Ермұрат Бапи және «күміс қасық» теориясы
Екі апта бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында улану күдігі бар екенін мәлім еткен мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кешелі бері Германиядағы клиникалардың бірінде емін бастаған. Диагноз апта соңына қарай белгілі болады.
«Германияға келдім. Кеше клиникаға кірдім. Бүгін алғашқы анализдер тапсырам. Шамасы, диагноз аптаның соңына тақау дайын боп қалады», – деп жауап берді депутат хабарласқанымызда.
Белгісіз дертке шалдыққанына қатысты мәлімдемені үш апта бұрын депутат алғаш желідегі парақшасында мәлімдеп, ісіген қолының фотоларын жүктеген. Айтуынша, отандық дәрігерлер диагнозын анықтай алмаған дерттің мазалағанына жарты жылдай болған.
«Ауырып қалған жағдай бар... Диагноз белгісіз... Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді... Клеткалық-молекулярлық негізде диагностика қажет екен... Көрерміз... Аман болайық, ағайын!» деп жазған ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Депутаттың аталған жазбасы ақпараттық сайттарда лезде тарап, кейбір басылымдар оның улануына қатысты өздерінің шағын зерттеулерін жүргізді. Orda.kz сайты депутатты бұрынғы Кеңес Одағының барлау органдары қолданған жүйке уларының бірі «новичокпен» улаған болуы мүмкін екенін жазды.
«Улану симптомдары – оның денесінде қатты қышу, ісіктің пайда болуы. Біраз уақыттан соң ісіктер жоғалып, дененің басқа жерлерінде пайда болады. Және аталған ісіктер үлкен мөлшерге жетуі мүмкін. Дәрігерлер биопсия да жасады, бірақ ештеңе анықтай алмады. Сондықтан шетелдік клиникалармен шұғыл байланысуға шешім қабылдадық, Қазақстанда диагностика, әсіресе молекулалық деңгейде әлі дамыған жоқ. Кейбір улы заттар созылмалы ауруларға ұқсас белгілер тудырады. Сондықтан адамдар оған аз мән береді, ал кейбір кезде тым кеш қимылдап жатады. Бұлай улану үшін – адами және қаржылай тұрғыдан ықпалы мол адам болу керек» деп пікір білдірген сайттың құпия дереккөзі.
«Новичок» уын Dark Web-тен немесе қара нарықтан сатып алуға болады. Бірақ сатушыны табу үшін бұрынғы немесе қазіргі құқық қорғау органдары қызметкерлерімен байланыс қажет. Сондықтан уды ықтимал сатып алушылардың шеңбері шектеулі екені анық екені айтылады.
Депутаттың түсініктемесі
Аталған материал қоғамда қызу талқыға түскеннен кейін Ермұрат Бапи ресми мәлімдеме жасап, «новичокпен улануы мүмкін» деген болжамдарға қатысты толықтай түсініктеме берді.
«Денсаулығым соншалықты қатерлі жағдайда деп ойламаймын. Бірақ аяқастынан пайда болған белгісіз дертке байланысты наурыз-сәуір айларында президенттің іс басқармасына қарасты клиникада жатып, толық кешенді тексеруден өттім. Қан мен дәреттен бастап, бүйрек, бауыр, асқазан, іш құрылыс, паразиттік және токсикологиялық анализды қосып, биопсияға дейін тапсырдым. Дәрігерлік консилиум ешқандай дерттің дерегін таппады. Дәл сол клиникада жатқан кезімде денемнің әр жерінде тағы да ісіктер пайда болды. Консилиумға қатысушы дәрігерлер ол ісіктерді қолмен ұстап, өз көздерімен көрді. Бірақ ешқандай диагноз қоя алмады. «По всем анализам аллергию исключаем» деді. «За сорок лет врачебной практики с такой ситуацией первый раз сталкиваемся» деген дәрігерлік пікір де болды. Ал әртүрлі медиада сан-саққа алыпқашпа жарияланымдарға қатысты айтар болсам, бұл ақпарат қаскүнемдер қолынан Украинада қаза тапқан танымал жорналшы Айдос Садықовтың Алматыда өткен асынан кейін өршіп кетті. Бұл асқа мен де қатысуым керек еді. Бірақ дәл сол ритуалдан бір күн бұрын ауық-ауық пайда болатын сол ісіктер қайтадан қозды. Ас үстіндегі Құранға қол жаюға жиналған бірнеше қоғамшыл азаматтар: «Қайдасыз, күтіп отырмыз...» деп, мені іздеп, қоңырау шалды. Мен олардың әрқайсысына ауырып қалғанымды, асқа қатыса алмайтынымды айттым. Расында да, соңғы төрт айдан бергі әдетте, бұл ісік шыға бастаған кезде адам айтқысыз қышу пайда болады. Арқаңды есіктің, қолыңды үстелдің қырына қасысаң да тыншу табу оңай емес. Дуылдап қышыған кезде, денеңнің қышыған жерін кесіп алып тастағың келеді. Артынша сол қышыған жерің күрт ісіне бастайды да, дене қызуың көтеріледі. Ісіктің салдарынан сағаттың бауы білезігіңе, белдігің ышқырыңа, аяқ киімің аяғыңа шақ келмей қалады», – деді Ермұрат Бапи.
Саясаттың өзі – у
Қоғамдық белсенді Жарқын Құрентаев Киевте кісі қолынан қаза тапқан оппозиционер Айдос Садықов пен Ермұрат Бапидің улануының артында бір адамдар тұруы мүмкін екенін алға тартты.
«Оның кімге қарсы екенін бәріміз де білеміз. Біреу елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатыны анық. Бапи көтерген негізгі екі тақырып – қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу және «ескі Қазақстанмен» күрес. Ол «ескі Қазақстанның құрбандары» қозғалысын қолдап, біреулердің жолына тосқауыл болды», – деп пікір білдірді.
Депутатты мүдделі топтар улауы қаншалықты мүмкін? Бұл сұрақты саясаттанушы Асхат Қасенғалиға қойдық.
«Улау фактісі бар ма, әлде қандай да бір басқа себеп пе, нақты дөп басып айту қиын. Оны Ермұрат Бапидің өзі де, дәрігерлер де әзірге нақты анықтамаған сыңайлы. Сол себепті, алдымен улады ма, жоқ па дегенді анықтағаннан кейін барып басқа сұрақтарға жауап іздеген дұрыс болар. Дегенмен саясатта кез келген қауіптің барын да жоққа шығармаймын. Ермұрат Бапи ағамыз депутат ретінде өткір мәселелерді көтеріп жүр. Сондықтан қандай да бір қауіп бар болса, бар да шығар. Алайда алдымен нақты бірдеме айту үшін «неден ауырды» дегенге жауап болуы керек. Себебі анықталмаған дүниенің барлығы тек конспирология, жорамал, болжам, тіпті жеке бастың қиялы ғана. Сол себепті мен уланды, улады дегенді айта алмаймын. Өйткені дәлел жоқ. Ауырғаны анық, бірақ неден ауырғаны әлі анықталмады. Бұл сұрақта Ермұрат Бапи ағамыздың ресми мәлімдемесіне сүйену абзал болар. Әрине, саулық тілеймін және шынайы себебі анықталсын деймін. Ал жалпы әлемдік саясатта қарсыласын улау фактілері мыңдап кездеседі ғой. Ежелгі тарихтан бастап, қазіргі күнге дейін бар. Орта ғасырда қалыптасқан «күміс қасық» теориясын барлығымыз білеміз ғой. Ол осы улаумен тікелей байланысты. Алысқа бармай, Ресей саясатында соңғы жиырма жылдықта бірнеше улау фактісі әлемді дүр сілкіндірді. Литвиненко, Скрипаль, Навальный істерін еске алыңыз. Англияда «саясатта уды жиі қолданады, алайда саясаттың өзі у ғой» деген тектен-тек айтылмаса керек», – дейді Асхат.
Ермұрат Бапи мәжіліс депутаттығына сайланғаннан кейін Қазақстанның шетелдегі заңсыз активтерін елге қайтару мәселесін мінберден жиі көтерген. Ақпан айындағы мәлімдемесінде экс-президент Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваны бизнесті рейдерлік басып алу бойынша айыптады. Сондай-ақ активтерді қайтару туралы заңды сынға алып, активтерді қайтару комитетінен нақты фамилияларды атауды талап етті.
Сонымен қатар мәжілісмен салафизмге қарсы ашық пікір айтып, ниқабқа қоғамдық орындарда тыйым салу заңын ұсынған бастамашылардың бірі. Парламент күзде дінге және басқа ағымдарға қатысты мәселені қолға алатын заң жобасын енгізуді жоспарлап отыр.
Маусым айында Ермұрат Бапи ағайынды Нығматулиндер – Нұрлан мен Ерланға, сондай-ақ «Назарбаев дәуіріндегі» басқа да олигархтарға қатысты қылмыстық істі қозғауға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, әзірге тергеуді бастауға заңды негіз жоқ немесе белгілі бір келісім бар.
Нұрлан Нығматулин Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 1 ақпанда мәжіліс спикері қызметінен кетті. Ол 2016 жылдан бері парламенттің төменгі палатасын басқарды. Бұл оның екінші төрағалығы болды – бұған дейін 2012-2014 жылдары мәжіліс спикері болды. Әр жылдары президент әкімшілігін басқарды және Қарағанды облысының әкімі болды. Ерлан Нығматулин – Нұрлан Нығматулиннің егіз інісі. Ол мәжілістің де, сенаттың да депутаты болған.
Ермұрат Бапи – Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісінің VIII шақырылымның депутаты. Депутаттыққа дейін оппозициялық «Дат» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
Айжан Қалиева
Астана қаласы