Ернай Жиембайдың Берденовке айтқанын куәгер растады

Шымкент әкімінің орынбасары Берденовке жасалған қастандық бойынша сот жалғасып жатыр.
Куәгер Гаухар Садықтың айтуынша, Руслан Берденовке оқ атылған сәтте ол көйлекпен жатқан. Оның сөзінше, мылтық бір-екі реттен көп атылған.
“Жерде жатқан жәбірленушіге бірінші мен бардым. Өз киімімді оның басына қойдым. Атылған кісінің жанында тұрғанымда сотталушы Берденовке “сенің кесіріңнен ажырастық” деп айқайлады. Берденов ол кезде естіді ме, жоқ па білмеймін. Ол кісі есін біліп жатқан жоқ еді”, - дейді куәгер.
Айта кетейік, оқыс оқиға 2025 жылдың 21 сәуірінде болды. Сол күні Берденовке әкімдік ғимаратынан шыққан сәтте аңшы мылтығынан бес рет оқ атылған еді. Қастандық жасаған – қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Ернар Жиембай екені анықталды.
Сотта жауап берген ол өз кінәсін жартылай мойындап, адам өлтіру ниеті болмағанын, тек қорқытқысы келгенін айтты. Ол шабуылға қызғаныш себеп болғанын, алайда жағдайдың түп-тамырында өзіне Берденов тарапынан жасалған моральдық қысым мен қорлау әрекеттері жатқанын жеткізді.
Айыпталушының сөзінше, Берденов оны бірнеше рет көпшілік алдында кемсіткен. Бірде ол: «Түрің не болып кеткен, шашың да түсіп қалыпты, сен қайдан шықтың» деп, намысына тиген. Тағы бірде, жұбайы туралы да анайы сөздер айтып, әлеуметтік желіде әйелінің суреттеріне «лайк» басқан. Е.Жиембай бұл сөздерден кейін өзін қатты қорланғандай сезінген. Ол ерекше күтімді қажет ететін баласы, онкологиялық дертке шалдыққан әкесі және жақында ажырасқан әпкесі бар екенін айтты. Жұбайымен болған жанжал жығылған үстіне жұдырық болған. Келесі күні Е.Жиембай ажырасуға арыз берген. Ал 21 сәуір күні әкімдік ғимаратына келіп, Берденовке оқ атқан.
Сот процесі кезінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің де аты аталды. Е.Жиембайдың сөзінше, Берденов одан қазіргі Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жауып, «қастандықтың тапсырыс берушісі» ретінде көрсетуін талап еткен. «Берденов маған «егер сотта сені жалдамалы кісі өлтіруші ретінде Сыздықбеков жұмсады деп айтсаң, мен сені кешіремін» деді», – дейді айыпталушы. Айыпталушының бұл сөзі сот залын ғана емес, жалпы қоғамдық ортаны да дүр сілкіндірді. Қала әкімінің атының аталуы істің артында ірі саяси ойындар бар деген болжамдарды күшейте түсті. Кей телеграм арналар Ернар Жиембайдың бұл сөзін жариялап, артынан өшіріп тастады.
Маңызды жаңалықтарды біздің telegram арнадан оқыңыз.