Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:17, 26 Қазан 2023

Ерсайын Төлеубай: "Мырзатайдың мұнысы терезе арасына қамалып қалған шыбынның жанталасы"

ерсайын
Фото:massaget.kz

Мен М.Жолдасбековты баяғыдан білемін. Адамның адам деген аты болады, ал оның бірінші белгісі – кешірімді болу. Мұны имандылық дейді. 

Тіпті біреу кісіңді өлтіріп кетсе де, алдыңа кеп бас исе, имандылық таныт. Біздің қоғамда жетпейтіні, осы имандылық. Қазақ әу баста иманы берік халық еді, қазір соның бәрінен айырылдық. Тәуелсіздік алған отыз жылда біз имансыздықтың түр-түрін жасадық. Мұның басында Назарбаев тұр. Әлгі ақсақалымыздікі де соның бір түрі. Тіпті мұны айтуға да ыңғайсыз. Табалағандай боласың. Енді бір есептен осы істеген ісі үшін жазасын да алды. Ең сорақысы – оның жазасын халық емес, айналасындағы осы Мырзатай сияқты нөкерлері беріп жатыр. Мұны қазақ зауал дейді.

Шынын айтқанда, бұл кісі ғалым емес. Мен өзім тарихшымын, мұны жақсы білемін. Оны ғалым деп айтатындар: «түркі әлемін зерттеген, Тоныкөк, Білге қағанды білетін азамат» дейді. Айналайын-ау. Тоныкөк пен Білге қағанды жасаған Тоныкөк пен Білге қағанның өзі. Ал оны ғылымда ашқан Томсон деген шведтің ғалымы. Радлов деген орыстың еврейі. Ескерткіштің сөзін аударып, мағынасын ашты. Ал оның қазақы нұсқасын жасап, түркі әлеміндегі бүкіл келбетін ашқан Ә.Марғұлан, С.Аманжолов деген ғалымдар. Ал сонда Жолдасбеков не істеді дейсіз ғой, ол әлгі ғалымдардың еңбегін жинақтап, құрастырып кітап шығарғаны ма? Осыған бола оны қалай ғалым дейміз. Ғалым адам ғылымда жүреді. Олар ғылымда өнімді, адал қызмет етеді. Кешегі Сәтбаев сияқты басына іс түссе де академиядан кетпей.

Сондай-ақ осы жасы тоқсанға келсе де темір терсек десе жанын салады. Мұны қазақ «қатынның сөлкебайы» дейді. Баяғыда Николай патшаның темір-терсек, тиындарын тесіп сөлкебай, шашбау жасаған. Ал осы сөлкебайдың жолында бұл кісі өліп кетуге дайын. Сонда оған осынша темір-терсекті кім берді, әрине, Назарбаев. Әр бес жыл сайын Назарбаевтың қолынан орден алып отырған бір адам бар болса, осы шал.

Бір кездері осы кісі мәдениет саласын басқарды. Сонда Түркістанда дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізді. Сөйтіп, сырттан келген қандастарды сазға отырғызып, қара жерге қаратып кетті.

Негізі Назарбаевқа қатысты осындай сыңайдағы әңгімені бастап айтқан Амангелді Шабдарбаев болатын. Әбден қартайған шағында оның өзін де бір ой мазалаған шығар. Немесе жақындары, туыстары айтқан болар: «тым құрыса о дүниеге кетіп бара жатқанда бетіңді халыққа қарай бұр» деп. Енді, міне, Шабдарбаев, Жолдасбековтердің аузымен бірдеңені бықсытып айтып жатыр. Қайтсын енді, халыққа бетін бұрған түрі ғой. Шынын айтқанда, бұл дегеніңіз – бейшаралық. Ақталып деп те айтуға келмейді. Мысалы, сіз бір ну орманды, немесе егістікті өртеп күлге айналдырып жіберіп ештеңе болмағандай «байқамай қалдым» десеңіз, мұны ақталу дей аламыз ба, әрине, жоқ. Назарбаевтың істеп жатқаны да осының кебі. Ал Жолдасбековтікі тіпті сорақы. «Мені бұл кісі адастырды ғой дейді». Құдай-ау, адасатындай, оның сөзіне еріп, от басатындай, сен бала емессің ғой. Сол ортада, Назарбаевтың төңірегінде мен де жүрдім. Халық әртісі деген атақты сол кісінің қолынан алдым. Бірақ менің айтарым да, жолым да басқа болды.

Мырзатайдың бұл сөзінен қазіргі билікке жағынсам, жақсы атансам деген үміт те байқалады. Бірақ онысы сорлы үміт. Оның мұнысы терезе арасына қамалып қалған шыбынның жанталасы секілді әрекет. Халықтың мәдениетін, әдебиетін бойына сіңіріп өскен адамның істейтін ісі емес.