Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:22, 01 Желтоқсан 2020

Ерте некенің ертеңі күмәнді

None
None

Соңғы кездері әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толмағандардың отбасын құру мәселесі қызу талқылануда.

14-15 жастағы жасөспірімдердің неліктен ерте шаңырақ көтеруге құмар екенін арнайы мамандардан сұрап көрдік.

Статистиканы сөйлетсек, ерте жаста неке құрғандардың 90 пайызының болашағы жоқ екені, арты ажырасуға әкеп соғатынын көрсетеді. Ал «Отбасы институты» орталығының әлеуметтік зерттеу қорытындысына сәйкес, өткен жылы 984 қыз кәмелеттік жасқа толмай тұрмысқа шыққан. Ал ер балалардың саны 70-ті шамалаған екен. 2020 жылдың жарты жылдығында 15-18 жас аралығындағы 3398 қыз баланың жүктілігі тіркеліп, оның 552-сінің түсік жасатқаны анықталған.

Бұл туралы психолог Жайна Жұманиязова қыздардың ерте тұрмыс құруға асығуының себебі отбасындағы келеңсіздік пен жыныстық сауатсыздықтың төмендігінен екенін айтады.

«Ерте жастан үйленген жасөспірімдер махаббаттың не екенін толық түсініп үлгермейді. Тіпті, не екенін білмейді де. Олар көбіне уақытша жылулықты сезіммен шатыстырып алады. Отбасынан, ата-анасына еркелеп өспеген  қыз-жігіттер балалықтан ерте арылып, «есейдім», «бойжеттім» деген оймен бойына жетіспеген жылулықты сыртқа ортадан іздей бастайды. Қыз балалардың алданып қалуына да көп жағдайда осы себеп болады. Ана, әсіресе, қыз баламен жақын сөйлесуі керек. Өмірде жігітпен жүру, ерте тұрмыс құрудан басқа маңызды нәрселердің бар екенін түсіндіргені дұрыс. Баланың белгілі нәрсеге қызығушылығын ояту керек. Спортпен, бимен, сурет салу сынды үйірмелерге қатыстырған абзал. Белгілі бір дүниеге қызығушылығы бар жасөспірімдер соның шыңына жетуге талпынады. Ал мақсаты, белгілі бір қызығушылығы жоқ қыз-жігіттер үйленуден қызық іздейді. Олар «өмірдің қызығы бала» деп түсініп үйленіп жатқан жоқ. Себебі, өздері әлі бала ғой. Олардың бала тәрбиелеуде мүлдем тәжірибелері жоқ. Олардың өздерін тәрбиелу керек. Ата-аналар соңында амалсыздан той жасап беруге келісіп жатады. Бұл қателіктің алдын алу үшін баламен ерте жұмыс істегендері дұрыс», дейді психолог.

ҚР Конституциясының «Неке және отбасы» кодексінің 10-бабында көрсетілгендей, неке құру жасы 18-ден басталады. Ал қыз баланың аяғы ауыр немесе балалы болған жағдайда арыз беру бойынша АХАЖ бөлімі 16 жастан бастап ғана тіркей алады.

Осы тұста заңгер Мейрамбек Сапиевке хабарласып, ерте жаста шаңырақ көтергендерге қолданылатын жаза туралы білген едік.

Мейрамбек Сапиев: жасөспірімдердің ерте неке қиғаны үшін ата-анасы жазаланады.

«Заңда көрсетілген неке жасына толмай үйленген жасөспірімдерге ешқандай шара қолданылмайтын кездер болады. Неке қиюға рұқсат алу үшін  қыз-жігіт пен олардың қамқоршысы ретінде ата-анасы өтініш жазуы керек. Ал ерлі-зайыптылардың біреуі ғана неке жасына жетпеген болса, онда кәмелеттік жасқа толмаған жасөмпірімнің ата-анасынан жазбаша қолхат жазылуы керек. Егер, неке қиюға ниеттілердің біреуінің басқа некесі болған жағдайда, соттың заңдық күшіне енген шешімі бойынша психикалық ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі анықталған болса неке қиюға рұқсат етілмейді. Кәмелеттік жасқа толмай үйленгендерге бала туу, асырау, тәрбиелек, некені бұзу сынды құқық беріледі. Алайда несие рәсімдеу мен сайлауға қатысу міндеттерін ала алмайды. Егер кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланы жүкті қылып қойған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы бойынша жауапқа тартылады», дейді заңгер.

Елімізде жыл сайын кәмелетке толмай тұрмыс құрған қыздардың 5 пайыздан астамы өзінен 10 жас үлкен ер азаматпен шаңырақ көтереді екен. Тіпті, орта білімді еншілеп үлгермей, мектеп қабырғасындағы оқушылардың неке қию дерегі күн санап артып барады.

Осы ретте «жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы» жайлы гинеколог Сания Аймұратқызы былай деп пікір білдірді:

«Ерте жастан тұрмыс құру қыз балалар үшін өте зиян. Себебі, олардың организмі толық қалыптасып үлгермейді. Биологиялық режимнің бұзылуынан жасөспірімдердің денсаулықтары нашарлай түседі. Сондықтан «он үште отау иесі» деген сөзді өткеннің еншісіне қалдыруымыз керек. Балардың бақытты болашағы үшін жұмыс істегеніміз дұрыс. Қазақи дәстүріміз санайтын «қыз алып» қашу да тіпті, шариғат бойынша да тиым салынған. Сондықтан жастардың тағдырына сауатты қарап үйренейік. 14-15 жаста жыныстық қатынасқа түсу қыз баланың толық қалыптаспаған организіміне зиын. Ол 10-15жылдан кейін біліне бастайды. Сол сияқты, жатыры жетілмеген тұста бала көтеру және туу тым қауіпті. Олар әйелдік организмнен бөлек, қыз баланың аурушаң болуы мен ерте қартаюына да әкеп соғады. Отау құруға ең тиімді биологиялық жас 22-23 жас болып табылады», дейді гинеколог.

Ресми дерек бойынша, әлемде 12 млн адам кәмелеттік жасқа толмай неке құрады екен. Оның 4,4 млн-ы 15 жасқа жетпей отау құратын көрінеді. Осы  тұрғыда шетел тәжірибесіне шолу жүргізсек, көршілес Ресей Федерациясында неке құру жасын 21-ге ұзарту туралы мәселе талқыланған. Ал Швеция елінде кәмелеттік жасқа толмағандардың некелесуіне қандай жағдай болмасын, мүлдем рұқсат берілмейтін көрінеді. Елімізде жасөспірімдердің шаңырақ көтеруіне заң бойынша тиым салынғанымен, оның жеңілдіктері де қоса қарастырылған. Заңдық талаптың салмақтылығын сақтау үшін, қыздардың білім деңгейін арттырып, жасөспірімдерді кәмелетке толмай жыныстық қатынасқа түсідің зияндылығы жайлы толық ақпараттандыру қажет.

Тегтер: