бірақ әзілдің де деңгейі болатын сияқты. Әлияны не үшін жазғырды? Төсек айналасында айтылған орынсыз ойы үшін. Бұл жерде мәселе тіпті де видеода емес. Мәселе тарихты, тереңдікті талап ететін тақырыпты жеңіл тұтынуға болатын тауар сияқты қабылдайтын санада деп ойлаймын. Оны ақтап жатқандар баршылық екенін байқадым. «Ықпалды» адамды ақтап алу, тұлғасына эмоциямен қарау – қазір ақиқаттан да жоғары тұратын боп кетті ғой.

Ж.А: Осы орайда шынымен-ақ батыс құндылықтарын алға тартып, пікір, ой еркіндігін желеу етіп жүргендер көп-ақ. Дегенмен солар кейде ұлтқа, ұлттық болмысымызға тән кей құндылықтарды ұмыт қалдырып жатады. Осы кейстерді көріп, еріксіз «үлкенді сыйлау», «өткенге құрмет», «ұят» деген ұлттық мінезге тән кісілік қасиеттер қайда қалды деген сұрақ туады. Еркін пікір айту мен ерсі пікір айтудың шекарасы бар шығар? Осы туралы ой тарқатсаңыз.

Е.О: Өте өзекті мәселені тереңінен қозғап отырсыз. Расында да қазір «пікір еркіндігі» деген ұранмен ұлттық болмыстан алшақтайтын, өзінің емес, өзге бір қоғамның құндылық өлшемімен өмір сүруге тырысатын ұрпақ өсіп келеді. Батыстың сөз еркіндігіне сүйеніп, өз елінің тарихына, тіліне, дініне, үлкенге құрмет сынды ғасырлар бойы қалыптасқан ұстанымдарға күмәнмен қарайтындар көбейді. Мұның астарында еркін ойдан бұрын тамырсыздану, өз болмысын толық түсінбеу, рухани діңгектің босап кетуі жатқан сияқты.

Еркін пікір айту осы екен деп, «менің пікірім бәрінен биік» деген астамшылыққа ұласса, ол еркіндік емес, эгоизм болып саналады. Қазақтың «сөзіне қарап кісіні таны» дейтіні бекер емес. Өйткені нағыз зиялылық не айтқаныңмен емес, қалай айтқаныңмен өлшенеді. Ал өткенге құрмет, үлкенге ізет, сөзге жауапкершілік – бұл біз үшін тек әдеп емес, ұлттық мінездің мәйегі. Сөз бостандығы мен ерсі сөздің арасын ажырататын бір ғана өлшем бар, ол –кісілік. Кісілік бар жерде адам не айтса да байыппен, ниетпен, құрметпен айтады. Ал кісілік жоқ жерде шындықтың өзі ауыр сөзге айналып, қоғамды жаралайды. Сондықтан бізге тек еркін ойлайтын емес, сонымен бірге парасатпен сөйлейтін, пікіріне кісілік қоса алатын білікті азаматтар қажет.

А.Ә: Қазақ халқында бар «ұят болады» деген үлкен құндылықты неше жыл бойы ұрып, қазір құлатуға шақ қалды ғой өзі. Оның орнына әртүрлі терминдерді сүйреп әкеп, таңғысы келеді. Адам бір-бірінің аузына қақпақ боп әуре болғаннан гөрі, әркім өзінің айтатынын салмақтап, өзіне-өзі есеп беріп отырса, ең жақсысы сол еді ғой. Ұят деген соған керек еді.

Л.Б: Батыстағы пікір еркіндігі, сөз еркіндігі ұзақ тарихи процестен өткен, пікір айту, сынау, сын қабылдау мәдениеті қалыптасқан қоғамға тән құбылыс. Онда сөз бостандығы тек құқықтық емес, сонымен қатар мәдени жауапкершілікпен өлшенеді. Мәселен, пікір айту деген басқаның ар-намысын таптау әлде көптің көзінше жеңіл қалжың айта салу емес, тақырыпты тереңінен ұғыну, талдау, сараптау. Мұндай бетбұрыстың салдарынан ұлттық құндылықтар жиі шетқақпай болып жатады. Мәселен, «өткендер мен өлгендерді сынауға болмайды» деген шектен тыс сакрализация да, «бәрін сынау – батырлық» деген нигилистік көзқарас та шектен шығу. Осы жерде мәселені тек бірер тұлғаға тіреп қою біржақты түсінік. Сіз басында атап өткен адамдар салдар ғана. Олар жекелеген мәдени бетбұрыстардың, әлеуметтік медианың шексіз мүмкіндіктері мен жауапкершілігі кеміген еркіндіктің тоғысында пайда болған көп дауыстың бірлі-жарымы. Мұндай пікірді бүгін болмаса бір күні бәрібір біреу айтатын еді. Олар сіз айтқандай «нәзік» тақырыптарға «дөрекі» жол, «ерсі» әрекетпен кеп, ақпарат алаңында ашық айтты. Бірақ бұл «ерсілік» дәл қазіргі өтпелі кезең үшін аса қауіпті деп ойлаймын.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы