Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:34, 04 Мамыр 2023

Ертегі қаланың ертеңі

None
None

Іргетасы да қаланбаған G4 City

2048 жылға дейін Алматы облысында, дәлірек айтсақ, Алматы мен Қонаев қалаларының ортасында ауданы 30 мың гектарды құрайтын G4 City экономикалық аймағы, яғни шағын өндірістік қала пайда болмақ.

Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан жоба биылғы жылдың аяғына дейін бекітілмек. Алматы қаласының демографиялық, экологиялық, коммуналдық мәселелері қордаланып, бүгінгі күні ушығып тұрғанын көріп отырмыз. Қаладағы бей-берекет құрылыс салдарынан коммуналдық жүйе мәселесі өз алдына, ауа сапасының нашарлауы, экологиялық жағдай мамандарды тіпті алаңдатып отыр. Дұрыс жоспарланбаған қала құрылысынан бүгінгі күні қаладағы кептеліс мәселесі де өзекті. Серіктес қала Алматыдай мегаполистің жүгін жеңілдетіп, қаланың демографиялық, транспорттық, экологиялық мәселелерін шешуге ықпал ете ме, әлде проблеманы одан ары күрделендіре түсе ме?!

          Елімізде қыруар қаржы бөлініп, соңында аяқсыз қалған жобалар жетерлік. G4 City экономикалық аймағы туралы 2006 жылдан бері айтылып келеді. Осы уақытқа дейін жобаның кон­цепциясы да, инвесторлары да сан рет өзгерген. Тіпті 2008-2019 жылдар аралығында осы жобаның жоспарын сызуға, қолға алынуына деп бастапқы 37 млрд теңгеге жуық қаражат та бөлінген. Алайда әлі күнге қала түгілі оның іргесі де қаланбаған. Жаңа қала салу, мега­по­лиспен жалғастыратын жол, теміржол арқылы байланыс­тыру, инженерлік желі тарту, жаңа үйлер, ғимараттар салу үлкен шы­ғын­ды талап ететіні сөзсіз. Ендеше, мұндай ірі жобаларға бөлінетін қаржы да қомақты болмақ. Оның үстіне осыған дейін елімізде ірі мемлекеттік бағдарлама, талай ұлттық жобалардың соңы аяқсыз қалып, шенеуніктердің сотталуымен біткенін ескерсек, қала салу ісі де құр ауаға ақша шашу болып қалмай ма деген күдік зор. Жоғарыдағы 37 млрд теңгеге көзге көрінерлік ештеңе жасалмауы көңілдегі күдікті еселей түседі.

G4 City экологиялық ахуалды одан сайын қиындатады

Жоспарға үңілсек, Алматының Солтүстік айналма жолынан бастап Қонаевқа дейін қала салынады. Алматыдан Қонаевқа дейінгі қашықтық – 65 шақырым. G4 City-дің жалпы құрылыс алаңы 111,800 гектар жерді құрайды. Мұндағы басты мақсат – Алматы мен Қонаев арасындағы аумақты қамту. Жобада оның құрылысы шамамен 2050 жылға дейін жүргізіледі деп көзделген. Болашақта мұнда екі миллион адам тұрады деп жоспарланып отырған көрінеді. Ал енді шындығына келетін болсақ, Қонаевтың да Алматының да мәселесі жетерлік. Қонаевқа демалуға келушілер көп болғанымен, жағдай жасалмаған. Ал Алматы қаласындағы ауа сапасының ластануын анықтау үшін арнайы құрыл­ғының да қажеті жоқ. Төбесінен қарасаң қысы-жазы түтіннен көз ашпайтын қалада тауды тек жаңбырдан кейін ғана анық көруге болады. Қала эколо­гия­сының әбден нашарлауы­нан халықтың денсаулығы сыр беріп, тыныс-өкпе жолда­ры кесел­дерінің көрсеткіші артып тұр. Алматы әлемдегі экологиясы нашар 100 қа­ла­ның ішінде 5-орынға жайғасқан. Қала халқының денсаулығы алаңдатарлық жағдайда. Әйтсе де мәселені шешуге тырысқан үкімет байқалмайды. Былтыр «Қазгидромет» Алматыда ластаушы заттардың шекті рұқсат етіл­ген концентрациясынан 367 есе көп екенін анықтаған. Мамандарды алаңдатқан ол көрсеткіш те тиісті орындар назарынан тыс қалған. Ал енді осынша мәселесі бар қаланың жағдайына алаңдамастан, қасына топырлатып, тағы қала көтеру ақылға сыймайды. Мегаполис халқының денсаулығына бас ауыртпағандар – оның қасынан тағы екі миллиондық тұрғыны бар қала салуға ынталы.

Дәл қазір Алматы қаласына күнделікті 700 мың авто­көлік кіріп шығатынын есепке алсақ, шаһарға кіре­тін әр автокөлік төрт адамнан алып келгенде, қаланың өз тұрғындарынан басқа тәулігіне 1,5-2 млн-ға жуық адам кіріп-шығады екен. Бұл қаланың инфрақұрылымы мен еңбек нарығы үшін айтарлықтай салмақ. Егер осы салмақты жеңілдете алса, әрине, Алматыға серіктес қала керектей сезіледі. Алайда кеткен шығынды ақтайтындай жоба бола ала ма?! Алматының жоғарыдағы мәселесін шешуге ықпал ете ме? Мәселе – осыда. Онсыз да өкпесі қысылып, ауасының ластануынан қауіпті қалаға айналып отырған Алматының мәселесін одан сайын ушықтырып, экологиялық жағдайын ушықтырмасына кім кепіл?! Өйткені G4 City даму тұжырымдамасына сәйкес интеграцияланған қала төрт ауданнан тұратын болады: Gate City – іскерлік және қаржылық орталық, Golden District – білім беру және медициналық хабы, Growing District – инновациялық-индустриялық және сауда-логистикалық аймақ, Green District – туристік кластер. Бұл қалаларда шамамен 2,2 миллион адам тұрады деп болжанып отыр. Мамандар дәл қазір одан сайын өкпесі қысылып, ауасы ластанған Алматының экологиялық жағдайын аталмыш жоба одан сайын кері кетіре ме деп алаңдап отыр. 

Жобаның транспорттық тиімділігі күмән тудырады

Архитектор Аман Тұрсынов:

«2048 жылға дейін шамамен 3,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тартып, құны 17 триллион теңгеден аса қызметтер мен тауарлар өндіру, сондай-ақ 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Өте үлкен ірі жоба. Егер өз дәрежесінде атқармасақ, жоба өзін-өзі ақтамайды. Мәселен, Алматы мен Қонаев қалалары арасында электр пойызы жүргенімен, оның жылдамдығы мен тиім­ділігі күмән тудырады. Көлікпен 30-40 минутта жететін жерге екі сағатта келетін пойыз өзін-өзі ақтайды дей алмаймыз. Қазірдің өзінде екі қала арасын байланыстыратын көлік түрі мынау. Ал ертең бұл түрімізбен жаңа қалаға адам тарта аламыз ба? Халық бармаса, ол қаланы қалай көркейтеміз?! Тұрғындар баруы үшін ең алдымен оларға жағдай жасау керек. Рас, ірі шаһарлар ретсіз созылып, кеңейіп, тұрғын­дар саны геометриялық прогрес­сиямен өсе бермеуі үшін өндіріс орындарын алыстау жерге көшіру керек. Яғни жұмыс орындарын іздеген қала халқының біраз бөлігі сонда қоныстанады. Ірі қала біраз «жеңілденіп» қалады. Дегенмен компаниялар өз өкілдіктерін, за­уыттарын қала сыртына көшіруге келісу үшін оларға жағдай жасау қажет. Се­ріктес қала мегаполистен тым ұзақ болмауы шарт. Әрі жұрт оңай жету үшін автомобиль, темір­жол­дармен байланысуы қажет. Одан кейін жылу, жарық, телефон, интернет байланысы сынды ин­женерлік желілер тартылуы тиіс. Тұр­ғындарға ыңғайлы үйлер, ғи­мараттар, мектеп, емхана, бал­а­бақ­ша сынды инфрақұрылым да маңызды», –дейді.

Жалпы бұл бастама әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар нәрсе. Еуропада мега­пол­ис­тер­дің маңынан се­­­ріктес қала­лар­ды салып, өндіріс орындарының жар­тысын сонда көшіріп, олардың соңынан тұр­ғын­дардың белгілі бір бө­лігін қо­ныс­тандырып келеді. Соның арқасында үлкен қалалар пайда болып, өзін ақтаған жоба да, кейбір үмітті ақтамағандары да болды. Мәселен, Мәскеу халқының саны күрт өскен соң серіктес қала қажет болып, 1960 жылдары Зеленоград салынды. Бүгінде Зеленоградта 237 мың адам тұрады. Сол секілді кезінде Испания астанасы Мад­ридтің маңында 7 серіктес қала салуды көздеген. Алайда Мадридтен 22 шақырым қашықтықта жайғасқан Трес-Кантос қана қалаға айнала алған. Яғни өндірістік қалаға айналдыру үшін үлкен күш керек. Сондықтан біздің жағдайымызда жаңадан тұрғызғаннан гөрі, бұрыннан бар Алматының айналасындағы қалаларға көңіл бөлу дұрысырақ болар ма еді деген де күмән бар.

Қаржы, шаруашылық және Алматының ескі экологиялық проблемасы

Біз арнайы хабарласып, бірнеше маманның пікірін сұрадық. Бұл серіктес қаланың жобасы асығыс жасалғанын, өзін-өзі ақтаудан бөлек, онсыз да тұншығып тұрған Алматы қаласының ауасын ластай түсетінін, одан бөлек, бұл серіктес қаланың ауыл шаруашылығына, қалаберді ауылдарды дамыту мәселесіне әсері қандай болатыны зерттелмеген дейді.

Арман Хайруллин, эколог:

— Кез келген техногендік жағдай табиғатқа үлкен әсерін тигізеді. Алматы қаласын тау қоршап тұрғандықтан, ауа массаларының жылжуы қиындық туғызады. Алматы қаласынан алшақ орналасады дегенімізбен бұл жерде желдің қозғалысы ескерілмей отыр. Мәселен, Қонаев жақтан жел тұрса, өндірістік қаланың ауада жиналған барлық зиянды заттарын Алматы қаласына қарай айдайтын болса, қала халқы тіпті тұншығады. Онсыз да қазір тостағанның ішінде тұрғандай, қаланың ауа ластану көрсеткіші жоғары, бір жағынан Қаскелең, екінші жағынан Талғар қысып тұр. Енді Қонаев бағытынан тағы шағын қалалар салып тастасақ, шешілуі қиын үлкен экологиялық мәселеге тап боламыз. Алматының жүрегін қысып, серіктес қала салмас бұрын мегаполистің ескі экологиялық мәселелеріне көңіл бөлуіміз керек.

Әбді Қиялбаев, техника ғылымының докторы, профессор:

— Алматы мен Қонаевтың арасындағы жер егіншілік пен мал шаруашылығына өте қолайлы жер. Ал енді сол жерлерді коммуникацияға айналдырып, жол салып, үй салып, ғимараттар салып, бүлдірейін деп отырмыз. Жұмыс көздерін ашқан соң, Алматы қаласының тұрғындарынан бұрын өндірістік қалаларға ауыл халқы шұбырады. Мұндай жағдайда, біріншіден, ауылдарымыз қаңырап бос қалады. Екіншіден, құнарлы егін салып, мал жаятын жерді құртамыз. Дәл қазір бізге мал шаруашылығын дамытып, ірі мегаполистерден гөрі ауылдарға көңіл бөлуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге қарасақ мегаполиске жанастыра салған қалалар жақсы дамыған, ал енді 77 шақырым қашықтағы Қапшағайға жұмыс үшін кім барады? Алматы халқы бармайды. Сосын ауыл халқы шұбыратыны айтпаса да түсінікті. Бұл қала қаржылық және халықаралық көлік-логистикалық орталыққа айналады деген мақсаты да күмән­ділеу. Банктер мен биржалық орталықтар Алматының өзінде орналасқан. Олар Қапшағай жаққа көшеді дегенге сенім аз. Олар келмесе, қалашық қалай қаржы орталығы болуы мүмкін? Кеңес Одағы кезінен бастап қолға алынған метроның әлі күнге 8-9 бекеті ғана іске қосылды. Ал енді төрт бірдей қалашық салып, оны игеріп үлгеруге шамамыз жетпейді. Одан гөрі Алматыны «үлкеееен ауылға» айналдырған қателігімізді түзеп, мегаполис халқына жағдай жасауды ойлайық, экологиялық мәселесін шешейік.

Тегтер: