Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:45

Ермұрат Бапи: Тоқаев үлкен елдің бір аймағын басқарып отырған жоқ

Ермұрат Бапи
Фото: parlam.kz

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи елімізде жиі айтылатын «Президент ішкі мәселелерді ысырып қойып, сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөледі» деген пікірлерді сынға алды. Оның айтуынша, мұндай уәждер билік жүйесінің қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейтіндердің сөзі. 

«Қазіргі әлем аласапыран жағдайды бастан кешіп жатыр. Жаһандық саясат күн сайын құбылады. АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық тұрғыда бәсеке күшейді. Таяу Шығыста жағдай ушығып тұр. Ресейге салынған әлемдік санкциялардың салқыны көрші елдерге тиіп жатыр. Осындай қиын заманда сыртқы саясат – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір тетігі», - дейді депутат. 

Ермұрат Бапи Қазақстанның геосаяси орнын да еске салды:

«Біз екі алпауыт – Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан елміз. Әлем бойынша 9 орында тұрған ұлан-ғайыр жеріміз, бай табиғи ресурсымыз бар. Ал халқы – салыстырмалы түрде аз мемлекетпіз. Яғни, Қазақстан – геосаяси тұрғыда өте маңызды, бәрінің назарында тұрған мемлекет. Сондықтан Президенттің шетелдермен тең дәрежеде салиқалы әрі белсенді қарым-қатынас жүргізуі – тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыздың кепілі», - дейді мәжілісмен.

Мақалада ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді сыртқы саясатымен қатар, ішкі реформалар мен әлеуметтік мәселелерді де қатар алып жүргенін нақты деректермен көрсеткен. Мысалы, соңғы екі айда Президент 18 ресми іс-шараға қатысып, 23 адамды қабылдап, 31 заңға қол қойып, өңірлерді аралап, халықпен кездескен. Сонымен қатар, осы аралықта төрт рет шетелге сапар жасап, үш халықаралық саммитке қатысып, ондаған маңызды құжаттарға қол қойған.

«Тоқаев үлкен елдің бір аймағын басқарып отырған жоқ, ол – геосаяси ахуал мың құбылған заманда тәуелсіз мемлекеттің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға жауапты тұлға. Оны белсенді, прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатсыз жасау мүмкін емес. Әрбір халықаралық кездесу, әр саммит, Президенттің сапарлары – осы басты мүдделерді қорғауға бағытталған қадамдары. Қиын кезеңде ол іргелес елдермен де, Еуроодақ мүшелерімен де, Ислам – араб әлемімен, түркі мемлекеттерімен, тіпті алыс Америка Құрама Штаттарымен де тұрақты әрі өзара тиімді қарым-қатынасты сақтап отыр. Дәл қазір де және болашақта да бізге осындай басшы қажет», - деп түйіндейді Ермұрат Бапи. 

Тегтер: