Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:11, 05 Наурыз 2022

Ермахандар елге тұтқа бола ала ма?..

None
None

       «Титушка» сөзінің шығу төркінін, қайдан пайда болғанын білесіз бе?

Ол 2013 жылғы Украинадағы толқулар кезінде билік шеруге шыққан  азаматтарды ұрып-соғуға жалдаған спортшы жігіт — Вадим Титушконың есімінен шыққан сөз.

Ұлты – украин. Митингілердегі биліктің бейресми агенттері «титушки» деп содан аталып кеткен.

       Міне, сол орыстың идеологиясына уланған жастардың жадын жаңарту үшін 9 жылдай уақыт керек болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Кезінде орыстың теледидарына телміріп, өз халқына қарсы шыққан осындай опасыздар тұрмақ, атақ-даңқтары әлемді шарлап кеткен спортшылары Александр Усик, Василий Ломаченко, ағайынды Кличколар, «Динамо» футбол клубы, клуб ардагерлері Владимир Бессонов және т.б. елі мен жері үшін бәрі бірдей, қолына қару алып сапқа тұрды. Етегін жиып, ерікті түрде етік киген арулары қаншама? «Әлем аруы» да коронасын каскіге алмастырып, автомат асынған. Тіпті, күні кеше елінен қуылғандай болған «елбасылары» Петр Порошенко мен бұрынғы «бұрымды қыз» Тимошенко да автоматын асынып елде жүр. Ешкім ешқайда қашып кетпеді. 

       Ең қызығы, бөтелке теріп бас жазатын бомждарына дейін енді бөтелкелерін қу құлқын үшін емес, Молотов коктейлін жасау үшін жинап жүр. Сенесіз бе? Міне, бұл жаңарған ұлттық идеологияның жемісі. Бас-аяғы 7-8 жылда елін сабауға атсалысқан «титушка» тұрмақ, бомжға дейін елге қызмет етуде! «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген қазақтың ежелгі тәмсілі осыны меңзесе керек.

       Бұрын аңыз футболшы Месси туралы:  «Ол алаңның сыртында тұрғанда, пионер сияқты, ал ол ойынға кіріскенде, басқалар пионер сияқты болып көрінеді»,  –  дегенге саятын бір тіркестерді оқығаным бар-тұғын. Сол айтпақшы, күні кеше күллі әлем клоун деп күле қараған Зеленский бүгін бәрінен биіктеп кеткен. Сол ЗЕ депутаттарға: – «Кабинеттеріңізге менің суретімді ілмеңіздер. Президент – мінәжат ететін нәрсе емес. Балаларыңыздың суретін қойыңыздар. Қандай да бір шешім шығарардан бұрын солардың көзіне қараңыздар»,  – деген сөзін шенеунік тұрмақ, мен барлық жан-тәніммен ұғынсам, «Егер ол жерде Ресей деген мемлекет болмаса, ондай әлемнің бізге не керегі бар?» деген Путиннің сөзін Маралтай ақын:                  

                         … Сорлаған көп, билік айтар тақ болмай, 

                         Ал, мен жүрмін басыма бір бақ қонбай. 

                        Жердің беті шахматтың тақтасы,

                        Корольдері тоқтамайтын мат болмай! – деген жолдарымен еріксіз түсіндіргендей.

      Айтпақшы, шахмат демекші, Бзежинскидің «Үлкен шахмат тақтасы» кітабында: «Украинасыз Ресей Ресей емес!» деген екен. Айтқаны дәл келетін түрі бар. Ал біз ше? Біз кімбіз, кіммен біргеміз?

       Осы сәтте әлеужеліде Қазақстанда Ресей телетаратылымдарының тоқтатылуын талап еткен үндеулер пайда болды. Сіз не айтасыз бұған,  оқырман? Арнайы ақпараттар мен арандатудан арылмайтын арналар елді қайда апармақ? Өткен митингілерде қыз-қырқынға қырғидай тиіп, қолындағы плакаттарын жыртқан Ермахандар елге тұлға болып, елдің жыртысын жырта ала ма, ел басына күн туғанда?! «Жабайы Армандар» қаңтардағыдай, қазақтың армандарын да жабайы қылып жібермес пе екен? 

Байденнің: «ұлы орыстың» асқақ армандарының соңы қашан да қара нанға картошка алумен аяқталатын»,  –  деген сөзінің де жаны бар сияқты.

Ал біздің арманымыз не?  

Тегтер: