Ерлан Саиров: «Қазақстанда трайболизмге жол жоқ, тәуелсіздік бәрінен қымбат»
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, соңғы жылдары қоғамда белең ала бастаған рушылдық (трайболизм) психологиясы ұлттық бірлік пен мемлекеттілікке тікелей қауіп төндіреді.
Осыған байланысты депутат Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына арнайы депутаттық сауал жолдап, мәселені мемлекеттік деңгейде қарауды ұсынған.
Депутаттың сөзінше, бұл сауал қоғамда үлкен резонанс тудырып, елдің түкпір-түкпірінен көптеген азаматтар қолдау білдірген. Саиров мұны халықтың ұлттық бірлік мәселесіне бейжай қарамайтынының белгісі деп бағалайды.
«Мемлекетті құрудан гөрі, оны сақтап қалу қиын»
Ерлан Саиров Қазақстан халқы соңғы 30 жылда өзін «мемлекет құруға қабілетті ұлт» ретінде дәлелдегенін айтады. Алайда мемлекеттілік – бір реттік жетістік емес, ол үнемі саналық, саяси және моральдық емтихандардан өтуді талап етеді.
«Мемлекеттілікті ұстап тұру әрбір азаматтың санасынан басталады. Біз жалпыұлттық “Мен қазақпын” деген ортақ психологияны қалыптастырмасақ, тәуелсіздікті сақтап қала алмаймыз», – дейді депутат.
Оның пікірінше, рушылдық сана қазақ қоғамын іштен ірітіп, ұлттық тұтастықты әлсіретеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде, өнер мен кино саласында руға бөлуді насихаттайтын контенттің көбеюі – қауіпті үрдіс.
Кино, контент және «ру бренді»
Саировтың айтуынша, соңғы кезде кейбір контент өндірушілер мен кәсіпкерлер ру атауларын брендке айналдырып, оны киім-кешекке, тауарға, тіпті кино сюжетіне енгізіп жүр. Бұл ұлттық бірлікті күшейтпек түгілі, керісінше халықты жікке бөлетін әрекет.
Депутат жақында прокатқа шыққан, руларды салыстырып, кемсітетін мазмұндағы фильмдерге де назар аударады. Тіпті бір экспозицияда Қазақстан картасын үш жүзге бөліп көрсету фактісі болғанын айтып, мұны «бассыздық» деп бағалады.
«Шығармашылық бостандық қажет. Бірақ ол ұлттың бірлігін бұзатын, мемлекеттіліктің тамырын қиятын деңгейге жетпеуі тиіс», – дейді Ерлан Саиров.
Үкіметке ұсынылған нақты шаралар
Депутаттық сауалда Ерлан Саиров Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдаған:
- Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан отандық фильмдерді ұлттық бірлік пен идеологиялық тұрғыдан алдын ала сараптайтын тұрақты комиссия құру;
- «Ұлттық код» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектейтін, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге тосқауыл қою;
- Мәдениет пен әлеуметтік желілерде жалпыұлттық “Біз – Қазақпыз” деген идеяны күшейтетін контентті жүйелі түрде көбейту.
Саиров депутаттық сауалдан кейін өзіне сын айтқандардың да болғанын жасырмайды. Алайда ол ұлт пен мемлекет мүддесіне келгенде, кез келген сынға дайын екенін айтады.