Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:43

Ермегияевтар белсене бастады, Назарбаевтың қайын ағасын қайтеміз?

Ермегияев пен Назарбаев
Фото: ашық дереккөз

Осыдан біраз жыл бұрын қазақ билігі әлем алдында абыройымызды асырамыз, миллиондап турист тартып, қазынаны толтырамыз деп ЭКСПО өткізген.

Сол үшін мемлекет бюджетінен 565 млрд 100 млн теңге (сол кездегі бағам бойынша 2,1 млрд доллар) бөлді. Бірақ әу бастағы жоспардың ешбірі орындалмады. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесімен ешкімді таңғалдыра алған жоқпыз. ЭКСПО-дан есте қалғаны – қаңырап бос қалған сарайлар, шетелдік туристердің орнын басқан мұғалімдер және қолды болған 10 млрд 200 млн теңге ғана.

Осы оқиғалардың жаңғырығы әлі басылған жоқ. «ЭКСПО ісі» атанған шулы қылмыстық іс бойынша сол кезде 23 адам сотталған. Ең ауыр жаза «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияевке тағайындалды. Ол 14 жылға сотталды. Содан бері түрмеде отыр.

Талғат Ермегияев 1969 жылы Алматыда дүниеге келген. КСРО тараған соң күрт байыған немесе ертеден билік маңында жүргендер отбасынан шығып, шетелде білім алып, жаңа ғасыр басында мемлекеттік қызметке араласып, лауазымы жылдам өскен типтік шенділердің бірі. Бізде мұндай мансаптылардың екі түрі бар. Бір тобы алған бетінен қайтпай, креслодан кресло ауыстырып, бірде әкім, бірде министр болып, бүгінде елуді еңсерген орта буын шенеунікке айналды. Екінші тобы лауазымы қалай тез өссе, солай тез құлап, қылмысқа шатылып, түрмеге түсіп немесе шетел асып, саяси карьералары ерте аяқталды.

Біз сөз еткелі отырған Талғат Ермегияев соңғы топқа жатады. Бір кездері үлкен қызметтер атқарды. Спорт және туризм министрі болды. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы болып тұрған кезінде спортшыларымыз Лондон Олимпиадасында толағай табысқа жетіп (кейін 4 алтын медальден айырылсақ та), абыройы асқақтаған. Осы еңбегі еленді ме, әлде әкесінің сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ежелгі таныстығы әсер етті ме, ел тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін басқару мүмкіндігіне ие болды.

Оның әкесі экс-президенттің ескі танысы дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Амангелді Ермегияевті былайғы жұрт Назарбаевтың «сенімді серіктерінің бірі» деп сипаттайды. Назарбаев дәуірінде үлкен байлыққа жеткен, «Отан» партиясын (кейінгі «Нұр Отан», қазіргі «Аманат») басқарған адам.

«Астана ЭКСПО-2017» қаншалық ауқымды жоба екенін оған бөлінген қаржыдан-ақ (565 млрд 100 млн теңге) аңғаруға болады. Осы бақ кіші Ермегияевтің басына қонған. Ол бұл қызметті екі жарым жылға жуық уақыт атқарып, 2015 жылы маусымда ұсталды. Тура бір жылдан кейін, 2016 жылы маусымда «пара алу», «өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету» баптары бойынша 14 жылға сотталды. Сол кезде оған 780 млн теңге пара алды деген айып тағылды. Бірақ Ермегияев бұл айыптарды мойындаған жоқ.

Ермегияев кінәсіз бе?

Талғат Ермегияев ұсталғанда да, сотталғанда да көпшілік аса таңғала қойған жоқ. «Қазақстанда ақша ұрламайтын шенді бар ма, жесе жеген шығар» десті. Ең жанашыр жұрттың өзі «жас жігітті мол қаржы жүрген ЭКСПО-ға бекер апарды, спорттың айналасында жүре беруі керек еді» деп өкініш білдірді. Бірақ ешкім Талғат сүттен ақ, судан таза деп айта алған жоқ.

Бірақ уақыт өте әңгіме ауаны өзгергендей болды. Ел арасында істің саяси астары бар екені айтыла бастады. «Ермегияев сыбайлас жемқорлыққа қатысудан, мемлекет қаржысын жымқыру схемаларына араласудан бас тартқаны үшін жазаланды» деген уәжді естіп қалатын болдық. Мұндай сөздің шығуына сот ісінің аса құпия өткені, 10 жылға жуық уақыт болса да көп дерек жарияланбай отырғаны және Ермегияевтің Назарбаевтан кешірім сұрап, мерзімінен бұрын босатуды сұрамағаны әсер еткен болса керек. Біздің елде әдетте пара алып сотталған шенділер Назарбаевтан кешірім сұрап, жазадан жеңіл құтылып жатады.

2025 жылы наурызда Ермегияев жаза мерзімінің 3/2 бөлігін өтеп, заң бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазу құқығына ие болған. Бірақ Жоғарғы сот оның құқығын пайдаланбағанын хабарлады. Бұл да Ермегияев атына біршама ұпай қосты. Көпшілік ол өзін жазықсыз санайды, сол үшін кінәсін мойындап, мерзімінен бұрын босатуды сұрамай отыр деп топшылады.

Осы оқиғамен тұспа-тұс «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты жарық көрді. Онда Омаров өзіне және Ермегияевке қатысты қылмыстық іс ойдан шығарылғанын айтады. Ол әлдебір «жоғарыдан тағайындалған төрағаның кеңесшісі Айдос Есполов» деген адамның атын атап, пара алған да, қаржы жымқырған да сол екенін айтқан. Тергеу барысында куәгерлер Есполов есімін бірнеше мәрте атаса да, оны сотқа шақырмай, «белгісіз тұлға» ретінде жауаптан босатқан. Омаров тергеуге антикордың бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаров пен бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімов әсер етті деп мәлімдеді.

Осы сұхбатқа сүйеніп, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді. Мәжілісмен бас прокурор сотта «анықталмаған тұлға» ретінде танылған, бірнеше мәрте пара алған «кеңесші» кім екенін анықтауды, пара берушіні табуды және офшорларға аударған ЭКСПО қаржысы жайлы сұрау салған. Біз депутаттың өзіне хабарласып, прокуратурадан жауап келген-келмегенін сұрадық.

«Оған жауап келді. Бірақ прокуратура әдеттегідей жалтарма жауап беріпті. Қылмыстық іс заң талабына сай тергелген, сотта бәрі анықталған деген жауап алып отырмын. Мен сауалымда пара алған Айдос Есполов деген адам туралы сұраған едім. Келген жауапта Айдос Есполов туралы бір ауыз сөз жоқ. Есполов экс-президенттің қайын ағасы (бұл адам Назарбаевтың екінші әйелінің ағасы деген ақпарат бар) болғаны үшін бе, ол туралы ештеңе айтылмапты. Депутаттық сауалымда бұл адам кім, істе қалайша оның аты-жөнін өшіріп тастады деп сұрадым. Омаров параның бәрін сол алғанын айтып отыр. Омаровтың өзімен кезіктім, сол кезде маған «біздің жігіттер Есполовқа бірнеше мәрте Қытай сумкасымен ақша апарып берген» деді. Куәгерлер осының бәрін сотта айтқан, бірақ сот оны қаперге алмапты. Бәрін қылмыстық істен сызып тастаған. Бас прокуратура да маған бұл жайлы жауап бермей отыр, демек олар ескі Қазақстанның, Назарбаевтың соңында кетіп отыр деп ойлаймын», – дейді Ермұрат Бапи.

Ермегияев бостандыққа шыққысы келеді

Маусым айының басында Талғат Ермегияевтің ұлы Мәди Ермегияев пен адвокаттары баспасөз-мәслихатын өткізіп, ЭКСПО ісінің саяси астары болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Экс-министрдің адвокаттары оған тағылған айыптар жалған куәлікке негізделгенін айтады. Олар басты куәгер – Rona LTD компаниясының директоры Урал Ибадильдинаның психологиялық жағдайы тұрақсыз болған дейді. Оның үстіне ол антикор қызметкерлерінің бақылауында болып, куәліктерін адвокатсыз және түнгі уақытта берген.

Адвокат Алла Котлов тергеу кезінде Ибадильдина Ермегияевтің бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов туралы жиі айтты дейді. «Айдос Есполов Ермегияевтің кеңесшісі ғана емес, Назарбаевтар отбасының өкілі болды. Ол ресми түрде компанияда жұмыс істеп, мердігерлермен жұмыс жүргізген. Ибадильдина куәлігінде «Айдоспен отырдым», «Айдоспен кездестім» дегенді жиі қайталаған», – дейді қорғаушы.

Адвокаттардың айтуынша, осыдан он жыл бұрынғы тергеу барысында, сотта көптеген заңсыз әрекеттер болған. Олар тергеудің мақсаты – қалай да Ермегияевті соттау болған деп санайды. Істегі басты куәгер Ибадильдинаның психологиялық ақауы болған. «Ермегияевке тағылған айып пен үкім психикалық ауытқуы бар негізгі куәгердің жалған айғақтарына негізделген», – дейді адвокат Анара Құсайынова. Қорғаушы Құсайынова «Жас Алашқа» Ермегияевтің мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазатын мерзімі жеткенін әрі бірнеше күннен кейін толық мәлімдеме жасайтынын айтты.

Істе аты жиі аталған Айдос Есполов Назарбаевтың қайын ағасы болуы мүмкін. Мұны Мұрат Омаров сұхбатында айтқан. Сондай-ақ 2023 жылы Orda.kz сайты Назарбаев өзі ресми мойындаған бейресми әйелі Әсел Исабаева академик Тілектес Есполовтың отбасында дүниеге келгенін анықтаған. Ал 1976 жылы дүниеге келген Айдос Есполов академиктің үлкен ұлы. Куәгерлердің айтуынша, ЭКСПО ісінде сот осы Есполовты белгісіз себеппен жазасыз жіберген. Сондай-ақ істегі басты куәгер Ибадильдина сотқа дейін жүйке ауруына ұшырағандар тізімінде тұрған, ал сот кезінде оны тізімнен шығарып, сот біткен соң қайта есепке алған деген ақпарат бар.

Талғат Ермегияевтің ұлы Мәди Ермегияев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, әділдік сұрады. Оның айтуынша, отбасы 935 млн 704 мың теңге шығынды өтеп үлгерген. Ал Талғат Ермегияевтің өзі шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазып отыр. Осыдан екі ай бұрын ғана шартты түрде босауға құлық танытпаған Ермегияев енді неге бұл іске құлшыныс таныта қалды? Өтініш жазуға мүмкіндік беретін заңдағы мерзімді орындады, шығынды өтеді. Енді мерзімінен бұрын босатуға өтініш берсе, қабылдануы мүмкін. Бірақ олар мұны ың-шыңсыз істемей, баспасөз-жиынын өткізіп, БАҚ-та резонанс туғызуды көздеп отыр. Демек олардың мақсаты – мерзімінен бұрын босау емес, істі қайта қарау, Ермегияевті ақтау болса керек. Бірақ оны ақтау үшін біраз адамның алдын кесуге тура келеді. Мәселе сол кездегі президентке, бас прокурорға, антикор басшысына тірелуі мүмкін.

Ермұрат Бапи
Фото: zhasalash.kz

«Бұған дейін ЭКСПО ісіне байланысты қылмыстық істер, жағдаяттар бәрі жабық болды, бұл жөнінде ақпарат тарамады. Ақпарат таратуы тиіс БАҚ-қа қысым болды ма, басқа болды ма, ЭКСПО-дағы негізгі мәселелер айтылмай қалды. Қазір ЭКСПО ісіне байланысты сотталған азаматтар шығып, мәлімдеме жасап жатыр. Мәжілісте де көтерілді. Оның бәрі ақпарат құралдарына шығып жатыр. Ермегияев «жаңадан ашылған жағдайларға», БАҚ-тағы ақпараттарға қарап, істі қайта қарауға немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш беруге толық мүмкіндігі бар екенін аңғарды. Бұған дейін ол өзінің қылмысын мойындамады. Мойындамағаны үшін шартты түрде босатуға өтініш бермей отыр, өтініш жазу қылмысын мойындаумен бірдей. Сол үшін мерзімінен бұрын босауға ұмтылмады деп ойлаймын. Ал қазір «жаңадан ашылған жағдайларға» байланысты жазықты емес екенін дәлелдеуге азаматтық құқығы бар. Ол жайлы парламент мінберінде айтылды, сондықтан азамат ретінде өзінің құқығын пайдаланып, шартты түрде босауға өтініш жазуға, шығып алған соң толық ақталу бағытында жұмыс істеуге құқығы бар», – дейді депутат Ермұрат Бапи.

Қуаныш Қаппас