Ермек ТҰРСЫНОВ: Біз, қазақтар, қателесіп қалдық

Тәуелсіздік күні тақалғанда Тұрсынов та тыныш отыра алмады. Режиссер кезекті видеосын жариялап, онда еліміздің тәуелсіз болып өткізген жылдарын бір шолып, ел мен қоғамның аяқ алысын, біздегі элитаның бүгінгі сиқын бағалап берген екен.
«Арнайы жасақта (спецназ) ереже бар: «сарбаздарды іріктеу кезінде қателессең, онда оларды үйретудің мәні жоқ». Біз 29 жыл бұрын ел болып жатып дұрыс таңдау жасай алмадық. Мүлдем басқа адамдарды таңдаппыз. Өткен жылдары көзіміз көрген жүйелі қателіктердің болатынын біліп тұрдық. Өйткені біз таңдаған адамдар өзіміздің шекпенімізден шыққандар еді. Олар үшін тәуелсіздік пен еркіндік деген басымызға бұйырған зор бақыт тым таңсық еді, содан ғой, олар да жаңа жағдайда не істерін білмеген… Әрине, әрекет етіп, бірдеңе қылу керек еді. Кешегі партиялық мектеп тәуелсіз елге арналған тың ақыл бере алмайды. Біз билікті халықтың құлы деп келсек, шындығында, олар – қожайын, біз – құл екенбіз. Беткеұстар емес, шөпкетышар болып шықты бұл қулар. Өлетін мемлекет заң шығарғыш келеді дейді. Ал енді біз қаншама заңдар, реформалар, стратегиялық бағдарламалар жазып тастадық. Бірақ олардың қайсысы соңына дейін жеткізіліп, елге пайдасын тигізді? Әй, ондайы жоқ-ау. Мемлекеттің шын абыройын асқақ астана емес, көркейген ауылдар көрсетсе керек. Анау Астанадағы тойда фейерверк пен салют атылып, ұлы форум-көрме өтіп жатқан кезде Үштөбе сияқты алыстағы ауыл халқы не жарықсыз, не газсыз отырса, қалайша мақтана аламыз? Биік мінберден біреу аузын Айға білеп, «ертең Қазақстан жарты әлемнен озады» деген уәдені үйіп-төгіп жатқанда менің есіме пионер мен комсомол болған кездерім түседі: ол кезде де жоғары жақтан неше түрлі уәделер төгіліп жатушы еді. Біз осы басқа жаққа қарай бара жатқан сияқтымыз. Алға басқан әр қадамымыз бізді артқа сүйрейді екен. Бұл, өзі, неғылған жүріс? Ертең 16 желтоқсан екен. Мынау митинг деген кімге керек? Кімге? Митинг полицейлер сияқты түрлі күштік құрылымдар мен саясаткерлерге ғана керек. Өйткені митинг болмаса, бейбіт уақытта олардың шендері мен қызметтері өспейді.
Ал не істеу керек бізге? Бізге мәдени революция керек. Жә, революция десек, шошып кетер баз біреулер. Жай тілмен айтсам – бәрін басынан бастау керек: әрбір үйден, әр подъезден, әр ауылдан. Өйтпесек болмайды. Мәдениет саясаттан да терең. Біз осыны түсінгіміз келмей келдік. Мінеки, мәдениет пен білімнің құрығаны бізді осындай жағдайға жеткізді. Отырмыз енді, елдің ең басты болуы тиіс мерекесі бүгін ондай мереке емес болып тұр».