Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:01, 16 Ақпан 2022

Ермек Тұрсынов: Шала шындықтан шаршадық!

None
None

Қаралы қаңтар трагедиясы мен одан кейінгі оқиғалардың бәрін сараласақ, одан ұтқанымыз да, ұтылған тұстарымыз да бар.

Ең басты ұтқанымыз, елде әйтеуір, бір өзгеріс болды. Сосын, қазақ қоғамы өте қатты саясиланды,  деп пайымдайды режиссер Ермек Тұрсынов.

– Қазір күнде ауыс-түйістер жасалып жатыр ғой, бірақ мені мазалайтын бір күдік – билік барын салып, халықты негізгі тақырыптан бұрып жіберуге тырысуда. Күн сайын түрлі жаңа сұрақтар мен мәселелер туындаған сайын, біз ең басты сұрақтардан алыстап барамыз. «Біз қазір кімбіз?», «Енді қайда барамыз?» деген сұраққа толық жауап алуымыз керек еді. Ресми биліктен мен, әзірге, бұл сұрақтың жауабын естімедім. Президент Тоқаев соңғы кездері өте дұрыс нәрселерді айта бастаса да, біз шынымен де ең маңызды мәселелерден алыстап жатырмыз. Еліміз өте ауыр жағдайды басынан өткеріп, әлі есін толық жимай тұр. Билік те қазір шарқ ұрған күйде. Күштік құрылымдар абдырап, бизнес те түсініксіз жағдайға тап болды. Апыл-ғұпыл жағдайда «Қазақстан халқына» деген қорды құрып алып, оның схемасы әлі түсініксіз маған. Айналамыз түрлі сұрақтарға толып кетті. Ол сұрақтарға қоғам ішінде дайын жауаптар, өте жақсы ұсыныстар айтылып жатыр, бірақ мен жоғарыдан ешқандай жауап естімей отырмын. Әзірге, тек декларация. Тоқаев саяси реформалар, экономикалық реформалар жайында айтады, бірақ оны неден, қалай бастаудың нақты қадамдары қалай жасалады? Сұрақтардың тым көп болғанынан, ақпараттың жоқтығынан, небір қауесет пен алып-қашпа әңгіме тарауда. Бұл жақсы емес. Мұның бәрін кім ұйымдастырғанын неге айтпайды? Әрине, бәрін әкеп Мәсімовтың мойынына іле салатыны түсінікті. Бірақ бәрін жасаған жалғыз Мәсімов пе?! Істің құпия деп жарияланғаны бәрі де құпияда қалатынын аңғартады, – дейді режиссер.

Тұсыновтың сөзінше, соңғы отыз жылда елде шындық тапшы болды, шындыққа зәру боп келдік. Шынымен жаңардық, жаңғырдық, бәріміз бір шаңырақтың астындамыз десек, бір-біріміздің арамызда құпия болмауы керек. Ол қандай сұмдық құпия болса да, онсыз да көрмегені жоқ қазақты енді ешқандай шындық шошытпайды. Біз қоғамдағы шындықтың процент-үлесін көтере беруіміз керек. Жартылай, шала шындық деген жарамайды, өйткені оның жартысы жалған.

– Қазір кейбір тақырыптар әдейі көтеріліп, әңгімені негізгі ауанынан адастыру әрекеті жүріп жатқандай әсер қалуда. Бірдеңе айтылмай, бір күрмеу шешілмей тұр. Халықтың интуициясы сезіп тұр, шындықты ашудың орнына бір түсініксіз ырың-жырыңдар жасалып жатқанын. Билік халықтың сенімінен айырылса, ең жаманы сол. Сенім жоқ жерде жөні түзу ештеңе құру мүмкін емес. Халықтың сенімін қайтару үшін имитация жасамай, әр қадамды халықпен ақылдасу керек. Реформалар жөніндегі комиссия құрып, оған тағайындау емес, халық ұсынатын, ел қалайтын, абыройлы адамдарды шақыру қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сәтсіз идея болып шықты. Отыз жылда ҰҚК-нің осымен үшінші басшысы ауыр баптармен қылмыскер деп жарияланды. Елдің қауіпсіздігіне жауап беретін бас лауазым иесінің өзі неге елге қауіпті боп шықты? Элитаның өзінде осындай сұмдықтар болып жатыр. Құпия деп бәрін жасыра берсек, бұл елде тұрудың өзі қауіпті болады. Қысқасы, біз ескі сүрлеуімізге қайта түспейік! Жалғандықты, екіжүзділікті, шала шындықты тықпалауды дереу доғару қажет, – деп толғанады ол.

Тегтер: